Еліміз тәуелсіздік алғаннан бері Маңғыстау облысының білім саласында бірқатар жоба кезең-кезеңмен сәтті іске асырылып, оң бағыттағы елеулі өзгерістерге қол жеткізілді. Өңірде 218 балабақша, 101 мектеп, 17 колледж ашылды.
30 жылда облыс халқының саны екі есе өсті. Халық санының өсуі білім беру мекемелері мен балабақшаларға, медицина мекемелеріне үлкен сұраныс тудырды. Мәселен, облыста мектепке дейінгі білім беру мекемесінің саны үш есеге артты. 1991 жылы өңірде 113 балабақша жұмыс істесе, биыл олардың саны 331-ге жетті. Бүгінде өңірде 3 пен 6 жас арасындағы балалар балабақшамен толықтай қамтылған. Ал 1990-жылдары облыста 86 мектеп жұмыс істесе, бүгінде білім нысандарының саны екі есе артып, жаңадан 171 мектеп ашылды. Жақында қабылданған Маңғыстау облысын дамыту кешенді жоспары аясында алдағы бес жылда 35 білім беру нысаны салынады. Жаңа оқу жылында өңірде бірқатар заманауи жабдықталған екі мемлекеттік, бес жекеменшік мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар биыл балалардың уақыттарын тиімді пайдалануы үшін мемлекет есебінен жекеменшік спорттық секциялар мен шығармашылық үйірмелеріне тегін қатысуы қарастырылып отыр.
1991 жылмен салыстырғанда кәсіптік және техникалық білім беру жүйесінде де оң өзгерістер бар. 1991 жылы облыста 10 колледж болса, тәуелсіздік жылдары оның саны үш есе артып, бүгінде 27-ге жетті. Мемлекеттік тапсырыс бойынша білім алатын студенттер саны да үш есе көбейген. Өңірдің даму қажеттілігіне орай туризм, ақпараттық технологиялар, халыққа қызмет көрсету салаларында еңбек ететін бірнеше жаңа мамандықтар ашылды. Бүгінде сол мамандықты игерген мамандар экономиканың түрлі саласында табысты еңбек етіп, елдің дамуына өз үлесін қосып жатыр. Білім беру нысандарының көбеюіне мемлекеттік-жекеменшіктік институттың дамуы мен бизнес сектор инвестициясының ықпалы зор.
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарымен салыстырғанда өңірдегі мемлекеттік тілде оқытатын мектептер саны 3,5 есеге артты. Бүгінде барлық оқушының 77 пайызы мемлекеттік тілде білім алады. Сонымен қатар соңғы үш жылда «Алтын белгі» иегерлері 30 пайызға, үздік аттестат иегерлері 40 пайызға көбейді. Өңірге қажетті мамандар даярлау мақсатында 2018 жылдан бері 25 мамандық түрі бойынша 485 студентке, 40 магистрантқа облыс әкімінің оқу гранты берілді. Негізінен денсаулық сақтау, білім беру және ауыл шаруашылығы мамандықтарына басымдық беріліп отыр. Аталған оқу грантының саны жыл сайын артып келеді, – деді Маңғыстау облыстық Білім басқармасының басшысы Светлана Төлебаева.
Мәдина ЖӘЛЕЛҚЫЗЫ,
Маңғыстау облысы