Қош бол, қоңыр сиырым!
Қош бол, қоңыр сиырым!
807
оқылды
Кеш қараңғысында сиырымды мойнынан құшақтап тұрмын. Арқасынан құшақтайтындай, қолдарым ұзын емес қой. «Қош, сиыр жылы сатып алған, сиырым! Қош, қош, сиыр жылы! Ертең Барыс келеді, сонда: «Привет, как дела?» –деп қарсы алмаймыз, орысшалап. Онсыз да, ми­нистрлер мен орынбасарлары қазақшаға қақалып, мәжілісте мыңғырлап, сөйлей де алмайды!  Хош кеддің, Барыс жылы!» – деймін ғой.. Бір түрлі жылағым келді, «Неге ауыр жыл бол­дың?» деп, сиырымнан сұрағым келді. Жоға, ауыр жыл болған жоқ, әйелімнің аяғы ауыр болып, Кенжебек деген балам дүниеге келгенін айтамын да. Сиыр жылы бәрі қырылып қалды. Үйдегі тарақандарды айтамын да, Бір улағаннан жоқ болды. «О, сиыр жылы сатып алған сиырым! Қош! Сен ауылдың құрметті сиырысың. Саған шапан жауып, бір теуіп шығарып салу керек.» –деп одан сайын қатты қысып құшақтап, мүйізінен сүйдім. Кермек дәм шықты. Атаңа нәлет қара қарға саңғытып кеткен екен. – Әй, неге сиыр құшақтап, жылап тұрсың?–деп сұрады әйелім. Селк ете қалдым. – Сиырды сатамын. Қоштасып жатырмын. – Үйбай, неге? – Сиыр жылы аяқталды. – Немене, барыс жылы барыс сатып алып сауамыз ба? Шошқа жылы шошқа сатып алған жоқпыз. Тышқан жылы тышқан асырайық. Әйелімнің сөзін тыңдайын ба, кеудесінен итеріп жіберіп, ауыл әкімінің үйіне келдім. Дарбазасы ашық екен, сиырымды жетектеп, есігі алдына келгенімде,  күшігі шәуілдеп, әкім мен әйелі шықты. – Не болды? – деп сұрады әкім. Түрін трактор таптап кеткендей. – Сиыр жылы аяқталды. Ертең ауыл белсен­ділерін жинап, сиырлар атынан сиырыма «Ауыл­дың құрметті сиыры» атағын беріп, арқа­сына шапан жабайық. Сосын, сиырымды сатып ал, сиыр іздеп жүр екенсің ғой? – Жоғал! Сенен сиыр сұраған жоқпын! – Сиырым сүтті, бір емшегінен сүт, екін­шісінен айран, үшіншісінен қаймақ, төртін­шісінен «коко-кола» сауылады. – Сен мені мазақтап тұрсың ба? Ақсақ сиырыңды алып кет! – Сенің жайылымыңа түскен екен, жігіттерің аяғын сындырыпты. Сосын, протез салдырдым. – Сенімен кластас болғаныма өкінемін. – Ия, кластасым, ауыл әкімі болу үшін аудан әкіміне қанша ақша бердің? Оның көздері атыздай болып кетті. Дарбаза жаққа қарай берді. Мойнымды бұрып қарасам... Ия, қарасам, тістері ақсиып, қар барысы кіріп келе жатыр! Таудан түскен болуы керек!  Жаным жаяулатып, қашып кеткендей болды. Дереу, жүгіріп барып, әкімнің әйелін құшақтай алдым. Әкім мені құшақтады. – Хо-хош келдің, Барыс жылы! –деппін мен,– мына кластас әкімді шайнап тасташы! Нағыз жемқор! Әлде, астанаға барасың ба? Жемқор министрлер, қазақшаны менсінбейтін шенеуніктер, ана тілінде ант бере алмайтын депутаттар... Барыс тоқтап қалды. Көздері неткен ызғарлы еді. – Әй, менің әйелімді неге құшақтап тұрсың? – деп сұрады әкім. – Құшақтай берсінші,–деп қалды әйелі. Бір кезде әкім мені алға қарай итеріп жіберіп, өздері үйлеріне кіріп кетті. Барысқа қорыққанымнан: «Барыс жылы елімізге ән, жерімізге дән әкел­сін!» – дедім. Ол маған ұмтылды. Ышқырымды бір қасып алып, тұра қаштым. Қораға кіріп, шөптің арасына сүңгідім. Бетімді бірдеңе жалады. Барыс екен десем, өзімнің сиырым! «Хош келдің, барыс жылы!» деп шөп арасынан шығып, әкімнің моншасына кіріп кеттім. Өтірік шомылған болып, курткамды сабындап қоямын. Есік сықырлай ашылып, барыс кіріп келе жатыр! Жалмауызға да жан керек, оның үстінен аттай қаштым. Бағанаға соғылып, серейп құладым. Бір кезде, көзімді сығырайтып ашсам, бірдеңе басымды иіскейді. Қарасам, барыс! «Төрлет, қасиетіңнен айналайын, барысым! Барыс жылы берекелі, дұшпандарымыз келекелі болсын!» деп қоямын. Содан, еңбектей қашып, одан тұра қашып, қатты сасып, үйіме қарай зымырадым. Әйелім алдымнан шықты. – Қатын, ба-барыс жылы келе жатыр! –дедім мен. Оны соғып кетіп, үйге кірдім. «Құдайым–ай, менде несі бар? Есектің миындай миы жоқ базбір әкімдерді, әкесінің лауазымы арқасында билікте отырған щөп желкелерді, парақорларды қуаламай ма?» деймін ішімнен. Бір кезде барыс үйге кріп келді. Тырқылдап күледі дейсің! Аң да күледі екен-ау? Сөйтсем, өзімнің құрдас көршім! Барыстың  жасанды терісін киіп алыпты! Сыдырмасын сырып, шешініп жатыр! Әйелім айтады: «Әкімді ұрып, барыс жылы сотталып кетеді ме деп қорқып, өтінген едім» дейді. Құдайым–ай, қуанғаным–ай! Құрдасымды құшақтап: –Төрге шық, Барысым! Хош келдің, барыс жылы!»-дедім. Барыс жылы берекелі болсын, мерекелі болсын! Ура!

Мұхтар ШЕРІМ