Бүгінде, шыны керек, жастардың дені әнші болғысы, өмірде асып‒толғысы, керек болса, айға ұшып, жұлдыздарға қонғысы келеді. Тас лақтырсаң, әншінің маңдайына сарт ете қалады. Көңілдері көкте, қолдарында микрофон, дауысы бар ма, жоқ па, оған қарамайды, халықты жинап, қалталарын қағып алса болды. Ақша табудың ең оңай жолы‒әнші болу!
Бір күні Шолпан Айтбаева құрбысы Света Иманбаеваға сырын айтты, сырын емес, жырын айтты.
‒Света, шынымды айтсам, әнші болғым келеді. Даусым бар ғой, ә?
‒Сен ән айта бастағаннан, халық қашып кететін шығар?
‒Қойшы, әлеуметтік желі арқылы Алматылық Арсен деген жігітпен таныстым. Продюссерлік орталықтың директоры екен. Дауысым жоқ болса да, компьютер арқылы созып, әрлеп беремін деді. Әншілердің бәрі керемет жұлдыздар дейсің бе? Бәрі фонограммамен айтады. Сахнада аузын жыбырлатып тұрады әшейін.
‒Ия, ол рас, менің мамам әкеме фонаграммамен ұрсады. Қарғыстарын күні бұрын ұялы телефонына жазып, әкемнің құлағына тосады.
‒Келешекте қорадағы қойлар да, фонограммамен маңырайтын шығар?
Қос құрбы рахаттанып, күлісіп алды. Жетісай қаласының шеткі ауылында тұратын Шолпан құрбысы кеткен соң, шешесн айналдыра бастады.
‒Анашым, түсіме Майкл Джексон кірді.
‒Ол кімнің баласы еді?
‒Майкл.. Баяғыда өліп қалған. Атақты шетел жұлдызы еді.
‒Е, ол не дейді?‒деп сұрады анасы сиыр сауып жатып.
‒Атақты әнші боласың деді.
‒Қызым, одан да байға тиіп, бала сүйсеңші. Сенен әнші шқпайды, сенен өсекші шығады.
‒Туу, анашым. Алматыға кетемін. Құрбым екеуміз. Жинап жүрген ақшаңнан екі жүз мың берсең болды.
‒Әкең тірі болғанда, көресіні көрер едің. Қамшысымен сабағанда, тірідей өлер едің.
‒Жібершіііі...
‒Өй ,сен ән айта алмайсың ғой?
‒Неге, далада ыңылдап жүрем ғой.
‒Қане, ән айтшы?
‒Айтайын ба? Хім...
Мен келемін, көше бойын аралай,
Көшедегі, бір топ жігіт қарамай.
Шәріп шықты, көлік кілті қолында,
Қыздар біткен, соның ғана жолында!
Шәріп шықты,
Шәріп шықты, ча‒ча‒ча!
‒Ей, ча‒ча, ча! Мұндай көше әнімен алысқа бара алмайсың. Бар, кір жу, кешке дейін ойланайын.
Шолпан анасын құшақтап, бетінен сүйіп алды. Ертеңіне автобуспен құрбысы екеуі Алматыға тартты.
‒Қандай жігіт?‒деп сұрады құрбысы Света.
‒Нанға жаққан майдай жігіт.
‒Оны қайдан білесің? Көрген де жоқсың?
‒Суретін көрдім. СМС‒пен хат жазысып тұрдық.
‒Сен оны ұнатып қалған жоқсың ба?
‒Он пайыздай махаббат бар...
Құрбылар Алматыға түскен соң, Арсенге телефон соқты. Арсен де көп күттірген жоқ, қыздарды кафеде тамақтандырып, бүгін студисын құрылысшылар жөндеп жатқанын, әзірше өзінің жалдамалы пәтеріне барып, сонда түнеп шығуларын өтінді. Алматы апасының ауылы емес. Үлкен қала. Қыздар амал жоқ, келісім берді. Пәтерге келген соң, тағы бір жігіт пайда болды. Арсеннің досы екен. Сонымен, түннің бір уағына дейін би билеп, болашақ «жұлдыздар» масайрап қалды. Қызыл шарапқа. Шолпан түннің бір уағында шошып оянды. Түсінде Майкл Джексон «Сенен әнші шықпайды!» деп мұны тепкілеп жатыр екен. Қараса, қасында Арсен жатыр... Абыройының айрандай төгілгенін сезген ол шыңғырып жіберді. Бірақ, кеш еді, жігіттер қыздардың бар ақшаларын сыпырып алып, тайып тұрды. Енді міне, ауылға қайтуға бет жоқ, полицияға хабар беруге жүрексінген олар Арсеннің «шу шығарсаңдар, тірі қалмайсыңдар!» деген сөзін еске алып, еңіреп отырды.
Бір жарым жылдан кейін Шолпан амал жоқ, томпиған қара домалақ баласын жетектеп, ауылына қайтты. Құрбысы жеңіл жүрісті қыздар тобына ілесті.
‒Ойбай‒ау, мынау кімнің баласы‒деп сұрады анасы.
‒Продюссердің...
‒Пордюсеріңнен айналайын, немеремнен айналайын, ‒деді түкке түсінбеген анасы. Көрдіңіз бе, әнші болу да оңай емес сияқты... Киелі сахнаны сыйлаңдар, қыздар!