Бопсалағыш командир
Бопсалағыш командир
713
оқылды
Рота командирін  сарбаздар көрсе болды, қорық­қандарынан буындары босап, қылтанақтай төбе шашатары тік тұрып, қайтадан жалп ете қалып, көздері алақандай болады. Рота командирі айдаһар емес, бөжи емес, шап­қылап жүрген шайтан да емес. Кәдімгі адам. Бірақ, сарбаздардың зәре‒иманы қалмайды. Неге? Шынында неге? Әне, командир келе жатыр! Сапқа тұрған сарбаздар қақиды да қалды. Тік түрыңдар! ‒деді ол. Былқ‒сылқ тұрыңдар! ‒деді тағы да. «Еркін тұрың­дар» дегені ғой. Сүлейменов! Мен! Кредит аласың ба? Алам! Сосын? Сіздің қалтаңызға салам! Осы саған таң қалам! Неге, жолдас командир? Құпия сөйле дегенім қайда? ‒Қатардағы сарбаз Оңдасынұлы? Ия? Я! Я емес, мен де! Я, мен! Неге жыламсырап тұрсың? Қоштасып жатырмын. Кіммен? ‒деп сұрады рота командирі. Айлығыммен. Неге соша жадный едің? Айлығыңды маған бе­ресің. Әлден ақша құмар болма. Ақша ардан тай­дырады. Ақшаны ойлама, арды ойла. Әкел бері. Жартысын берсем бола ма? Жартысын жарыместер береді. Міне, біздің кейбір командирлердің сиқы осындай. Әрине, қорқытқыш командирдің іс‒әрекетіне таң қалмасқа болмайды. Қарамағындағыларды қуырдақтай қуырып, сөз қылышын суырып, сарбаздардың сағын сындырып, қызметтік лауазымын асыра пайдаланып, білгенін істеді.  Білгенін істеймін деп жүріп, бармағын тістеді. Әйнекбаев, картаңды әкел! Менде жоқ. Өтірік айтып тұрсың. Жоқ. Көзіңнен көріп тұрмын, өтірік айтып тұрсың. Сенде «Каспий голд» бар ма? Ондайды білмейді екенмін. Жаның шықсын! Менде  жан жоқ. Қатардағы жауынгер Әйнекбаев, маған бағынбасаң, жағдайыңның не боларын білесің бе? Тік тұр! Ертең­нен бастап банк картасын жасатып әкел! Құп болады! Мұндай супер командир әлемде жоқ шығар? Оны басшылары қай қасиетіне бола рота командирі етіп тағайындады екен? Сарбаздарына әлімжеттік жасап, қорқытып, ‒үркітіп, банк карталарын тартып алып, екі миллионнан аса ақша жасап, ол ақшаны букмерлік кеңседе бәс тігіп, ұтылып қалған офицерге ду қол шапалақтап қойыңыздар! Семей гарнизонының Аягөз бөлімінің рота командирі  он жеті сарбаздың айлығын алған. Онымен қоймай, Каспий банк мобильдік  қосымшасы арқылы сарбаздардың атынан несие алып келген.Неткен пысық еді? Енді сол пысықтығы арқа­сында  үш жылға түрмеге тоғытылды! Зектердің айлы­ғын алып жүрмесе еді...

Лара ӘБДІҚЫЗЫ