Тұрлыханов турнирі
Тұрлыханов турнирі
320
оқылды
Көкпекті ауданында даңқты балуан, қоғам қайраткері, екі бірдей Олимпиада жүлдегері, КСРО-ның 7 дүркін чемпионы Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесіне грек-рим күресінен 2010-2012 жылдары дүниеге келген жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті. Аудан орталығы – Көкпекті ауылында жаңадан салынған Дене­шынықтыру-сауықтыру кешенінде жалауын көтерген жарыстың өткі­зілуіне мұрындық болған – Көкпекті аудандық №1 балалар және жас­өспірімдер спорт мектебінің директоры Аслан Танысбаев. Еуропа чем­­пионы, әлем чемпионы, Азия­ның екі дүркін чемпионы, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері, «Құр­мет», «Парасат» ордендері ие­гері­нің жүлдесін сарапқа салған дүбірлі додаға Шығыс Қазақстанның Өскемен, Семей қалаларының, Үр­жар, Аягөз, Жарма, Тарбағатай, Көк­пекті аудандарының балғын балуан­дары қатысып, боз кілемдегі шеберліктерін паш етті. Спорттық шараға бокстан ұлттық құраманың бас жаттықтырушысы Қайрат Сәтжанов, грек-рим күресі­нен КСРО спорт шебері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайыртай Оразалинов, Шығыс Қазақстан облысы грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының төрағасы Марат Мұзапаров пен аудан спорты­ның ардагерлері құрметті қонақ ретінде қатысты. Жарыстың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Көкпекті ауданының әкімі Раджан Сейітқанов мұндай сайыстардың тәрбиелік мәні зор екенін, жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға баулитынын атап өтті. «Ұлтымыздың біртуар аза­маты, даңқты балуан Дәулет Тұр­лыхановтың есімін ұлықтап, еңбегін бағалау жолында бүгінгі іс-шараның маңызы зор. Дәулет Болатұлы даңқ­ты балуан ғана емес, халқымыздың ыстық ықыласына бөленген қайраткер тұлға. Саналы өмірін еліне қызмет етуге арнап, туған өлкесін өркендетуге өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген ел ағасы, жастардың үлгі тұтары, арқа сүйері. Болашақта бұл жарыстың дәстүрлі жалғасын тауып, ал оның бүгінгі қатысушылары арасынан Дәулет ағамыз сияқты даңқты жолын жалғастыратын спортшылар шығарына сенемін. Алдағы уақытта осы турнир қатысушылары еліміздің көк байрағын Олимпиада ойындарында жоғары көтеретініне сенім білдіре отырып, бүгінгі жарыста барлығына сәттілік тілеймін», – деді аудан басшысы. Екі күнге созылған боз кілемдегі белдесулер өте тартысты өтті. Ба­луан­дардың әрқайсысы өз аудан­дары­ның намысын абыроймен қорғап, жақсы нәтиже көрсету үшін бар күш-жігерін салды. Ашық біріншілік болғандықтан бұл сайыста ұзын саны 180 жасөспірім 11 салмақ дәрежесі бойынша өзара сынға түсті. Жарыс қорытындысында 44-і жүлдегер атанып, марапатқа ие болды. Көкпекті ауданында алғаш рет өткізілсе де, жоғары деңгейде ұйым­дастырылған жарысқа көрермендер ризашылықтарын жеткізді. Халық көңілінен шыққан шара туралы құрметті қонақтар да пікір білдірді. «Семей қаласы құрамасының аға жаттықтырушысы ретінде турнирге 40-тан астам жас балуанды алып келдік. Еліміздің мақтанышы, жастардың бой түзейтін темірқазығы Дәулет Тұрлыханов есімі Көкпекті ауданында ұлықталып жатқаны қуантады. Жастар үлгі алатын, ісіне қарап сондай болуға талпынатын аза­маттарды насихаттау керек. Қажы­мұқан Мұңайтпасов, Жақсы­лық Үшкемпіров, Дәулет Тұрлыханов  есімдерін құлағына құйып өскен ұрпақ елжанды болып өседі» дейді Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қайыртай Оразалинов. Балғын балуандар бәсекесін жоғары деңгейде ұйымдастырған Аслан Балабекұлы Шығыс Қазақстан облысы грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясы төраға­сының Алғыс хатымен марапатталды.

А.ӘБІЛ, Шығыс Қазақстан облысы