Президент ауысады, бірақ Тәуелсіздік мәңгілік болуы керек – Назарбаев
Президент ауысады, бірақ Тәуелсіздік мәңгілік болуы керек – Назарбаев
Фото: kaztag.kz
313
оқылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарық көрді. Бұл туралы elbasy.kz хабарлады.

Елбасы мақаласында қазақ елінің Тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктеріне тоқталды. Қоғамдық-саяси өзгерістерді де тілге тиек етті. «Осыдан екі жарым жыл бұрын елімізде президенттік билік ауысты. Маған: «Ата заңымызда Сізге ешқандай шектеу жоқ. Соңғы сайлауда халықтың 98%-ына жуығының қолдауына ие болдыңыз. Қызметіңізді атқара беріңіз», – деушілер аз болған жоқ. Бірақ әр нәрсе өз ретімен болуы керек. Отыз жылға жуық ел басқарған кезімде мен жаныма қаншама азаматты серік етіп, көптеген шәкірт тәрбиеледім. Солардың ішінде Үкімет басқарған, Біріккен Ұлттар Ұйымы бас хатшысының орынбасары ретінде жаһандық саясатқа жетіктігін танытқан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап қасымнан табылған нағыз патриот, жоғары білікті кәсіпқой тұлға Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты Президенттік қызметке ұсындым. Сайлауда халықтың басым көпшілігі оны қолдады. Осылайша, біз халқымыздың ауызбірлігін, саясаттағы сабақтастығымызды күллі әлем қоғамдастығына тағы бір қырынан таныта білдік.

Халықтан кім асырып айтқан?! «Диірменнің тасындай дөңгеленген дүние» бір орнында тұрмайтыны белгілі. Президент ауысады, бірақ Тәуелсіздік мәңгілік болуы керек. Әр қазақстандық алдағы уақытта оның тұғырын нықтап, еңсесін тіктеп, абыройын асыруға қызмет етуге тиіс. «Мәңгілік ел» идеясының түпкі мақсаты осында. Ең бастысы – еліміз аман, ұрпағымыз азат. Біз алақанға салып өсірген сол азат ұрпақ ендігі жерде «Мен Қазақстаныма не беремін?» дегенді ойлауы керек.

Біз өзіміздің толағай табыстарымыз арқылы тәуелсіздікке сенбегендерді иландырдық, көнбегендерді қатарымызға тарттық, әлем мойындаған абыройлы мемлекетке айналдық.

Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін, – деп жазды Елбасы.