– Баршаңызды Тұңғыш Президент күні- мен Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы мерекесімен тұстас келген, ауыл тіршілігіне тың тыныс берер, халықтың тұрмыс сапасының артуына септігі мол серпінді жобаның бірі – Тұран ауылдық округінің көгілдір отынға қосылуымен шын жүректен құттықтаймын. Жыл сайын халықтың сұранысын қанағаттандыру мақсатында аудан тұрғындарының жайлы тұрмыс кешуіне ең қажетті ауызсу, газ тарту, жол салу секілді мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Біз аудан орталығына жақын елді мекендерді көгілдір отынмен қамтамасыз ету арқылы халықтың тұрмыс жағдайын ғана емес, аудандағы өндірістің өрге басуына, кәсіптің одан әрі кең қанат жаюына мүмкіндік аламыз. Бүгін Тұран ауылдық округінің тұрғындары көгілдір отынға қол жеткізіп отыр. Құрылыс жұмыстарын жүргізген бас мердігер компания «Строй Газ Компани» мекемесіне және құрылысшыларға барша ауыл тұрғындарының атынан және өз атымнан алғысымды айтамын, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.Алау оты жағылған қуанышты мерекеде ауыл ақсақалы Әбітхан Мизамбаев ақ батасын беріп, тұрғындарды мерекемен құттықтады. Жоба бойынша жоғары қысымды газ құбырының ұзындығы – 3,2 шақырым, төменгі қысымды газ құбырының ұзындығы – 30,24 шақырым. Сәйкесінше, ауылға 2 шкафты газ реттегіш пункті орнатылған. Қазір Шиелі кенті мен Байтерек, Жаңатұрмыс, Бидайкөл, Керделі ауылдық округтері көгілдір отынға қосылса, бүгіннен бастап Шеген Қодаманов ауылында 525 үйге газ кірді. Жалпы, жыл басынан бері 3 аудан орталығына яғни Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек кенттеріне, Шиелі ауданындағы Бекежанов және Қодаманов ауылдарына табиғи газ берілсе, жыл соңына дейін Қазалы қаласын газға қосу жоспарланып отыр. Нәтижесінде биыл 50 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көретін болады. Айта кетейік, бүгінде қала мен аудан орталықтарына газ толық тартылды. Бүгінде облыс тұрғындарының 65 пайызы көгілдір отынды пайдалану мүмкіндігіне ие. Бүгінде Шиелі ауданында атқарылған жұмыстардың көлемі ауқымды. Тұрғындар бұл жетістіктердің барлығын Тәуелсіздіктің тартуы деп біледі. Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Шиеліге осы сапары аясында Ақмая шаруа қожалығының ғимаратына барды. Әкім назарына стенд арқылы күрделі жөндеуден өткен монша мен шаруа қожалығының демеушілігімен салынған тұрғын үй таныстырылды. Шаруа қожалығының басшысы Дәулет Жұмбеков қожалықта жұмыс істейтін көпбалалы 2 отбасына баспана салу үшін осы жобаны бастаған. Сондай-ақ ауыл жастары үшін бірлестік құрып, арнайы кабинет ашқан. Әрі қарай аймақ басшысы Керделі ауылдық округінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған спорттық сауықтыру кешенін ашты. Аймақ басшысы игі бастаманы қолдап, нысанның бой көтеруіне ықпал еткен кәсіпкер, Шиелі ауданының құрметті азаматы Бағлан Әшірбековке ауыл тұрғындары мен өз атынан ризашылығын білдірді.
– Кейінгі 5 жылда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Ақмая, Алғабас, Бестам, Тұран ауылдық округтерінде спорт кешені пайдалануға беріліп, спортшыларымыздың жеңістері еселенді. Бүгін, міне, өздеріңіздің қатысуларыңызбен спорт кешенін ел игілігіне пайдалануға бергелі тұрмыз. Бұл күн балғын балалардың, ауыл жастарының ең қуанышты да бақытты күндерінің бірі деп есептеймін. Осы спорт кешенінен шыңдалған жастарымыз облыстық, республикалық додаларда жеңіске жетіп, олимпиада шыңдарын бағындырып, көк туымызды желбірете берсін, – деді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.Спорт кешенінде күрес, таэквандо, баскетбол және ауыр атлетикадан үйірмелер жұмыс істеп, 11 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Әкім Шиелі кентіндегі аудандық жастар үйі мен И.Әбдікәрімов көшесі бойына салынып жатқан аллеяны да көрді. «Жастар ресурстық» орталығының директоры Ержан Әбдешов шиелілік жастардың бастамасымен іске асып жатқан жобаларға тоқталды. Орталықта кітапхана, конференц зал, коуоркинг, өнерлі жастарына арналған арнайы орын бар. Сонымен қатар патриоттық тәрбие беру және жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытында бірқатар жұмыс жүргізілуде. Жұмыс сапарын қорытындылаған облыс әкімі елді мекендердегі инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының одан әрі жалғасатынын және жобаларды уақытында тапсыру керек екенін қаперге салды.
Қызылорда облысы