Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарық көрді. Елбасы мақаласында Тәуелсіздік Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу екенін айтты.
«Мұндайға тек рухы күшті, бірлігі бекем жұрт қана қол жеткізе алады.
Арғыда сақ, ғұн бабаларымыз, беріде қаһарман түрік аталарымыз аласапыран замандардағы алақұйын дауылдарға төтеп беріп, Ұлы далада ұлық ұлыс құрды. Талай жұрт алапат соғыстар мен арпалысқан айқастарда үдере көшіп, бордай тозып, тастай үгіліп, құмдай шайылып кеткен замандарда қазақтар түрік жұртының ата қонысын, қара шаңырағын сақтап қалды.
Дана бабаларымыз өзін ғана емес, адал ғұрпын, дархан көңілін, таза тілін, әсем әні мен қоңыр күйін, мәйекті мәдениеті мен бай әдебиетін қоса сақтап, ұрпағына аманаттай білді. Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт», – деп жазды мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев.