Бұл туралы бүгін өткен брифингте Алматы қалалық қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Лаура Мырзағали мәлімдеді. Оның айтуынша Pfizer компаниясының Comirnaty екпесін ақылы түрде алғысы келетін азаматтардың саны кешеден бері 3279-ға жеткен.
Алайда спикер ақылы екпе жүргізу қашан басталатынын да әзірге нақты айта алмайтынын жеткізді.
«Біз бүгінгі таңда Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы нұсқауын күтіп отырмыз. Ведомство бізге қашан бастауымыз керек екені жайлы әзірге нақты тапсырма берген жоқ. Әзірге вакцинаның осы түрін ақылы негізде алғысы келетін азаматтарға алдын-ала жазылым жүргізіп қана жатырмыз», – деді Л. Мырзағали.
Сонымен қатар ақылы негізде салынатын вакцинаның көлемі туралы да нақты айта алмайтынын мәлімдеді. Тіпті, Алматы қаласында қазіргі таңда ақылы түрде егілуге деп бөлінген Pfizer вакцинасы жоқ екенін де атап өтті. Оның айтуынша ақылы екпенің бағасы да әзірге белгісіз көрінеді.
«Қазіргі таңда өздеріңіз білесіздер алғашқы рейспен келген АҚШ-тың вакцина түрі Алматы қаласы үшін 46400 дозасы бөлінген. Ол дозаның барлығы жүкті әйелдер мен 12-17 жастағы жасөспірімдерді тегін егуге арналған. Бүгінге дейін олардың біразы салынып қойды. Қалған бөлігі де түгелдей аталған азаматтарға егіледі. Ал, ақылы түрде егуге қанша доза Алматы қаласына бөлінетінін білмейміз. Оны да Денсаулық сақтау министрлігі анықтайды. Сонымен қатар оның бағасы да әзірге біз үшін белгісіз», – деп жауап берді басқарма басшысының орынбасары.
Айта кетейік, кешеден бері Алматы қаласында аталған вакцинаны ақылы түрде алғысы келетіндер үшін қаладағы үш емханада алдын-ала тізім жасала бастағанын жазған болатынбыз.