Тәуелсіздік аялаған қоғамның қолына тұрақтайды
Тәуелсіздік аялаған қоғамның қолына тұрақтайды
©Р.Фахрутдинов
490
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын оқып шықтым. Ерекше әсер етті шынында да. Тәуелсіздік таңы атқанда біздер сол 20-ның үстіне шыққан жігіттер едік. Кешегі Кеңес заманын да жақсы білеміз. Отыз жыл ішінде еліміз дамып, өсіп-өркендеді. Елбасымыздың мақаласын оқығанда осының бәрі көз алдымызға қайта келгендей болды.

«Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын» деген сөздерді текке айтып отырған жоқ. Бұл мақала жай ғана тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен құттықтау емес, мұның экономикалық, саяси салмағы зор.  Жас мемлекетті құру, оның шекарасын шегендеу, экономикалық, саяси мәселелерді шешудің басы-қасында үнемі Елбасымыз жүрді. Мақалада: «Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады. Отыз жыл ішінде біз ғасырларға бергісіз даму жолынан өттік. Ауыз толтырып айтар табыстарымыз да аз емес» дейді. Шын мәнінде, біз біле бермейтін әлеуметтік ахуал, саяси көзқарастар қайшылығы, экономикалық дағдарыстардан шығу тетіктері қалай болды, Қазақстанның рухани кеңістігі қалай дамыды? Осының барлығы Елбасының мақаласында рет-ретімен баяндалып отырады.  Елбасының ең мықты шешімінің бірі  – астананы Арқа төріне көшіруі. Өзі де мақаласында: «Біздің еншімізге тарихымызда өз ауқымдылығы мен қиындығы жөнінен бұрын-соңды болып көрмеген жобаны жүзеге асыру – Сарыарқаның төріне, ерке Есілдің бойына ел қондырып, жаңа да әсем елорда салу мәртебесі бұйырды» деп жазады. Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы тарихи жеңісіміз, жетістіктеріміздің барлығы да мақалада егжей-тегжейлі айтылған. Бұл мақаланың сасяи мәні де, тарихи мәні де  өте зор. Біз отыз жыл ішіндегі дамуымызға қарап отырып, іштей тәубе етеміз. Елбасымыз айтқандай: «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екендігіне кәміл сенемін».

Қойлыбай Асанов, ақын