Қазақ-өзбек одақтастығы. Жаңа кезең
Қазақ-өзбек одақтастығы. Жаңа кезең
540
оқылды
Қазақта «көрші ақысы – Тәңір хақысы» дейтін аталы сөз бар. Ал көршің түбі бір туы­сың болса, бұл ұғымның мәні тіптен тереңдей түседі. Қазақстан көршілерінің бірі – Өзбекстан Республикасы. Желтоқсанның 5-і күні Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді. Мәртебелі мейманды әуежайдан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі күтіп алды. Әдетте жоғары лауазымды тұлғаларды күтіп алудың арнайы хаттамасы болады. Онда қонақты Президенттің өзі күтіп алуына шектеу жоқ. Ал мейманды Мемлекет басшысының қарсы алуы қонаққа деген айрықша ықыластың белгісі саналатыны бар. Демек, Қазақстан сыртқы саясатында Өзбекстанның орны айрықша деген сөз. Әу баста айтқанымыздай, Өзбекстан –Қазақстанның көршісі, ал өзбек халқы қазақпен тамырлас, түбі бір түркіден тараған туыс ұлт. Содан да болса Шавкат Мирзиёевтің сапарына Қазақстан тарапы айрықша мән берді.

Серіктестіктен одақтастыққа қадам бастық

Мәртебелі мейманға арналған салтанатты іс-шарадан кейін Ақорданың Шығыс залында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев шағын құрамда келіссөз өткізді. Қазақстан мен Өзбекстан басшылары екіжақты стратегиялық серіктестіктің кең ауқымды мәселелерін талқылады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде екі елдің қарым-қатынасы стратегиялық серіктестіктен одақтас­тық қатынас қағидаларына өтетінін айтты. Сөйтіп, өзара байланыстардың жаңа деңгейге көтерілетінін атап өтті. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде екі мемлекеттің рөлі орасан зор екенін атап өтті. Тіпті, Қазақстан мен Өзбекстанды Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік кепілі деп бағалауға да болады. – Елдеріміз арасындағы одақтастық, стратегия­лық қарым-қатынастар – Орталық Азия аймағындағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің маңызды факторы. Бұл ешқандай артық айт­қандық емес. Екі ел арасындағы байланыстар қаншалықты тығыз болса, біздің маңызды аймақтағы ахуал да соншалықты тұрақты болады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Өзбекстан басшысы Қазақстан Президентінің басшылығымен еліміздің жеткен жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол екіжақты қатынастардың дамуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың зор үлес қосқанын атап өтті. Өзбекстан Президенті өзінің мемлекеттік сапары Қазақстан Тәуел­сіздігінің 30 жылдығы қар­саңын­да өтіп жатқанының символ­дық мәні бар екенін айтты. Ол екі ел халықтарының арасындағы ғасырлар бойы қалыптасқан достық қарым-қатынастар мемле­кетаралық байланыстарды нығай­туға зор септігін тигізетініне сенім білдірді. Сондай-ақ екі ел үкі­меттерінің осы сапар қарсаңында атқарған нәтижелі жұмыстарын атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев шағын құрамда өткен мазмұнды кездесуден кейін екі елдің ресми делегациялары мүшелерінің қатысуымен келіс­сөзді кеңейтілген құрамда  жалғас­тырды. Президенттер сауда-эко­номика­лық ынтымақтастықты нығайту, оның ішінде өзара тауар айналымын арттыру, инвестиция тарту және өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс, көлік салалары бойынша кооперацияны дамыту мәселелеріне баса мән берді. Сондай-ақ су-энергетикалық және мәдени-гуманитарлық сала­лардағы өзара ықпалдастық мә­селесі талқыланды. Тоқаев-Мирзиёев Қазақстан Президенті бүгінде екі ел мемлекетаралық серіктес­тіктің жарқын үлгісіне айналған берік әрі үйлесімді қарым-қатынас орнатқанын айтты. Барлық дең­гейде белсенді әрі аса сенімді саяси диалог орнатылған. Үкімет дең­гейін­дегі жүйелі жұмыстар жүргі­зіліп жатыр және парламентаралық байланыстар да нығайып келеді. Тараптар көпжақты құрылымдар мен тетіктер аясында өзара табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстан мен Өзбекстанның аймақтық және халықаралық күн тәртібіндегі көптеген мәселе бойынша, оның ішінде Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыру мәселесіне қатысты көзқарасы мен ұстанымы ортақ. – Сауда-экономикалық ынты­мақ­тастықты дамытуда теңдессіз ілгерілеу бар. Биылғы 10 айдың қо­рытындысы бойынша екіжақты сауда айналымы 30 пайызға артып, 3 миллиард доллардан асты. Біз жуық арада сауда айналымының көлемін 5 миллиард долларға, ал одан кейін 10 миллиард долларға дейін жеткізу міндетін қойдық. Пікір алмасу нәтижесінде бұл қол жеткізуге болатын мақсат деген тұжырымға келдік. Әрине, атқару­шы органдар, ең алдымен үкімет­теріміз осы мақсатқа жету үшін тиісті жұмыстарды жүргізуі тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Тараптар гуманитарлық бай­ланыстың жанданғанын оң баға­лады. Халықтарымыздың ортақ рухани-мәдени құндылықтарын байыта түскен Қазақстан мен Өз­бекстан жылдары екі жақта да атап өтілді. Мемлекетаралық қаты­настардың мәртебесін одақтастық деңгейіне дейін көтеру жөніндегі шешім екі ел басшыларының келіссөздері нәтижесінде қол жеткізген маңызды уағдаластықтардың бірі болды. – Бүгін біз мемлекетаралық қатынастардың мәртебесін одақ­тастық деңгейіне дейін көтеруге уағдаластық. Жаңа ғана осы мәселе бойынша пікір алмасып, мұның елдеріміз арасындағы мүлдем жаңа сапалы деңгей екенін атап өттік. Әрине, одақтастық қатынастар мемлекеттерімізге ерекше міндет жүктейді. Мен мемлекетаралық кеңес құру жөнінде ұсыныс айттым. Осы кеңес аясында біз қажет­сіз ресмиліктен тыс, іскерлік негізде жиі бас қоса аламыз, – деді Қазақстан Президенті. Өз кезегінде Шавкат Мирзиёев шағын құрамда өткен келіссөздің мазмұнды болғанын атап өтіп, екі ел арасындағы сауда айналымының рекордтық деңгейге жеткенін және бірлескен жобалардың сәтті жүзеге асырылып отырғанын айтты. – Біз көпқырлы ынтымақтас­тығымыздың өзекті мәселелері бойынша мүдделеріміз бен ұста­ным­дарымыздың ортақ екенін тағы дәлелдедік. Елдеріміз арасында орнатылған жақын әрі бауырластық байланыстарымызды жоғары баға­лаймыз. Жаңа ғана Қасым-Жомарт Кемелұлы халықтарымыздың осы сапарға ризашылық танытып жат­қанын айтты. Шын мәнінде, шекара маңындағы екі елдің де тұр­ғындары қатты қуанады. Себебі біз жиі кездескен сайын өзара қаты­настарымыз жақсара түседі. Машина жасау, энергетика, электротехника, химия, жеңіл өнер­кәсіп, банктер және басқа да сала­лардағы кооперация бойынша сәтті шық­қан жобаларымыз бар, – деді Өзбек­стан Президенті.

Ондаған құжатқа қол қойылды

Өзбекстан Президентінің мемлекеттік сапары қос елдің арасын­дағы байланыстарды жаңа деңгейге  көтеретін, одақтастық қатынас­тарға бастайтын көптеген құжатқа қол қоюымен де ерекшеленді. Ресми деректерге қарағанда, екі­жақты 16 құжатқа қол қойылған. Ал­дымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев келіссөздер қоры­тын­дысы бойынша Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы одақ­тас­­тық байланыстар туралы Дек­лара­цияға қол қойды. Сонымен қатар Қазақ­стан Республикасы мен Өз­бек­стан Республикасы арасын­дағы Бас бостандығынан айыруға сот­талған адамдардың жазаcын одан әрі өтеу үшін беру туралы шарт,Қазақстан Үкіметі мен Өзбек­стан Үкіметі арасындағы Төтенше жағдайлардың алдын алу және олар­ды жою саласындағы ынты­мақ­тастық бойынша келісім, Қазақ­стан Үкіметі мен Өзбекстан Үкі­меті арасындағы Ғарыш кеңіс­тігін бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы ын­ты­мақтастық туралы келісім, Қа­зақ­стан Үкіметі мен Өзбекстан Үкі­меті арасындағы қазақ-өзбек ке­дендік шекарасы арқылы құбыр­жол көлігімен және электр беру желілері бойынша энергия ресурстарын өткізу кезіндегі бірлескен кедендік бақылау туралы келісім, Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мен Өзбекстанның Сырт­қы істер министрлігі арасындағы 2022-2023 жылдарға арналған ынтымақ­тастық бағдарламасы, «Орталық Азия» халықаралық өнеркәсіп кооперациясы орта­лығын құру туралы тұжырымдама, «Орталық Азия» халықаралық өнер­кәсіп кооперациясы орта­лығын құру туралы бірлескен жос­пар, Жобаларды бір­лесіп іске асы­ру мәселелері бо­йынша ынтымақ­тастықтың негізгі шарттары туралы меморандум сияқты құжаттар бар. қазақ-өзбек

Тауар айналымы  көлемі 3,2 млрд доллардан асты

Жалпы, қол қойылған құжат­тардың мазмұнына назар аударсақ, өзара байланыстардың кешенді екенін байқаймыз. Әрі Нұр-Сұлтан мен Ташкент өңірдегі  рөлдерін  ұтымды пайдалануға ұмтылғаны көрініп тұр. Тіпті, Қазақстанның Өзбекстанмен арадағы сауда айналымы Түркия мен Қазақстан ара­сын­дағы сауда айналымынан асып түсуі мүмкін екен. Мәселен, 2020 жылы Түркия мен Қазақстанның сауда айналымы 3 млрд доллар шамасында болса, Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы биылғы 10 айдың өзінде  30 пайызға өсіп,  3,2 миллиард доллар­дан асты.  Меже – 10 млрд доллар. Екі елдің арасындағы сауда айна­лымы­ның қазіргі қарқынына қара­ғанда бұл межеге жету  мүмкін тәріз­ді. Өйткені көрші мемлекеттер қарым-қатынасының өзіндік артықшылықтары да бар. Бірінші кезекте  бір аймақта орналасқан, ортақ шекарасы бар. Екіншіден, бір жүйеде болғандықтан, бұқа­ра­ның таным-түсінігінде де ұқсастық кездеседі.  Үшіншіден, бұрыннан қалған өнеркәсіптік байланыс­тардың азды-көпті жұрнағы  сақ­талған. Сондықтан үміт басым. Айтпақшы, Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев журналистерге арналған брифинг те өткізді. Екіжақты байланыстар­дың түрлі қырын айта келе Қ.Тоқаев  трансшекаралық өзендер мәселесін де қарастырғанын айтты. – Аймақтағы және әлемдегі су шаруашылығының жағдайы туралы көңіл көншітпейтін болжамдар жасалып жатқанда, біз Шавкат Миромонович екеуміз жағымсыз сценарийлерді болдырмау үшін батыл шаралар қабылдау қажет деген ортақ пікірге келдік. Су шар­уа­шылығы мәселесінің аса маңыз­ды екенін ескере отырып, біз келіс­сөздер үдерісін Премьер-Министрлер деңгейіне көтеруіміз керек. Сондай-ақ жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді қолдану саласындағы өзара тиімді ынты­мақ­тастықтың мүмкіндік­терін қа­рас­тырдық. Қазақстан осы бағыт­тарда тәжірибе алмасуға және коопе­рацияны дамытуға дайын екенін білдірді. Өзбек достарымыз­ды Қазақстанның озық өнім­дерін, сондай-ақ «Астана» халық­ара­лық қаржы орталығының кең мүм­кін­дік­терін пайдалануға шақы­рамыз, – деді Қазақстан Президенті. Одан бөлек, Өзбекстан Пре­зидентінің сапары барысында мә­дени-гуманитарлық байланыстарды тереңдету мәселесі де қозғалған. Айталық, Мемлекет басшысы Қазақстанның астанасында ұлы ақын Әлішер Науаиға ескерткіш орнату туралы шешім қабылда­ғанын айтты. Екі елдің зиялы қауым өкілдерінің шығармашылық форумын тұрақты түрде өткізу туралы да бастама көтерілді.  Сонымен қатар университетаралық ынтымақтастықты жандандыру жайы да айтылды. Қазақстан Қожа Ахмет Ясауи стипендиясы бойынша өзбек студенттерін Түркістан­дағы халықаралық университетке қабылдауға дайын екенін де білдірді. Қысқасы, қалыптасқан  мәдени-гуманитарлық, ғылыми байланыстар жалғаса бермек. Осы байла­ныстардың  белгісіндей болып Нұр-Сұлтанда Өзбекстан елші­лігінің жаңа ғимараты ашылды. Оның ашылу  салтанатына қос мемлекеттің басшылары қатысты.