Аймақтар арасындағы әріптестік нығая түспек
Аймақтар арасындағы әріптестік нығая түспек
225
оқылды
Нұр-Сұлтан қаласында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мен Өзбекстанның Навои облысының әкімі Нор­мат Тұрсунов қос өңірдің әріптестік аясын дамыту жөніндегі Жол картасына қол қойды. Кездесуге Парламент Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова, Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев және Навои облысы әкімінің орынбасары Камолиддин Хасанов қатысты. Екіжақты кездесу барысында Гүл­ша­ра Әбдіқалықова өңіраралық ынты­мақтастықты нығайтуға және одан әрі өзара тиімді дамытуға бағытталған осын­дай іс-шараны өткізу бүгінгі кездесуімізге ерекше мән беретінін атап өтті.
«Бұл кездесу өзекті тақырыптарды талқылауға, бiрлесiп жұмыс істеу мүм­кіндіктерін зерттеуге және шекара маңы өңірлерінің неғұрлым тығыз ынты­мақ­тастығының перспективаларын анық­тауға мүмкіндік береді. Бұл біздің об­лыстарымыздың арасындағы екі­жақты қарым-қатынастар мен достық байла­ныстарды тереңдетудің тағы бір қадамы екені сөзсіз. Біз ынтымақ­тас­тыққа қы­зы­ғушылық танытқан барлық бизнес өкіл­дерін бірге және тиімді жұмыс істеу­ге шақырамыз және барлық конструк­тив­тік ұсыныстарын қабыл­дауға әркез дайын­быз. Бауырлас өзбек халқына бейбітші­лік, ынтымақ және биік асулар тілей­мін», – деді облыс әкі­мі Г.Әбдіқалықова.
Аймақ басшысы әрі қарай дамыту перспективасы бар бағыттарды айта отырып, туризм саласындағы әлеуетті жобаларды атап өтті. «Ұлы Жібек жолы» тұжырымдамасы аясында бірлескен халықаралық туристік өнімді құрудың үлкен мүмкіндіктері бар екенін жеткізіп, «Байқоңыр» ғарыш айлағы мен өңірдегі Қорқыт ата мемориалдық кешені, Жан­кент, Сығанақ, Шірік-Рабат секілді көне қалашықтарға танымдық сапар­ларды ұйымдастыруға шақырды. Өз кезегінде Навои облысының әкімі Нормат Тұрсунов көрсетілген құр­мет үшін ризашылығын білдіріп, өзара әріптестік аясын кеңейтуге мүдделі еке­нін жеткізді. Кездесу соңында қос тарап облыстар арасындағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейту бойынша әзірленген Жол картасына қол қойды. Бұл құжат сауда-экономикалық даму, ауыл шаруашы­лығы, білім және ғылым, мәдениет, спорт және туризм салаларындағы ын­тымақтастық мәселелерін қамтиды. Соңғы 5 жылда аймақ Өзбекстан Республикасымен екіжақты ынтымақ­тас­тықты дамыту мақсатында 13 роуд-шоу, оның ішінде Самарқанд, Навои және Ташкент қалаларында сапарлар­ды ұйымдастырды. Қызылорда облысы Навои өңірімен сауда-саттық, өнер­кәсіп және агроөнеркәсіп салаларында әріп­тестік орнатқан. Атап айтқанда, биылғы жылдың 9 айында тауар айна­лымының көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1 есе ар­тып, 26,8 млн АҚШ долларын құрады. Сыр өңірі не­гізінен Өзбекстанға це­мент, күріш, ұн, кебек экспорттаса, Өзбекстан Респуб­ликасынан тоқыма тауарлары, құрылыс материалдары, кондитерлік өнімдер, жемістер мен көкөністер импортталады. Ал Қызылорда облысындағы «Ге­жуба Шиелі цемент» ЖШС тампонажды цемент зауыты осы жылдың 9 айында Өзбекстанға жалпы құны 14,3 млн АҚШ долларын құрайтын 278,8 мың тонна цемент экспорттапты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында 2021 жылдың басынан бері облыс Өзбекстанға 5,7 млн АҚШ доллары сомасына 20 мың тонна күрiш сатқан.

Қызылорда облысы