2014 жылы оңтүстіктегі жастарды солтүстікте оқытып, көшіруді мақсат еткен «Серпін» бағдарламасы бастау алды. Көпшіліктің бұған ынталы болғанын көрдік. Талай жас теріскейге барып, білім алды, санаулысы сонда тұрақтап қалды. Бірақ терең саяси мәні бар жоба бүгінде құлдырап тұр. Жастар бағдарлама бойынша білім алуға құлықсыз. Алайда кінә жастарда емес, істі аяқсыз қалдырған шенділерге тірелді. Енді теңдессіз саналған жоба екі аяғын тең баса алмайтын халге жетті.
Студенттер неге құлықсыз?
«Серпін – 2050» деген атау алған «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» мемлекеттік бағдарламасы іске аса бастағанына 7 жылдан асып барады. Алғашында жоба бойынша жоғары оқу орындарында 2 050 жас білім алса, 2015 жылы 6 200, 2016 жылы 4 312 грант бөлінген. Жоғары оқу орындары бойынша гранттар білім, техникалық ғылым, ауыл шаруашылығы мен медицина саласын қамтиды. Жастар үшін оқу, жұмыс пен болашақты ұштастыратын бағдарламаның қарқыны соңғы төртжылдықта бәсеңсіді. 2019 жылы «Серпінге» бөлінген 3 мың грант игерілмей қалды. Бағдарламаның көздегені еліміздегі еңбек ресурсы басым оңтүстік өңірдің жастарын жұмыс күші аз аймақта оқытып, жұмыспен қамту еді. Білім министрлігінің дерегіне сенсек, 2020 жылы ЖОО-лар мен колледждерде «Серпінмен» оқытуға жоспарланған 5 132 гранттың тек 1 004-і бөлінген. Ал ЖОО-лар мен колледждерде осы жоба жүзеге асырылған 6 жылдың ішінде бөлінген 8 325 грант бос қалған. Ал игерілмеген қаражат шамамен 5 млрд теңгені құрады.
Қош, студент оқуын аяқтады, бірақ олар теріскейде жұмыс істеу үшін қалып жатыр ма? Осы уақытқа дейін бағдарлама бойынша ЖОО-лар мен колледждердің 11 мың түлегінің тек 2 мыңнан астамы (19,5 пайызы) тұрақтап қалған. Енді бағдарлама бойынша білім алғысы келмейтін жастар көбейді. Мысалы, 2019 жылы Петропавл қаласына осы бағдарламамен оқу үшін бар болғаны 50 студент келіпті. Бұдан кейін де жағдай осы сарында өрбіді. Бірақ бағдарлама жөнді іске асып жатыр ма? Қазір «Серпін» бағдарламасының ресми сайты да жұмыс істеуді қойған. Соңғы жаңалықтарын 2 жыл бұрын жариялапты. Демек, жобаға жауаптылар бәрін жайына қалдырғандай.
Әкімдіктер іске жарамады
2014 жылдан бастап «Серпін» бағдарламасы іске асады дегеннен қоғамның сүйсініп, жауаптылардың белсенді болғанын білеміз. Теріскей жақтағы 7 жоғары оқу орны мен 24 колледжде 8 250 жас бағдарлама бойынша студент атанды. Оқу орындарының аясын кеңейту де жоспарланды. 2015-2016 жылдары осы жоба бойынша жұмыс атқарған Айдарәлі Раманов әуелде бәрі жақсы болғанын айтады. Бірақ алғашқыда науқан кезіндегідей жанын салып жұмыс істеген жауаптылардың белсенділігі төмендей бастаған. Ақырында жобаға бейжай қарап, атүсті қарайтынды шығарыпты. Яғни, бағдарламаның отымен кіріп, күлімен шығатын шенді табылмапты.
Бастамасы жақсы қарқынмен жүзеге асты. Жобаның толық процестік стратегиясы жүзеге аспауының бірден-бір себебі – жергілікті атқарушы органдардың ат салыспауы. Яғни, команда жастарды оңтүстіктен солтүстікке апарып, оқу процесін қадағалап, жергілікті жастармен араласуын қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларды жүзеге асырды. Бірегей жастар ұйымын құра алдық. Ал олар оқуларын бітіріп, жұмысқа араласар кезде оларды уақытша болса да тұрғын үймен қамтамасыз етпеді. Жастар амалсыздан туған жерлеріне қайтуға мәжбүр болды. Білім және ғылым министрлігі өз тарапынан барлық жағдай жасай алды, бірақ БҚО, Атырау, Ақтөбе, Қостанай, СҚО, Павлодар, ШҚО әкімдіктері стратегиялық мәні бар жобаны жүзеге асыруға мүдделі болмады. Үкімет тарапынан қадағаланған жоқ, – дейді А.Раманов.
Шыны сол, «Серпін» бағдарламасы әуелден «Еңбек» бағдарламасының құрамдас бір бөлігі ретінде қаралған. Басты мақсаты – еңбек нарығын реттеп, теріскейге жұмыс күшін тарту. Өз алдына бөлек, тәуелсіз бағдарлама болмаған соң пилоттық жоба ретінде көрініс тапқандай. Бағдарлама студенттерге грант бөледі, ал бұл гранттар мемлекеттік гранттардың есебінен қаралған. Барлық гранттың 10 пайызы «Серпін» үшін бөлініп келген. Студенттерді қабылдаған өңірлердің жергілікті билігі тек меморандум жүзінде жұмыс істеді. Құқықтық күші жоқ құжат болғаннан кейін аса бір жауапкершілік сезілмеді. Әуелде іске белсене кіріскен жергілікті әкімдіктердің уақыт өте келе бейжай қарай бастағанын аңғардық. Қандай да бір вице-премьерге бағдарлама бойынша құзыр берілмеді. Жалғыз Білім министрлігі тарапынан ғана әрекет болды. Мұны бағдарлама құрылғанда «Серпін» студент жастарының жетекшісі болған Жасұлан Жақыпов та растап отыр.
– Әуелде түлектерді жіберуші жақ та, қабылдаушы өңірлерде ауызбіршілікте болды. Жастар оқуын аяқтаған соң қалуына ықпал жасауға тырыстық. Бір білетінім – «Серпінді» кейін «Болашақ» бағдарламасымен бірге қарастыра бастады. Алайда 2016 жылдан бастап құлдырауды сездік. Солтүстікте жұмыс көп, ал бізге жастар саясатымен белсене айналысуға мүмкіндік берілмей қалды. Сол жылдан бастап құрылтайшы, ұйымдастырушылар дұрыс болмады. Мәселен, «Серпін» штабының жетекшісі болып Гүлзат Абатаева отырды. Ізін ала түрлі мәселе шықты. Жергілікті биліктер көмек етпей қойды, оған дейін ректорларға да сөзіміз өтетін. Қазір кеңсені таппаймыз, іскерлік ұйым тарқаған. Әйтпесе, жобаның жақсылығы көп еді, – деді ол.
Келешегі не болмақ?
Бұл мәселеге Сенат депутаттары да алаңдаулы. Жуырда сенатор Нұржан Нұрсипатов Премьер-Министр орынбасарының атына жолдаған сауалында проблеманы шешу жолдарын ұсынды. Оның пікірінше, мемлекеттік бағдарламаны іске асыру аясында 2014-2019 жылдары еліміздің солтүстігінде орналасқан колледждер мен жоғары оқу орындарына түсуге ниет білдірушілердің саны көп болған. Бірақ соңғы жылда жағдай өзгерді. Себебі Білім және ғылым министрлігі 2014 жылғы «Оңтүстік өңірлерден келген жастар арасынан мемлекеттік тапсырыс бойынша техникалық және кәсіптік білім беру бойынша бір маманды даярлауға арналған шығындарды есептеу тәртібін бекіту туралы» бұйрығы жойылғаннан кейін мәселе ушыққан. Бұрын «Серпін» бағдарламасы бойынша оқып жатқан студенттерге жылы киім сатып алу үшін көтерме құралдары, оқу орнына бару және кері қайту жолақысы үшін толық көлемде өтемақы, ыстық тамақпен қамтамасыз етілген. Енді бұйрық жойылған соң оңтүстік өңірлерден келген студенттер жалпы негізде ғана қаржыландырылады. Сенатор сол бұйрықты қайта күшіне енгізуді сұраған.
Биыл маусымда осы мәселе Парламент Мәжілісінде де біраз талқыланды. Сол жиында Білім министрі Асхат Аймағамбетов бұл мәселе бойынша ұлттық жобаны дайындалып жатқанын айтқан. Соның шеңберінде «Серпін» бағдарламасының шарттары қайта қаралып, жастарды ынталандыру тетіктері әзірленбек екен. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов те «Серпін» түлектерінің қызығушылығын арттырып, солтүстіктегі өңірлерге жұмысқа қалдыру бағытында кешенді жоспары барын тілге тиек еткен. Әйткенмен, «осы дүниенің бәрі сөз жүзінде қалмай ма?» деген күмән көп. «Серпіннің» құлдырап бара жатқанына 5 жылға таяу уақыт өтіп барады. Егер Үкімет жауапкершілікті өз тарапына алған жағдайда ғана мәселеге бейжай қарап отырған әкімдіктер қимылдай бастауы мүмкін.