Банк нарығында бәсеке артты
Банк нарығында бәсеке артты
351
оқылды
Қазақстанда келесі жылы жаңа банктер пайда болуы мүмкін. Қазір олардың қожайындары салаға жауапты орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен келіссөз жүргізіп, құрылу шарттарын талқылап жатыр. Егер нарыққа жаңа ойыншылар келсе, шектен тыс монополияланып бара жатқан отандық банк секторы бәсекелестікті дамытуға қарай бетбұрыс жасар ма еді. Сонымен бірге пандемияның банктерге майдай жаққаны байқалады: олардың таза табысының өзі триллион теңгеге жуықтады.

МҚҰ-лардың қауқары қандай?

Алда Қазақстанның банк на­ры­ғына бірден бірнеше жаңа ойын­шы шығуы мүмкін. Мысалы, екі микроқаржы ұйымы (МҚҰ) – KMF пен Solva банкке транс­фор­мациялануға ниетті екенін жа­рия­лады. Олар мемлекеттің МҚҰ-лар­дың банк ретінде қайта ұйымдасуы ережелерінің ақырғы нұсқасының қабылдануын күтіп отыр. «Барлығы трансформациялану шаттарына, сондай-ақ компания акционерлерінің ақырғы шешіміне байланысты болады. Мұндай ше­шім қабылданса, банкке айналу мер­зімі біздің техникалық, қар­жы­лық және ІТ мүмкіндіктерімізге қарай нақтыланады», – деді жур­на­листерге сұхбатында «KMF» МҚҰ басқарма төрағасы Шалқар Жүсіпов. Ал Solva МҚҰ бас директоры Анна Максимова компанияның белсенді түрде ауқымын арттырып жатқанын, банк ретінде қайта құ­рылу – оның дамуының жаңа қа­дамы, кезекті сатысы болатынын, әйтсе де бәрі МҚҰ-дан екінші деңгейлі банк мәртебесіне көшу рәсімдері мен талаптарына байла­ныс­ты екенін жеткізді. Solva (Он­лайнКазФинанс) – IDF Eurasia халықаралық қаржы тобына кіреді. Жалпы, қаржылық реттеушінің дерегінше, республикада шамамен 220 микроқаржы ұйымының ли­цензиясы бар. Бірақ көбі әрекетсіз тұр. Банктер жиынтықты актив­тінің ауқымы жөнінен МҚҰ сек­торынан шамамен 24 есе үлкен. Дегенмен бұл сала да қарқынды дамып келеді. Тұтастай алғанда, ұсақ несие беру қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың активтері 2021 жылғы қазан айында 1,5 триллион теңге­ден асты. Сөйтіп, бір тоқсанда 6%-ға, ал жыл басынан бері 22,4%-ға өсті. Әзірге бұл ұйымдардың ак­тивтері банк секторының жиын­тық активтерінің 3,7%-ына ғана бара-бар. Соның ішінде активтердің ең көп үлесі микроқаржы ұйымда­рына тиесілі: 714,7 миллиард теңге немесе 47,6%. Қалғаны келесідей үлес еншіледі: кредиттік серіктес­тіктер – 579,5 млрд теңге немесе 38,6%, ломбардтар – 206,6 млрд теңге немесе 13,8%. Ұсақ кредит беретін ұйымдар­дан халық несиені жиі алады. Се­бебі банктер ауыл-аймақтағы фи­лиалдарын жауып жатыр. Олардан босаған орынды МҚҰ-лар, кре­диттік серіктестіктер мен ломбард­тар басты. Сонымен, 2021 жылдың 3-тоқсанында бұл ұйымдар халық пен бизнеске 1,32 триллион теңге несие берген. Яғни, несиелендіруді бір тоқсанда 7,8%-ға, жыл басынан 27,8%-ға арттырды. Қаржылық реттеу агенттігі бұл сектордың бар­лық сегментінде жеке тұлғаларға берілген қарыздар өсіп бара жат­қанын хабарлады. Бұлардың берген қарызды өнді­ріп алу көрсеткіші жаман емес: биылғы қазандағы жағдай бойын­ша микроқаржы беретін ұйым­дар­дың жиынтық портфеліндегі төлеу мерзімі кешіктірілген және жұмыс істемейтін қарыздардың үлесі тиісінше 10,4% және 4,1%-ды ғана құрады. Салыстыру үшін айтсақ, банк­терде биылғы қарашадағы мәлімет бойынша төлемі енгізілмегеніне 90 күннен асып кеткен кредиттердің жалпы портфельдегі үлесі 4% (жыл басында – 6,9% болған). Айта кету керек, ірі МҚҰ-ларға банкке айналуға рұқсат етілетінін биылғы мамырда қаржылық рет­теу­шінің басшысы Мәдина Әбіл­қасымова жариялаған-тын: оның агенттігі «Микроқаржы қызметі ту­ралы» заңға түзетулер енгізетін жаңа заң жобасын әзірледі. Құжат келесі жылы қабылданады деп кү­тілуде. Онда микроқаржы ұйымда­рының банк ретінде қайта құры­луының шарттары мен рәсімдері қарастырылған. Сарапшылар 3-5 МҚҰ банкке айналуы мүмкін деп болжап отыр.

Банкке айналғаннан не пайда бар?

Қаржыгер, коуч Дмитрий Бу­лекбаев МҚҰ-лар банкке жаппай айналады деп үміттенбеген жөн дейді. «Бүкіл әлемде қаржылық ұйым­­дардың бір сегменттен екін­шісіне өтуі – қалыпты процесс. Сондықтан көлемі ұлғайған МҚҰ-лар банк секторына ауысуы мүм­кін. Бірақ жетістікке жетуі не­ғай­біл. Қазақстанда банктердің ірі­лену процесі жүріп жатыр, алпа­уыт­тар дәуірі туды. Мысалы, ке­зін­де «Казпромбанк», «Апогей банк», қырғыздың «Энергобанкін», Ресейдің «Сибирь», Тәжікстанның «Сохибкорбанк» секілді қаржылық ұйымдарды қосып алған АТФ банкінің өзі енді жұтылып кетті: 2021 жылғы 6 қыркүйекте толы­ғы­мен Jysan Bank-ке қосылып, ли­цензиясын жойды. Басқаларында да солай. Қазір банктер техно­ло­гиялық компанияларға айналды, төл қаржылық және өзге экожү­йе­лерін түзуде, ІТ-компания­ла­ры­мен, ритейлмен бірлесіп, элек­трон­ды коммерцияны дамытуда», – деді сарапшы. Бұл МҚҰ-лардың қолынан келе ме? Келсе, неге бұған дейін соны жасап, атағын шығармады? Қазақстанда банк ашу үшін кем дегенде 200 миллион доллар қажет. Ал микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымның жарғы­лық және меншікті капиталының ең төменгі мөлшері 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 70 млн, ал 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап 100 млн теңге ғана. 2019 жылы сол жаңа талаптар күшіне енгенде МҚҰ-лар осының өзін көпсініп, шу шы­ғарғаны есте. «Кезінде өңірлерге жанталаса өркен жайған банктер бір-екі жыл­дан бері филиалдық желілерін қар­қынды түрде оңтайландырып келеді. Осыған қарап кейбір са­рап­шы «МҚҰ-лар банкке айналса, ауыл-аймақтағы тұрғындарға қар­жылық қызметтер қайта қол­же­тімді бо­лады» деген пікір білдірді. Бірақ мұн­дай байламдар ескіріп қалды. Әрине, МҚҰ-лардың қыз­меті не­гізінен, ауылдық жерде шоғыр­ланған, клиенттерінің, қа­рыз алу­шы­ларының 70%-ы – ауыл тұр­ғындары. Бірақ технология да­­мыған қазіргі заманда қазақ­стан­дықтар ауыл түгіл әлемнің кез кел­ген жерінде жүріп онлайн қа­рыз рәсімдеп, депозит аша алады. Өзге банктік өнімдер белсенді цифрландырылып жатыр», – деді қаржыгер. Жалпы, микроқаржы ұйым­дары осы мәртебесін сақтау арқа­сында дағдарысты кезеңнен шы­ғып келеді. Себебі ел Үкіметі және әкімдіктер МҚҰ-лармен тізе қо­сып, оларды өңірлерде азамат­тардың кәсіпкерлік белсенділігін арттыру, шағын және орта бизнес субъектілерін қаржылай демеу те­тігі ретінде пайдаланады. Мем­­бағдарламалар, жаңа ұлттық жо­балар да ауыл-аймақта соларға иек артады. Егер МҚҰ банкке айналса, бизнес пен бұқараның депозит­терін тарту, есепшоттар ашып, жүргізу, ақша аударымдары бо­йынша қызмет көрсету, банктік карталар шығару сияқты банктік операцияларды жүзеге асыруға мүмкіндік алады. Бірақ бұдан қан­шалықты байып кетері, табысқа жетері белгісіз. Банктердің МҚҰ-лардан тағы бір артықшылығы – банктер өз бетінше халықаралық есепшоттар ашып, халықаралық төлем жүйе­лерімен тікелей ынтымақтаса, шет­елден несие тарта алады. Қалай болғанда да, бүгінде бір­қатар ірі МҚҰ қожайындары банк секторына «көшудің» жақсылық­тары мен кемшіліктерін таразыға тең тартып, бағамдап жатқанға ұқсайды. Олардың нешеуі банкке трансформацияланатыны Қар­жылық реттеу агенттігі әзірлеген заң қабылданған соң белгілі болады.

10 банк нарықты жаулап алды

Ал іс басындағы банктер байып жатыр. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлі­метінше, 2021 жылғы қарашадағы жағдай бойынша Қазақстанның банк секторының жиынтық ак­тив­тері 36,01 триллион теңгеге жеткен. Салыстыру үшін айтсақ, бұл Қа­зақстанның бүкіл республикалық бюджетінен 2,5 есеге көп. 2021 жылдың басынан банк­тердің жиынтық активтері 16,2%-ға өсті. «Банктердің 12,23 триллион теңгені немесе активтердің 33,9%-ын құрайтын жоғары өтімді ак­тивтерінің елеулі қоры бар. Өтім­ділік қоры банктерге өз міндет­те­мелеріне толық көлемде қызмет көр­сетуге мүмкіндік береді», – деп сен­дірді Қаржылық реттеу агенттігі. Дағдарысқа, бизнестің тоқы­рауына, пандемия жайлағанына қарамастан, банктердің табыс­ты­лығы артып келеді: активтерінің рен­табельділігі (ROA) 3,15%-ға (был­­тырғы қарашада – 2,41%), ал капи­тал рентабельділігі (ROE) – 25,43%-ға (2020 жылы 18,43%) жетті. Банктердің экономиканы кре­диттеу көлемі 2021 жылғы қазанда 1,4%-ға ұлғайып, 17,2 триллион теңгені құрады. Көрсеткіш жыл басынан бері 17,6% өсті. Салалық бөліністе банк кредиттерінің ба­рынша көп сомасы өнеркәсіпке – 14,1%, саудаға – 10,9%, құры­лыс­қа – 3,3% және көлікке – 2,6% бе­ріліпті. Халықтың банктерден ипотека алу көлемі биылғы жыл басынан 27,3%-ға ұлғайды және жалпы көлемі 3,02 трлн теңге бол­ды. Азаматтардың тұтынушылық мақсаттарға алған қарыздары жыл басынан 32,8%-ға өсіп, 5,83 трлн теңгеге жетті. 2021 жылғы 1 қарашадағы жағ­дай бойынша елде 22 екінші дең­гейдегі банк бар, оның ішінде 14-і немесе 60,9%-ы шетелдік капи­тал­дың қатысуымен жұмыс істейді (оның 11-і – шетелдік еншілес банк). Отандық банк секторында банктердің ірілену, ал тұрақты, алып қаржы институттарының ары қарай қуаттану үрдісі жалғасты. Қазір небәрі 10 банк бүкіл сектор активтерінің 88,7%-ын иеленеді. 2020 жылы олардың еншісі 83% болатын. Саланың аз ғана банк қолында шектен тыс шоғырлануы экономиканың жоғары қарқынмен дамуына, елдің озық дамыған мемлекеттер қатарына қосылуына тежеу болуы ғажап емес.