Морозов Ә.Бөкейхан болып өзгереді
Морозов Ә.Бөкейхан болып өзгереді
© коллаж: Елдар Қаба
360
оқылды
Осы ақпарат жа­қында жергілікті әлеуметтік желі­лер­де кең тара­лып, қызу талқылан­ды. Мұны құптаған­дар да, «бұл қалай?» деп мәселенің ­түп-төркінін дұрыс ­ұқ­пағандар да, қуанып жақта­ған­дар да, даурығып даттағандар да бол­ды. Сонымен, Семейде нақты қан­ша көшенің атауы ауыс­ты­ры­ла­ды, қашан?    

Дау тудырған үш көше

Семейдегі Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мамандарының айтуын­ша, шаһардағы идеологиялық тұрғыдан ескірген 56 көшенің атын ауыстыру мәселесі қалалық мәслихаттың тұрақты комиссиясының отырысында қаралған. Жиында Н.Морозов көшесіне Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан, Энгельс кө­шесіне мемлекет қайраткері Смағұл Сәдуа­қасов, Фурманов көшесіне дра­матург Жұмат Шанин, Менжинский көшесіне диктор, Халық әртісі Әнуарбек Байжанбаев, Галетто көшесіне көрнекті ғалым, әдебиеттанушы Рымғали Нұр­ғали, Пархоменко көшесіне Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетов, Автодорожная көшесіне жазушы Әди Шәріпов, Пржевальский көшесіне Кеңес Одағының Батыры Рақымжан Қошқарбаев, Трусов көшесіне ғалым Әзімбай Лекеров, Волгоградская көшесіне Абай жолы, Титов көшесіне жазушы Кәмен Оразалин, Тельман көшесіне Желтоқсан, Карл Либкнехт көшесіне Желтоқсан көтерілісінің құр­баны Сәбира Мұхамеджанова, Смо­ленская көшесіне опера әншісі Роза Жаманова, Новосельская көшесіне ақын Тұрсынхан Әбдірахманова, Крас­ный Пильщик көшесіне театр және кино актері Әбілқасым Жаңбырбаев, Красин көшесіне Кеңес Одағының Ба­тыры Мұқатай Әбеулов, 8-ая Красно­знаменная көшесіне сәулетші Мұратбек Жанболатов есімін беру жөніндегі ұсыныстар жан-жақты талқыланып, көпшілігі депутаттар тарапынан қолдау тапқан екен. Алайда үш көшенің (Прже­вальский, Титов, 8-ая Краснознамен­ная) атауын ауыстыруға өз уәжін айтып, қарсылық білдіргендер болыпты. «Үш көшенің атын өзгертуге тұрғындар тарапынан қарсылық туындаған соң қалалық мәслихаттың тұрақты ко­миссиясының отырысын өткізіп, олар­ды әзірге өзгеріссіз қалдыруға шешім қабылдадық. Қазір Рақымжан Қош­қарбаев, Кәмен Оразалин мен Мұратбек Жанболатовқа қаладан басқа көше беру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Осы жұмыс аяқталғаннан кейін тағы да бір отырыс өткізіп, ұсыныстарымыз қолдау тапса, облыстық ономастикалық комиссияға жібереміз. Ол жақтан қолдауға ие болса, республикалық ономастикалық комиссияға жолданады. Жалпы, Семейде, қалаға қарасты ауыл­дарда атауын ауыстыруды қажет ететін 272 көше бар. Оның 65-і – идеологиялық тұрғыдан ескірген, қалғаны – қайта­ланатын, мән-мағынасыз көшелер. 2025 жылға дейін жылына 40-50 көшеден ауыстыру жоспарымызда бар», – дейді Семей қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Назерке Аққожина.

Зиялы қауым өкілдері не дейді?

«Семейде 56 көше атауы өзгереді» деген ақпар жарияға шыққан соң әлеу­меттік желілерде әртүрлі пікір айтылды. «Әбілпейіз сұлтан, Ахметсафа, Әріп ақын, Жұмабек Тәшенев, Дінмұхамед Қонаев аттары берілсе», «Алаш меце­наты Мұхамедхан Сейітқұл тізімде неге жоқ?», «Кенесары мен Абылай хан қай­да?», «Атақты композитор Теміржан Ба­зарбаев аты тағы сызылып тасталды», «Семейде Мұстафа Өзтүрік атында көше бар ма?». Осындай пікір-ұсыныстармен қатар «Көше ауыстыру қаржыны босқа шашу» деген сөздерді де көзіміз шалды. Ал Семейдің зиялы қауым өкілдері не дейді? «Семей қаласының тарихын әлі түгендеп болғанымыз жоқ. Ша­һар­дағы көшелерді өзгерту бағытында үлкен, жүйелі жұмыстарды қолға алуы­мыз қажет. Әлі Алаш арыстарының көп­шілігі атаусыз жатыр», – дейді этно­граф Молдабек Жанболатов. Тіл жанашыры, ақын Құсмілия Нұр­қасым Семейдегі 300-ге тарта көшенің 70-ке жуығы ғана қазақшаланғанын, мұның өте аз екенін айтады. «Өз басым қалалық ономастикалық жұмыс тобында жоқпын. Жақында Семейде Әлихан Бөкейханға үлкен көше беріледі дегенді естіп қуанып қалдым. Қазір көкірегімде, көңілімде жүрген бір дүние, бұрынғы Алаш қаласында Алашорда деген көше болуы керек. 2000 жылдардың басында «Еліміздің барлық қаласы мен аудан-ауылдарына Алаш немесе Алашорда деген көше берілуі керек» деген ұсыныс айтқан едім. Бұл ұсынысым орындалмай қалды. Қаладағы әуежайды Алаш, Қарағайлы ықшамауданындағы үлкен спорт кешенін Алаш Арена деп атау жөнінде де ұсыныс білдіргенбіз. Семейде Селевин деген үлкен көше бар. Кім екенін көпшілік білмейтін секілді. Осы көшені Алашорда деп өзгертсе деген тілегім бар. Өйткені Семей  – Алаштың астанасы. Алашорда өкіметі екі жарым-үш жыл тұрған жер», – дейді ол.

Шығыс Қазақстан облысы