Шығыс Қазақстан облысында психотроптық заттарды заңсыз сатқан 3 медицина қызметкеріне қатысты қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшылары өңір аумағында есірткі айналымына қатысты құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған «Дәрмек» жедел-алдын алу шарасын жүргізді.
«Шара барысында құрамында есірткі және психотроптық заттар бар дәрілерді рецептсіз сату, осындай заттармен жұмыс істеу ережелерін бұзу фактілеріне ерекше назар аударылған. 19 дәріхана, 12 емхана мен 7 кәсіпорын тексерілді. Нәтижесінде, психотроптық заттарды заңсыз сатқан 3 медицина қызметкері анықталды. Оларға қатысты ҚР ҚК-нің 303-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды», – делінген ақпаратта.
Сондай-ақ Семей қаласындағы дәріхана фармацевті дәрілерді рецептсіз сатқан. Қазіргі уақытта ҚР ӘҚБтК-нің 426-бабы бойынша тиісті материал ШҚО Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне жолданды.