Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты түйінді мақаласы Кеңес Одағы құлаған кезден бастап, Қазақстанның қазіргі тәуелсіздік алған кезеңге дейінгі қиын-қыстау жағдайларға объективті идеологиялық баға беруге бағытталған жұмыс. Баршамызға мәлім, бүгінгі әлемде тарихқа деген әртүрлі көзқарастар пайда болған. Кейбір мемлекеттер өзін-өзі көтеру үшін тарихи фактілерді өзіне қаратуда. Кей кезде болған оқиғаларды өз пайдасына бұрмалап, геосаяси мақсатына жаратуда…
Осы тұрғыдан алатын болсақ, Тұңғыш Президентіміз өзі араласқан, шынайы тарихи оқиғалар қандай болғанын, Қазақстанның тәуелсіздік жылдары күрделі мәселенің алдында тұрғанын, қалай шешкенін, ол шешімдерді қабылдауын, негізгі ұлттық мүддемізді қалай қалыптастырғанын баяндап, тиянақты жауап берген.
Тағы бір мәселе, қандастар жайы. Қандастарымызды шет елдерден алдырып қана қоймай, басына – баспана, өзіне – жұмыс, ұрпағына білім берді. «Әр қазағым – жалғызым» деп, жер бетінде тарыдай шашылған халықты жерімізге жинауға тырысқан Елбасымыздың үміті белгілі. Енді бұл іс әлі де жалғасын таба береді деп сенеміз. Елді біріктіру – Елбасының ең басты ұстанымы. Ол идеясы халықтың көңілінен шығатын маңызды құндылық! Осы ұран арқылы Елбасы елдің рухын жандандырды. Аталмыш мақаласы алдында шыққан бірнеше туындылардың жалғасы деп білу керек. «Тәуелсіздіктің жеті тұғыры», «Ұлы даланың жеті қыры» және «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» – осының бәрі халыққа рухани күш береді, оның ұлттық сана-сезімін оятады деп ойлаймын.
Қазір бізде екі үлкен саяси тұлғаларымыз, тарихта Қазақ хандығының іргетасын қалаған ұлы бабаларымыз Керей мен Жәнібек секілді көш басшыларымыз «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып отырған тәрізді. Бірі – біздің елімізді тәуелсіздік жолына жетелеген Тұңғыш Президентіміз болса, екіншісі осы тұра жолды сақтаушы, жалғастырушы қазіргі Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Кемелұлы елдің экономикалық, саяси, сыртқы және ішкі істерімен айналысса, оның ыстық-суығына түсіп жүрсе, Нұрсұлтан Әбішұлы – стратегиялық бағыттарды қалыптастыра отырып, оның философиялық маңызын ашып, істеліп жатқан шараларға оң баға беріп еліміздің рухани тірегіне айналды. Яғни, ол кісі – баршамызға рухани басшы. Өзге мемлекеттерде де осыған ұқсайтын жүйелер қалыптасқан. Мысалы, Қытай елінде Дэн Сяо Пин биліктен кетсе де, рухани жағынан басшы болып және жаңа экономиканың негізін қалаған архитектор атына ие болды. Иранда да президентімен қатар рухани билік өкілінің беделі мықты. Елдің тұрақтылығына қосатын үлесі мол жүйе қалыптасқан. Осы жағынан алып қарайтын болсақ, жалпы, бұл – шығыс саяси мәдениетіне сай қалыптасқан дәстүр деуге болады.