Айтысқа тәуелсіздік қан жүгіртті – Әсем Ережеқызы
Айтысқа тәуелсіздік қан жүгіртті – Әсем Ережеқызы
©turkystan.kz
662
оқылды

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында «Тамырын да, тарихын да, күш-қуатын да Ұлы даладан алатын, көптеген этнос өкілдері татулық пен келісімде, береке-бірлікте бірге өмір сүріп жатқан дәл осындай елдің ұлы мен қызы болу – әр қазақстандықтың маңдайына жазылған шексіз бақыт» дейді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары экономикалық коллапс біраз саяси дағдарыс туғызып, этносаралық қарым-қатынастар шиеленіске түскені жасырын емес. Әлемдік жаһандану үрдісі бізді бір жағынан панисламизм, бір жағынан батыстық өркениеттің «құндылықтарымен» өз ықпалдарына түсіргісі келді. Алайда Елбасы республика тағдырын өз қолына алды! Сөйтіп, біз бүгін халқы береке-бірлікті, өзара тату,  әлем сыйлайтын мемлекет болдық.

«Біздің жұрт – тамырын жеті қат жер астына жіберген алып бәйтеректей өзінің күш-қуатын ғасырлар бойы Ұлы дала төсінен алған байырғы халық» делінген мақалада. Тоқсаныншы жылдардан бері қарай біздің атамұра айтыс өнеріміз де айрықша серпіліс алды. Айтыс – әдеби жанр болғанымен, өте ертеден қалыптасқан сахарадағы халықтық дәстүрдің үлкен түрі. Кейіннен қазақ сахнасынан жойылып кете жаздаған хас өнердің тамырына тәуелсіздік қан жүгіртті. Қан жүгіріп қана қойған жоқ, рухы қалғи бастаған қазақ баласының бойындағы қазақы қасиеттердің қайтадан еңсе тіктеуіне ықпал етті. Айтыста айтылған ұтымды сөздер ел арасында аңыз болып тарап, айтыс ақындары абыздай ардақталатын болды.

     Сонымен қатар тәуелсіздік алғаннан бері елімізде қаншама мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылды. Соның бірі – биыл құрылғанына 25 жыл толған, білімді, талантты, талапты жастардың шетелдің озық университеттерінде білімін шыңдауға мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасы. Өзім «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері ретінде биік өркениетке бастайтын осы бағдарламамен оқып келген түлектердің білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылым және техника салаларында жүздеген ғылыми жобаны жүзеге асырып, зор жетістіктерге жетіп отырғанын айтқым келеді.

Мен өзімнің балалық шағымның және жастық дәуренімнің ел тәуелсіздігі жылдарымен тұспа-тұс келгені үшін өзімді бақытты сезінемін.