Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы ұғына білген адамның ұлттық болмысын жанып, патриоттық рухын асқақтатады.
Расында, егемендік бабалар армандаған елдік пен еркіндіктің символы болып жалғасқан ұлы арман еді. Елбасы мақаласынан сонау өткен заманның қалтарыс-бұлтарысы мен бүгінгі тәу етер тәуелсіздік жылдарындағы жетістігімізді таныдық. Тарихтан белгілі сақтар мен ғұндар, одан соң түркі халқы туын тіккен Ұлы далада өз мемлекетінің негізін қалады. Елбасы дауылдар мен дабылдар, «жан алысып, жан беріскен», «егеулі найза» ұстаған ықылым замандардан бері ұлтымыздың баға жетпес өзіндік дәстүрлері мен әдет-ғұрпын, еркіндіктің рухы мен рухани кеңістігін, ғажайып тілі мен сұлу сазын сақтап қалған қасиеттерін тебірене жазды. Жүрекке жеткізді. Ғасырлар тоғысында, ел тарихында ерекше орны бар тәуелсіздік салмағын көтеру оңай болмағанын ерекше атап өтті. Әрине, Елбасы жүрегіндегі сөз – тарих сөзі, заман сөзі, ұрпақ сөзі. Жалпы, осы мақаладан Кеңес Одағының тарихи жолдарын шолуға болады. Өткен ғасырдың 70-жылдарындағы жағдай, одан кейінгі Горбачевтің «қайта құру» саясатының қалай күйрегенін Елбасы ашық жазды. Ұлт Көшбасшысы жазғандай, қиын-қыстау кезеңде Қазақстан халқы «бір жағадан бас шығарды». Ортақ мақсат үшін небір қиындықтарды жұмыла жеңіп, ұлттық бірлік пен татулыққа қол жеткізді. Өткен тарих – кеткен тарих емес. Ол – бір жағынан ұлт жадында, ұрпақ санасында қалатын қиын, зобалаң жылдардан хабар беретін құжат болса, екіншіден, онда бабаларымыздың асқақ арманы орындалған кезең де құндақтаулы.
Мақалада Елбасы халық рухына бас иетінін жеткізді. Иә, халық небір зұлмат күндерді көрсе де, қиындыққа көніп, еш мойымады, үміті үзілер шақта болашаққа сенді, кері емес, алға жылжыды. Ұлы Отан соғысы жылдарында Отан үшін от кешті. Осының барлығын байыппен жазған Елбасының мақаласында үлкен ой, тағылым жатыр. Сондықтан бұл – тәуелсіздік жолының жылнамасы. Онда Елбасы 30 жылдық белестегі халық, ұлт тағдырын жас ұрпаққа сыр ретінде жазғандай. Әрине, Қазақстанның өркениетті елдердің қатарына қосылуы да Тұңғыш Президенттің кемеңгер басшы болғанын айғақтайды. Мақала ұлттық мұратымызды саралап, болашаққа қадам басуға оң ықпал етеді деп ойлаймын. Себебі Елбасы жүрегінен шыққан сөз тарихпен астасып, шынайылығымен ерекшеленеді. Тұңғыш Президент осы уақытқа дейін ұлттық құндылықтарды жандандырып, бірегейлікті сақтауға көп күш салды. Мақаланы оқығанда соның барлығын таразылай отырып, «Елбасы жолы – Қазақстан жолы» екеніне көз жеткізесің.
Мұқаш ЕСКЕНДІРОВ,
Қазақстанның Еңбек Ері