Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Жаңа жыл мерекесін отбасында атап өткенді жөн санайды. Сондай-ақ үлкен-кішілі ұжымдық кештер өткізу әр аймаққа және эпидемиологиялық жағдайға байланысты екенін мәлімдеді.
«Жаңа жыл – әрқашан отбасылық мейрам. Сондықтан адамдар санын шектеген дұрыс. Вирус ешқайда кеткен жоқ. Өкінішке қарай, ауру әлі де таралып, өлім-жітім деректері тіркеліп жатыр. Барынша сақтанып, мерекені отбасыңызбен ғана қарсы алыңыз», – деді министр.
Оның айтуынша, ірі жиындарды да шектеген жөн.
«Адамдар аз жиналған жиынның өзінде індет жұқтыру қаупі бар, оның алдын алу үшін белгілі талаптарды орындау қажет. Қазір арақашықтық сақталатын кейбір конференцияларды айтпағанда, ірі іс-шаралар өткізіліп жатқан жоқ. Мектептердің өзі күн сайын жабылып қалатынын көріп отырсыздар. Адамдар әлі де ауырып жатыр. Одан құтылудың жалғыз тәсілі – вакцинация», – деді Алексей Цой.
Ол Денсаулық сақтау министрлігі ұжымдық кеш өткізбейтінін жеткізді.