Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.Көлгіновтің бастамасымен Елорда мәслихаты және өнер қайраткерлері Түркістан қаласындағы «Ақжайық» музыка мектебіне арнайы ат басын бұрып, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығы шеңберінде мектеп оқушыларына музыкалық аспаптарды тарту етті.
Төрт қақпалы Түркістанның төрінде бой көтерген «Ақжайық» музыка мектебі жаңа аспаптармен толықты. Елордалық өнер сүйер азаматтардың бұл сыйлығы түркістандықтарға аспаннан аспаптар жауған күнге теңеген, қуаныш сыйлаған күн болды.
Заманауи үлгіде салынған мектепте 138 оқушы өнердің оннан аса түрінен дәріс алады. Атап айтқанда, домбыра, қобыз, жетіген, фортепиано, скрипка, вокал, ұрмалы аспаптар, ән-терме, баян және соксофон. Үйірмелерге консерватория түлектері ұстаздық етіп, оқушылар республикалық байқауларда жүлделі орындарға ие болуда.
– «Кез келген мемлекеттің ертеңі – өскелең ұрпақ екені заңдылық. Әсіресе, елдің, ұлттың болашағы әрине ең бірінші дарынды, өнерлі, білімді, интеллектуалды және зерделі ұрпақтың қолында! Сондықтан бүгін біз елордадан Түркістан қаласына арнайы ат басын бұрып, бүкіл түркі дүниесінің алтын бесігі іспеттес Түркістандағы «Ақжайық» музыка мектебіне елордалық әкімдік пен мәслихаттың, Нұр-Сұлтан қаласындағы өнер қайраткерлерінің атынан арнайы тапсырыс беріп жасалған, сапасы өте мықты домбыра, қылқобыз, жетіген, баян, скрипка, прима-қобыз секілді аспаптарды алып келдік. Бұл аспаптар арқылы болашақта Түркістандағы «Ақжайық» музыка мектебінде білім алып жатқан жас дарындар өздерінің таланттарын, шығармашылық әлеуетін көрсетіп, республикалық, халықаралық өнер сайыстарында топ жарып шығатынына сенемін!», – деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Музыкалық жас көрермен» театрының директоры Асхат Маемиров.
Қос қабаттан тұратын сәулетті ғимарат музыкалық аспапта сабақ өтуге барынша лайықталған. Аталған мекеме мамандарының айтуынша, келешекте үлгерімі жақсы шәкірттерден жоғары деңгейлі оркестр құрып, көптеген халықаралық, түркі әлемі елдеріне барып қазақтың ұлттық аспаптары мен өнерін насихаттайтын болады.