Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласы жарияланды. Бұл мақала – көпке ой салған, құнды дүниелердің бірі. Биыл ел Тәуелсіздігіне – 30 жыл. 30 жыл «қас қағым ғана сәт болғанымен, еліміз үшін үлкен белес, асқаралы асу». Елбасы мақаласында: «Біз тәуелсіздікке бейбіт жолмен қол жеткізсек те, оған барар жолда бабалар қаны аз төгілген жоқ. Тәуелсіздік сол киелі қанның өтеуі еді. Мен мұның бәрін біз сенген, тәрбиелеген бүгінгі жас ұрпақ білсін, санасына сіңірсін деп әдейі жазып отырмын» дейді. Расында, «Тәуелсіздік – бабалар қанымен келген киелі құндылық» екені ақиқат.
Содан болар, 1991 жылы 14 желтоқсанда Жоғарғы Кеңестің 12-шақырылымының 7-сессиясында «Қазақстанның мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» конституциялық заң талқылауға түскенде бірқатар пиғылы бөтен депутат «бүйректен сирақ шығарып» бұра тартты. Және олардың қолтығына су бүркіп отырған сыртқы күштердің бар екені де бесенеден белгілі болды. Бұл жағдайды Елбасы Н.Назарбаевтың өзі былай суреттейді:
«Еліміздің жетекші заңгерлерінің қатысуымен алдын ала сараланып, сараптамадан өткізіліп, қапысыз даярланған заң бірден-ақ мақұлдануы тиіс болатын. Оның үстіне, өзге республикалар мұндай заңдарын әлдеқашан қабылдап қойған. Бірақ жағдай біз күткеннен басқашалау болып шықты»,– дейді Тұңғыш Президент.
Елбасының айтуынша, күн тәртібінде тәуелсіздік мәселесі талқыланатыны жарияланған сәтте-ақ бір депутат: «Біз кімнен және неден тәуелсіздік алғалы отырмыз?! Өзіміз 70 жыл бойы сөгіп келе жатқан Ресей империясы үлгісімен енді қазақ империясын құруға ұмтылып жатқан жоқпыз ба осы?» – деп арандатушылық пиғылдағы сұрағын кесе-көлденең тартқан.
Жоғарғы Кеңесте арандатушыны қостаушылар да аз болмады. Олар «Қазақстандағы 17 миллион адамның жартысынан көбі орыстілді қауым екенін, егер тәуелсіздік жарияланса, олар бөтен мемлекеттің азаматтары болып шығатынын, мұндайға жол бермеу керек екенін» айтып, зар қақты.
Сондай-ақ енді бір «халық қалаулысының»: «Қазақ КСР-нің немесе Қазақстан Республикасының Президенті тек қазақтың ғана болуы азаматтық теңқұқылыққа қиянат емес пе?» деген сұрағына депутат С.Сартаев «заңда қазақ елінің Президенті «мемлекеттік және ұлтаралық келісім тілін қатар меңгерген адам» бола алатыны жөнінде тайға таңба басқандай жазулы» деп тойтарыс берген еді.
Сол кезде Жоғарғы Кеңесте Ә.Кекілбаев, С.Зиманов, С.Сартаев, М.Қозыбаев, Ө.Жолдасбеков,тағы басқа да елге сыйлы, белгілі заң және қоғам қайраткерлері отырғанына, олардың айтқан дәлелді әрі орнықты уәжіне қарамастан, заң жобасын екі күн бойы талқылаған депутаттар ортақ мәмілеге келе алмаған. Сөйтіп, талқылау әбден тығырыққа тірелген шақта, 16 желтоқсан күні Жоғарғы Кеңеске Елбасының өзі барып, бұл заңның қабылдануын жалғыз Қазақстан халқы ғана емес, бүкіл әлем күтіп отырғанын айтып, депутаттарға мән-жайды түсіндірген.
«Бұл заңды қабылдауымыз керек, өйткені жалғыз біз ғана қалдық. Көпұлтты Қазақстан халқының алдында біздің арымыз таза. Бұл – барлығы әр сөзін үңіліп отырып оқитын маңызды заң. Менің сайлауалды бағдарламам, біздің шешкелі отырған барлық мәселенің түйіні – осы. Басты мәселе – мемлекеттік тәуелсіздік мәселесі. Артық шүйлігудің, ешқандай мән-маңызы жоқ сөздерді қосудың қажеті жоқ. Заңды осы күйінде басым көпшілік дауыс арқылы қабылдау керек деп санаймын. Баршаңыздан осыған бейілділік білдірулеріңізді сұраймын»,– деген еді Н.Назарбаев.
Елбасының жігерлі сөзінен кейін қисық-қыңыр сөйлеген депутаттардың біразы райынан қайтып, заң жобасы көпшілік дауыспен қабылданды. Бұл – ата-бабамыз армандап өткен, барша қазақ жұрты асыға күткен тарихи сәт, ел тәуелсіздігін айшықтаған алғашқы құжат еді.
Бүгінде бәзбіреулерге тәуелсіздік қансыз, қиындықсыз, тегіннен-тегін келе салған сияқты көреді. Бірақ қазақ халқының азаттық үшін қалай жанқиярлықпен күрескенін, осы мақсаттың жолында қанша қан төгіліп, талай тағдырдың өмірден көшкенін ескере бермейді. Мәселен, патшалық Ресей мен КСРО-ға қарсы Қазақстанда 700-ге тарта ірілі-ұсақты көтеріліс болғанын біреу білсе, біреу білмес. Бұл көтерілістердің жартысына жуығы Кеңестер Одағы кезінде болған.
Одан бөлек, 20-30 жылдардағы ашаршылықтың екі толқыны кезінде халықтың жартысынан астамының опат болуы, тұтас ауылдардың түп орнымен атамекеннен үдере көшуі, одан кейін қуғын-сүргін жылдардағы атылып-асылған, абақтыға қамалған, итжеккенге айдалған аяулы ұл-қыздарымыздың тәлкекке түскен тағдыры – бәрі тәуелсіздік жолындағы құрбандықтар.
Ал коммунистік жүйенің қазақ халқының тіліне, діліне, дініне, мәдениетіне, тарихына, тағы басқа ұлттық құндылықтарға қарсы жүргізген қанқұйлы саясатының кесапаты өз алдына бөлек әңгіме. Тәуелсіздік жер бетіндегі ешбір халық үшін тегіннен-тегін берілмеген, ол – ұлттың жанымен, қанымен келетін құндылық, сонысымен де қасиетті.
Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев: «Тәуелсіздік те бақыт сияқты, бағалаған адамның, аялаған қоғамның ғана қолына тұрақтайды. Халқы тату, экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты, мәртебесі биік, абыройы асқақ Қазақстанның болашағы кешегіден кемел, бүгінгіден нұрлы екеніне кәміл сенемін» деген еді.
Ендеше ата-бабамыздан мирас болған, біздің буынның қолы жеткен, болашақ ұрпаққа аманат болып қалатын Тәуелсіздігіміз қашанда баянды болсын, ағайын!