Жылына орта есеппен 700 млн кВТ*сағ. электр қуатын өндіретін Шымкент қаласындағы №3 ЖЭО жылу электр станциясы қайта жаңғыртудан өтіп жатыр.
Бұл кешеннің меншік иесі – «3-Энергоорталық» акционерлік қоғамы. 2000 жылы құрылған кәсіпорын жылу мен электр қуатын өндірумен айналысады. Еуразиялық Топтың құрамына өткен ЖЭО қазіргі таңда электр қуатын «Қуат-Жылу–Орталық-3»-ке жеткізеді.
2018 жылдан бері инвестиция тарту және жаңғырту бағдарламасы аясында кәсіпорында біршама ауқымды жұмыстар жүргізілді. ERG (Еуразиялық Топ) инвестицияларының арқасында ЖЭО аймаққа жылу мен электр қуатын еш кедергісіз әрі үзіліссіз беріп отыр.
– 2020 жыл кім-кім үшін де оңайға соқпады. Тосыннан келген коронавирус пандемиясының салдарынан бүкіл жер жүзінде көптеген салалар тұралап қалды. «Әлемдік деңгейдегі дағдарыс, яғни, жан-жақты қыспаққа алған түрлі шектеулер бұл кәсіпорынның жұмысына да кәдімгідей әсер етті, – дейді кәсіпорынның бас инженері Бауыржан Байымбетов.
Логистика мен мердігер ұйымдардың жұмысшыларын тарту ісінде қиындықтар туғаны рас. Осының өзі жаңғырту бағдарламасы аясында атқарылуы керек жұмыстардың уақытында аяқталуына және көлеміне едәуір әсер етті. Дегенмен, бұл қиындықтарға қарамастан, 2020 жылы 1 миллиард теңгеден астам қаржы толық игерілді. Станцияның және мердігер ұйымдардағы жұмысшылар күшінің арқасында жөндеу жұмыстары ауқымдырақ орындалды. Жылу маусымы қарсаңында №1 қазандық күрделі жөндеуден өтті. Үш қазандыққа да, түтін мұржасына да монтаж жұмыстары жүргізілді. Бұл жерде басқарушы компанияның (ERG) көрсетіп отырған қолдауын айтпай кетуге болмайды. 2018 жылдан бері станциядағы жабдықтарды жаңалауға қатысты күрделі мәселелерді осы компания шешіп келеді.
2021 жылы тарифтік міндеттемелерді орындау мақсатында №2 және №3 қазандық агрегаттарының оң жақ, сол жақ, алдыңғы экрандары және ЭБҚ (экранды бумен қыздырғыш) ауыстырылып, ТСН-1 трансформаторы күрделі жөндеуден өтті.
Соңғы 10-15 жылдың көлемінде ОРУ-220/110кВ, ЗРУ-110кВ порталдарында оқшаулағыштар (изолятор) мүлдем ауыстырылмаған еді. Биыл мердігер компаниялардың көмегімен ОРУ-220/110кВ, ЗРУ-110кВ порталында оқшаулағыштар ауыстырылып, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Ауқымды инвестициялардың ұзақ мерзімді жоспары аясында, сондай-ақ жылу энергиясын өндіруге арналған тарифтік сметаны орындау мақсатында 2022 жылы №1 станциядағы ТГМЕ-464 қазанагрегатының 4 сатылы өткізу пунктіне (КПП) және №1,2,3 бойлерлерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр.
Қазір жылу электр орталығының жұмысында кінәрат жоқ. Соңғы 2 жылдың көлемінде жылуға, электр қуатына қатысты тұрғындардың тарапынан арыз-шағым түскен емес. Себебі станцияның, қазандықтар мен басқа да жабдықтардың жұмыс процесі бір жолға қойылған. Бұл – тұрақтылыққа ден қойған кәсіпорынның басты жетістіктерінің бірі.
Кәсіпорын жылу электр орталығындағы жабдықтарды жаңалаумен шектелмей, қарамағындағы еңбек етуші жұмысшылар үшін де жайлы жұмыс орнын жасауға тырысады.
– Әрине, кім болса да ғимарат ішінде ескі жиһаздарды пайдаланып, тозығы жеткен жабдықтармен жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан біздің кәсіпорын қазір де, алдағы уақытта да кез келген жұмысшының еңбек жағдайын жақсартуға, тынығатын орындарын жасақтауға бар күшін жұмсайтын болады. Ендігі жерде қызметкерлерге арналған асхана мен санитарлық бөлмелер де заманауи кейіпке енеді. Себебі жұмысшы үшін таза әрі жайлы орында еңбек еткен әлдеқайда тиімді. Осы жаңғырту бағдарламасы ұжымның әл-ауқатын көтеріп, жұмысқа деген ынтасын оятары сөзсіз, – дейді «3-Энергоорталық» АҚ НR-серіктесі Шолпан Нұртаева.
Бүгінде бұл кәсіпорында 600-ден астам жұмысшы еңбек етеді. Көп жылдар бойы тәжірибе жинаған білікті энергетиктермен бірге болашағынан көп үміт күттіретін жастар да еңбек үшін барлық жағдай жасалған орталықта білек сыбана жұмыс істеп жүр.