Жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды
Жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасағандар ұсталды
213
оқылды
Түркістан облысында жанар-жағармай станциясына қарақшылық шабуыл жасалды, – деп хабарлады Polisia.kz.  Ресми мәліметке сәйкес, Шардара ауданында орналасқан жанар-жағармай станциясына түнде Daewoo Nexia көлігі келген. Ішінен медициналық бетперде киген үш адам қару ұстап түскен. Ал жанар-жағармай станциясында екі адам ғана болған. Біреуі – кассир, екіншісі – қарапайым жұмыскер. Қарақшылар екеуін қорқытып, ақша талап еткен. Сосын кассадан 120 мың теңгені алып, қашып кеткен. Даладағы көлікте оларды тағы бір сыбайласы күтіп отырған. Оқиға орнына барған полицейлер күдіктілердің қай бағытта қашып кеткенін анықтады. Сөйтіп, Жетісай аудандық полиция бөліміне хабарласып, қылмыскерлерді ұстауға аттанды. Қарақшылар 40 шақырым шалғай жерге кетіп қалған. Ал полицияны көрген бойда көлікті тастап, қаша жөнеліпті. Екеуі қолға түсті, екеуі қашып кетті.
"Тергеу кезінде екі күдіктінің Жетісай ауданының тұрғыны екені анықталды. Үшіншісі – Ақмола облысының тумасы, төртіншісі – Шымкент тұрғыны. Төртеуі де бұрын сотталған. Іздеу шаралары жалғасып жатыр", – дейді полицейлер.
Қазіргі кезде Қылмыстық кодекстің 192-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары басталды.