Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарияланды. Онда Елбасы: «Мен отыз жыл бойы халқымды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай, қайраңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін меңгерген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елордамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен бақытым да осы деп санаймын» деп атап өтті. Иә, осы уақыт ішінде мемлекетіміз халықаралық аренада иығы шыңмен тіресіп таласқан елдердің қатарынан табылып, өзінің дара жолымен дамыған, гүлденген елге айналып, мемлекеттігінің тұтастығын төрткүл дүниеге таныта білді. Сөз жоқ, бұл аталғандардың барлығы халқымыздың бірлігі мен ынтымағының, еңбекқорлығының, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаевтың, Президентіміз Қ.Тоқаевтың байыпты саясатының, көрегендігі мен кемелдігінің, шебер ұйымдастырушылығының нәтижесімен келгені баршаға аян.
Қазақстанның соңғы үш онжылдықтағы мемлекеттік құрылыстағы тарихи серпілісінің, әртараптандырылған нарықтық экономиканы құруда үшінші мегаполис Шымкент қаласының алар орны ерекше. Шымкент қаласы халқының 52 пайызы егемендік алған 30 жылдың ішінде дүниеге келген. Елімізде атқарылған көптеген ауқымды жоба мен жетістіктің ішінде Шымкент қаласы мен жұртшылығының алатын үлесі көп. Еліміздің үшінші мегаполисіндегі өз жұмысында «Nur Otan» партиясы шымкенттік әрбір аза-маттың қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып, қарапайым тұрмыстық мәселеден бастап, едәуір ауқымды проблемаларды шешуге ұмтылуда.
«Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бекітілген Жол картасының орындалуы бүгінде қала тұрғындарының көңілінен шығуда. Ұлттық құндылықтар дәріптелген мегаполисте «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы шаһарда партияның өңірлік филиалы құрылған жылы 21 мың мүшесі болса, ал қазір 35 мыңға артқан.
Республикалық маңызға ие қала атанған Шымкент ендігі жерде еліміздің қаржылық, экономикалық және мәдени орталығына айналуы тиіс. Біз өз қаламызды еңбек ету мен демалуға, өмір сүруге қолайлы, қауіпсіз әрі табысты шаһар еткіміз келеді.
Бүгінде Шымкент қаласында 258 мыңнан астам отбасы өмір сүреді. Оның шамамен 25 мыңы көпбалалы отбасылар. Дана халқымызда «Өз үйім – өлең төсегім» деген тәмсіл бар. Баспана – әрбір отбасының қуанышы мен шаттығының, мәнді де берекелі ғұмырының бастауында тұрған құндылық. Сондықтан «Nur Otan» партиясы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге айрықша назар аударады. Одан бөлек, Тәуелсіздік жылдарында бизнесті мемлекеттік қолдау шараларының арқасында 30 жылда қала экономикасына 2 триллион 600 миллиард теңге инвестиция тартылып, шағын және орта бизнес нысандарының саны 87 мыңға жетті. Өз кезегінде бұл 250 мыңнан астам жұмыс орнының құрылуына себеп болған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде бір жылда 460 миллион теңге инвестиция тартылған болса, биылғы жылдың 10 айының қортындысы бойынша бұл көрсеткіш 325 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,4 есеге жоғары. Жыл соңына дейін қала экономикасына тартылатын инвестиция көлемі 400 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде.
Тұңғыш Президентіміз айтқандай, адамды қандай қиындықтан да аман алып шығатын құдірет – еңбек екенін ескерсек, еліміздің көркейіп, кемелденуі үшін алдымызға қойған міндеттерді орындауда жауапкершілік таныту – әрбіріміздің парызымыз.
Қайрат СҮЛЕЙМЕНОВ,
Шымкент қаласы мәслихатының депутаты