Толғандыратын да, ойландыратын да тарихи еңбек
Толғандыратын да, ойландыратын да тарихи еңбек
325
оқылды
Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың күні кеше ғана жарық көрген «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақала­сы – егемендігіміздің 30 жылдық мерейтойына арналған толғандыратын да, ойландыратын да тарихи еңбек. Толғандырады деуіміз де кез­дей­соқ емес, мақала бірден тарихи шежіре секілді әсерлі әңгімеден басталады. Соған орай қазақ халқының жүздеген, мыңдаған жылдардың ар жағынан бастау алатын бүкіл тарихы бір сәт көз алдымызға келеді. Яғни, тәуелсіз Қазақстанның кең-байтақ жері, ұшан-теңіз қазақ даласы қазіргі жер бетіндегі әлденеше мем­лекетке бөлініп, әртүрлі жағдайда өмір сүріп жатқан ұзын саны жүз миллион­ның арғы-бергі төңірегіндегі түркі­тілдес бүкіл халықтардың ежелгі ата­мекені екені санамызда қайта жаң­ғырады. Және қазіргі қазақ халқының сол бүкіл түркі жұртының ежелгі ата­мекенін аман-есен сақтап, барлық баяғы салт-дәстүрін, мәдениеті мен өнерін, ең бастысы ана тілін ешқандай қылау түсірмей, қаз-қалпында бүгінгі жаңа ғасырға, жаңа мыңжылдыққа жеткізгеніне де күмәнсіз сенесіз. Өйт­кені Елбасы бұл жаңа еңбегінде осы­ның бәрін жіпке тізген маржандай сөздермен әсем өрнектеп, қысқа да нұсқа, бірақ барынша тартымды тіл­мен жеткізе білген. Бұл ретте қазақ жері бүкіл түркі халқының ежелгі ата­мекені дегенді белгілі тарихшы ғалым­дар мен зиялы қауым өкілдерінің бұ­дан бұрын да, әсіресе тәуелсіздік алған­нан кейінгі кезеңде үнемі айтып, жазып келе жатқаны да және мұндай тарихи еңбектердің жұртшылықтың әрқашанда ерекше ықылыспен қабыл­дайтыны да баршаға мәлім. Міне, осы тұрғыдан келгенде Тұңғыш Прези­дентіміздің «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласының алар орны ерекше. Өйткені бүгінде Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл әлемге кеңінен танымал ба­рын­ша беделді де белгілі қайраткерлердің бірі. Соған орай Елбасының айтқан сөздері, баспасөз бетінде жарық көр­ген ой-толғамдары дүниенің түкпір-түкпіріне бірден тарайды. Елбасының қазіргі қазақ жері – бүкіл түркі жұр­тының ежелгі атамекені деп нақтылап, нығырлап жасаған тұжырымы осы сәттен бастап жер бетін түгел шарлап кетеді. Ал мұның өзі сырт жерлердің қазақ халқына деген ынта-ықыласын барынша арттырып, Қазақстанның абырой-беделінің жаңа деңгейге кө­терілуіне үлкен ықпал жасайды. Әсі­ресе, кезінде Елбасының тікелей қолға алуымен басталып, соңғы уақытта айтарлықтай қызу жүзеге аса бастаған алыс-жақындағы түркітілдес респуб­ликалармен мәдени-рухани, оқу-білім және іскерлік-экономикалық ынты­мақтастығын бұрын-соңды болмаған жоғары белеске көтеруге ерекше ықпал жасайтыны да анық. Қазақстан өзінің бейбіт өміріне, ауызбір­шілігі мен тыныштығына ешқандай сызат түсірмей, аман-есен сақтап қал­ды. Егер сол кездегі жағ­дай­мен са­лыс­тырсақ, бұл кәдімгідей таңға­лар­лық жағдай. Өйткені тә­уелсіздікті енді ал­ған кезеңде рес­публикамыздағы қазақ халқы 40 па­йызға енді ғана жет­кен еді. Ал біраз өңірде бұл көрсеткіш тіптен төмен болатын. Соған орай са­ны ба­рынша көп өзге ұлт өкілдері Қа­зақ­стан­ның өзгелерден бөлініп, жеке мем­лекет болуына қарсылық біл­діруі әбден мүмкін болатын. Тіпті, өзіміз тұрған өңірді Қазақстаннан бөліп, өзге елге қосыламыз дейтін әңгі­мелердің көтерілуі де «ғажап» емес еді. Және мұндай жағдайлар ол жыл­дары өзге республикалардың біра­зында кезек-кезек көтеріліп жатқан. Соған орай Қазақстанның арғы-бергі тарихы мен жағдайынан хабары бар шетелдік саясаткерлерден бастап, әлемдегі жұрт­­шылықтың көбі бұл елде ұлт­ара­лық жанжал міндетті түрде бо­лады деп есептеді және оның қалай, қашан басталатынын да жаппай күте бастады. Бірақ олардың бұл «үміті» ақталмады. Қазақстанда мұндай қауіпті әрі күрделі шиеленістің өзі түгілі көлеңкесі де бой көрсетпеді. Бірақ уақыт өте елімізді бұл қиын да күрделі кезеңнен жаңадан қол жет­кіз­ген тәуелсіздігіміздің іргесін шай­қалт­пай, аман-есен өту ең алды­мен Қазақ­станның Тұңғыш Прези­денті – Елба­сы Нұрсұлтан Назар­баевтың аса ма­ңызды тарихи еңбегі­нің нәтижесі еке­ніне біртіндеп бә­ріміздің көзіміз анық жетті. «Тәуел­сіздік тағылымы» ма­­қаласын оқу ба­рысында бұл сені­міміз одан әрі нығая түсті. Яғни, Ел­басы тәуелсіздігіміздің тағдыры сынға түскен сол бір қиын уақытта Қазақ­станды ұлы Абайдың «Ақырын жүріп, анық бас» деген на­қыл сөзін негізге ала отырып, бо­ла­шаққа тәуелсіздікке сы­зат түсірмей, болашаққа бастап шыққан. Сөзімізді түйіндей келе айтары­мыз, Елбасының «Тәуелсіздік тағы­лы­мы» мақаласы – бүгінгі замандаста­рымызға да, келер жаңа ұрпаққа да аса пайдалы, маңызды да қажетті тарихи еңбек.

Сұлтанәлі БАЛҒАБАЕВ, жазушы-драматург