Тәжікстаннан келген 3 студент интернет алаяқтық жасағаны үшін ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Криминалдық полиция жастардың Instagram әлеуметтік желісінде қымбат тұратын, бірақ қолдарында жоқ IPhone ұялы телефондарын сатумен айналысқанын анықтады.
– Клиенттерді мобильді құрылғының бағасы қызықтырды. Ол нарықтық құнынан әлдеқайда төмен болды. Олар сатушылардан күмәндануы керек еді, бірақ бәрі керісінше болып шықты, арзан бағаға телефон алғылары келетіндер көп болды. Бұл саудамен ЖОО-ның бірінің 3-курсында оқитын үш студент айналысқан. Олар ҰҚКД қызметкерлері көмегімен Алматы облысы Қарасай ауданы Қаскелең қаласында ұсталды. Қаскөй қолда жоқ өнім үшін төлемді ақша аударымдары арқылы алған, – деді Алматы қалалық ПД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Қуатбек Науатов.
Оның айтуынша, күдіктілер қаражатты алғаннан кейін қолданушыларды бұғаттап, аккаунттың атын өзгерткен. Келтірілген шығын көлемі екі миллион теңгеден асады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.