«Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесіне орай партиялық наградаларды салтанатты табыстау шарасы өтті.
Мерекелік шарада филиал төрағасы құттықтауын жеткізіп, бірқатар азаматтарды марапаттады.
– Баршаңызды Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтаймын! Ел мен Елбасы егіз ұғым десек, Тәуелсіз Қазақстанның іргетасының қаланып, шекарасының шегенделіп, бүгінгідей беделді әрі қуатты мемлекет болуында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ерекше.
Қазіргі таңда халқымыздың қолдауымен және «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттары жиынтығында айтылғандай саясаттағы сабақтастығымыздың арқасында Елбасы салған сара жолды Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы жалғастыруда.
Елбасының бастамасымен құрылған «Nur Otan» партиясының да ел дамуымен қатар келе жатқан 20 жылдан астам уақытта Тәуелсіз Қазақстанның саяси және әлеуметтік - экономикалық өркендеуін қамтамасыз етудегі ролі жоғары, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Жиында партия бастамаларына қолдау білдіріп, белсенділік танытқан партия мүшелері партияның "Беленді қызметі үшін" төс белгісімен марапатталды. Олардың қатарында медицина, білім, мәдениет, спорт саласында еңбек етіп жүрген партияластарымыз және партия ардагерлері бар.