Апалы-сіңлілі қыздарды өлтірген күдікті 24 жылдан кейін ұсталды
Апалы-сіңлілі қыздарды өлтірген күдікті 24 жылдан кейін ұсталды
383
оқылды
Ресейде апалы-сіңлілі қыздарды өлтірген күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Павлодар облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі. 24 жыл бойы ер адам мемлекетаралық іздеуде болған. Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтың айтуынша, ұсталған ер адамды өңірдегі ПД көші-қон қызметінің қызметкері анықтаған.
"Полиция қызметкері Гүлстан Батталова Ресей аумағында апалы-сіңлілі екі қызды өлтірді деген күдікке ілінген 54 жастағы қазақстандықты анықтады. Полиция подполковнигі ер адамды азаматтықты анықтау бойынша құжат қабылдау кезінде танып қалған", – деп мәлімдеді Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов.
Оқиға 1997 жылы наурызда Омбы қаласында болды. 30 жастағы (қылмыс жасаған кезде) ер адам жанжал кезінде шолақ мылтықтан 25 жастағы қыздың басына оқ атқан, кейін оның 22 жастағы сіңлісін бірнеше жерден пышақтап тастаған. Екеуі де оқиға орнында көз жұмды. Ауыр қылмыс жасағаннан кейін ол тергеу органдарынан жасырынып, оған мемлекетаралық іздеу жарияланды.