Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен желтоқсан оқиғасының 35 жылдығы аясында Алматыда «Желтоқсан – Ел Тәуелсіздігінің бастауы» деректі фильмінің тұсаукесері өтті, деп хабарлайды "Айқын" тілшісі.
Деректі фильм 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушы – белсенділердің тағдыры және Алматының басты маңызы туралы баяндайды. Көрерменге бірегей архивтік кадрлар, қызықты адамдармен эксклюзивті сұхбаттар ұсынылған, елдің саяси жаңару процесі қарапайым әрі түсінікті тілде сипатталған.
Аталған деректі фильмде күрделі тарихи кезеңге объективті баға беріліп, ұлы мақсат – Тәуелсіздікке жетудің күрделі жолы туралы баяндалады.
Тұсаукесерге қатысқан жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Мереке Құлкенов сол жылдардағы оқиғалар туралы объективті баяндайтын мұндай жұмыстың маңыздылығын атап өтті.
«Фильм өте жақсы, шын мәнінде деректі болып шығыпты. Мұрағаттық құжаттар, хроника, желтоқсан оқиғасына куәгерлер мен қатысушылардың әңгімелері пайдаланылған. Алматы әкімдігінің қолдауының арқасында желтоқсаншылардың тарихы мен рөлін объективті бағалау үшін тағы бір маңызды қадам жасалған", - деді М. Құлкенов.
Фильмнің премьералық көрсетіліміне барлық Желтоқсан ұйымының өкілдері шақырылды. Олардың арасында Нұрлыбек Қуанбаев, Гүлбаһрам Жүніс, Мырзағұл Тәжіғұлұлы, Үміт Босманова, халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің бауыры Талғат Рысқұлбек пен Гүлмира Баятқызы бар.
Жаңа туындыны «Алматы» телеарнасының шығармашылық тобы түсірген. Фильмнің режиссер Атлан Бұлыбаев, редактор Айдана Шалқарова және продюсер Әйгерім Асқарбай. Түсірілім шамамен 5 айға жуық уақытта түсірілген. Нәтижесінде көрермендерге 60 минуттық деректі теледидарлық жоба ұсынылды.
Айта кетейік, 1986 жылғы әйгілі оқиғаны есте сақтау шаралары аясында Алматыдағы бір көше «Желтоқсан» деп аталады. Оның Республика алаңымен қиылысында «Тәуелсіздік таңы» монументі орналасқан. Алматы көшелеріне Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев сынды батырлардың есімдері берілген.