Балқаш көлінде жағалауға жете алмай қалған 4 балықшы құтқарылды
Балқаш көлінде жағалауға жете алмай қалған 4 балықшы құтқарылды
Сурет: ҚазАқпарат
310
оқылды

Балқашта балық аулап жүріп, көлдің ортасында қалып қойған балықшылар құтқарылды, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.

12 желтоқсанға қараған түні Балқаш көлінде төрт балықшы құтқарылды. Құтқарушыларға балықшылар хабарласып, көмек сұраған. Ер азаматтар жағалауға өз күшімен жете алмайтынын айтты, өйткені жұқа мұз бен шұңқырлар және жарықтар кедергі болған. Балықшылар өздерінің шамамен қай тұста екенін хабарлады. Құтқару операциясын жүргізу үшін Қарағанды облысы ТЖ департаментінің құтқарушылары оқиға орнына шықты, сондай-ақ «Қазақмыс корпорациясына» тиесілі жүзу құралы тартылды. Балықшылармен телефон байланысы үздіксіз жүргізіліп тұрды. Таңертең балықшылар жағадан шамамен 25 шақырым қашықтықтан табылды. Азаматтар жағаға жеткізілген бойда үйлеріне қайтты. Медициналық көмекті қажет етпеді. Құтқарушылар мұзға шығу кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін ескертеді. «Тәуліктің қараңғы уақытында мұзға шықпаңыз. Ауа райының жиі өзгеруіне байланысты облыстың су айдындарында мұз бірде қалың, бірде жұқа. Өзендер мен көлдерде мұз еріп жатыр. Мұз тез ағатын, су басатын және ағын су жүретін жерлерде, сондай-ақ су өсімдіктері өсетін аудандарда, ағаштар мен қамыстың жанында берік болмайды. Төтенше жағдай қаупі төнген немесе туындаған кезде 112 немесе 433636, 433737 телефондарына қоңырау шалыңыздар» деп ескертеді құтқарушылар.