Тәуелсіздік ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген күні. Тұңғыш Президентіміз – Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» мақаласында айтқандай көп ұзамай ең қасиетті құндылығымыз – ел тәуелсіздігінің торқалы тойын атап өтеміз.
«Осыдан отыз жыл бұрын біз саналы түрде, өз дүниетанымымыз бен болмысымыздың негізі ретінде бостандық пен азаттыққа таңдау жасадық. Бүгінге дейінгі бұл мерзім адамзат тарихы үшін қас-қағым ғана сәт болғанымен, орда бұзар жасқа енді толған Тәуелсіз Қазақстан үшін ол – үлкен белес, асқаралы асу» деп атап өтті Елбасы өз мақаласында. Иә, Тәуелсіздік еліміздің баға жетпес байлығы. Бұл тәуелсіздік қанша ғасырдан бері армандап келе жатқан бұрынғы ата-бабаларымыздың аңсаған арманы, аналарымыздың көз жасы. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің мақаласында «біз жаңа заманда қантөгіске жол бермей, қасиетті киеміз – тәуелсіздікке сабыр мен төзімділік, ақыл мен парасат арқылы қол жеткіздік» деді тағы бірде. Шүкір, қазір Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында қол жеткізген жетістіктермен бейбіт, тыныш, әлемде өзінің орны бар мемлекетте өмір сүріп келеміз.Бүгінгі таңда осынау тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы үшін ел алдында еңбек етіп келеміз. Жетінші шақырылымдағы Шымкент қаласы мәслихатының 2021 жылғы 15 қаңтардағы І сессиясының шешімімен бюджет және экономикалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясы құрылып, оған төрағалық етіп келемін. Есепті мерзім ішінде 2021 жыл басында қала бюджеті 387,6 млрд теңге болса, І тоқсанда өткен бюджетті нақтылауда 60,9 млрд теңгеге ұлғайып, 448,6 млрд теңгені құраған. ІІ тоқсанда өткен бюджетті нақтылауда 33,0 млрд теңгеге ұлғайып, 481,6 млрд теңгені құраған. Жалпы жыл басында бекітілген қала бюджеті 94,0 млрд теңгеге ұлғайып отыр. Сонымен қатар, депутаттық сауалдардың нәтижесінде 20,5 млрд теңге түрлі өзекті мәселелерге бағытталды. Тұрақты комиссия төрағасы мен комиссия мүшелері ай сайын белгіленген кесте бойынша өз округтерінде азаматтарға қабылдау жүргізіп, тұрғындардың мәселесіне мән беріп келеміз. Нәтижесінде құзырлы органдарға 27 мәселе бойынша депутаттық сауалдар жолдап, олардың оң шешілуіне ықпал еттік. Бүгінде партияның сайлауалды бағдарламаларының орындалуын ерекше назарда ұстап отырмыз. Қалаға жаңадан қосылған елді мекендердің табиғи газбен, таза сумен қамтылуы, жол салыну және камералармен қамту шаралары жүруде. Сөз соңын Елбасы мақаласындағы мына сөйлеммен аяқтағым келіп отыр. «Тәуелсіздіктің мән-мағынасы туралы түрлі ғылым өкілдері өзінше тұжырым жасайтыны анық. Бірақ бір нәрсе ақиқат, ол – ата-бабаларымыздың азаттық жолындағы жан алысып, жан беріскен сан ғасырлық күресінің заңды жалғасы, халықаралық құжаттармен бекітіліп, мәңгілікке берілген сыйы».Бүкіл еліміз, оның ішінде Шымкент қаласы да тәуелсіздік жылдарында қарқынды дамыды. Соңғы отыз жылда Шымкент қаласындағы халық саны 400 мыңнан 1 миллионға жетті. 1991 жылы қалада 72 мектеп болса, бүгінде 202 мектеп өскелең ұрпаққа білім беруде. Осы жылдар ішінде қалада өнеркәсіп өнім көлемі 10 млрд теңгеден 670 млрд теңгеге артқан. Қала бюджеті 1 млрд теңгеден бүгінгі күнде 497 млрд теңгеге өскен.
Альбина Елшиева, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты.