XX ғасырдың басында зиялы қауымның 60-70 пайызы өзге ұлттан әйел алғаны баршаға аян. Мәселен, Тұрар Рысқұлов, Мұстафа Шоқай, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезовтің жары өзге ұлт өкілі еді. Ал қазір, керісінше, XXI ғасырда қазақ қыздарының арасында өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, бақытты отбасын құрып жатқандары да өте көп. Мысалы, жақында Жүрсін Ерманның эфиопиялықтармен құда болуы ел назарына ілікті. Кінәлағандар да, керісінше, бақыт тілегендер де көп. Біз осы орайда шетелдіктерге тұрмысқа шыққан зиялылардың ұрпақтарын іздеп көрмек болдық.
– Менің Ардақ деген кіші қызым бар. Өзі Алматыда тұрады. Соның Айдана деген қызы, менің жиенім. «Тіл үйренсін» деп оны Жаңа Зеландияға жібергенбіз. Сол жақта мектепті бітірген соң Швейцариядағы академияға «қонақүй бизнесі» бойынша оқуға түскен. Артынан Испанияға барып, магистратурада оқыды, – дейді Жүрсін Ерман.
Қаныш Сәтпаев жайында естеліктің бірінде Камиланың хаты жарияланған. «Ардақты Қанеке! Жүрекжарды хатыңызға шексіз ризамын, тәнті көңілмен рақмет айтамын. Алайда уәдемнен шыға алмадым, кінә – өзімнен... Сізге ұл сыйламай, қыз туған соң басыңыз менен азат. Бұл сәбидің алдағы тауқыметі, тәрбие-тәлімі – өзімнің мойнымда. Азатсың дегенімді солай түсініңіз және келіспеймін деп дауласпаңыз, асыл Қанеке! Бір ғана тілегім бар: балаңа атыңды сыйла, есімін ойлап та қойдым: Жәмила болады, фамилиясы – Өтегенова, тек куәлігіне Қанышқызы деп жаздыруға рұқсат етіңіз! Сізге менен бұдан өзге тілек болмайды...» - деген екен.
Ғалым Немат Келімбетовтің есімін білмейтін жан жоқ. 10 жыл бойы аяғынан жүре алмай, төсек тартып жатқанда жұбайы Қуаныш Тазабекқызы жанында болған. Ағамыздың Мұхит және Қайрат деген қос ұлы бар. Ал олардан тараған ұрпағы – Қанат, Шынар, Айсұлтан, Азат, Диана, Даниал. Қайраттың қызы Шынар қазір – Швейцарияда, ұлы Айсұлтан Нематов АҚШ-та тұрып жатыр.
Елімізде кәсіпкер-бизнесмендер өте көп. Ал олардың балалары негізінен шетелде білім алады. Көбісі сол жақта жүріп, өз теңін жолықтырып, отбасылы болып жатады. Мысалы, Марғұлан Сейсенбаевтың үйленгеніне 26 жыл болды. Келіншегі Сәуле екеуі Зере, Дәмелі және Альмира деген үш қыз өсіріп отыр. Үлкені Зере қазір Лондонда тұрып жатыр. Bloomberg-те жұмыс істейді.
Міне, осылай шетелде жүрген қазақ зиялыларының балалары әлі қаншама?! Ақын Қайырбек Асанов пен Күләш Ахметованың қызы Жазира Асанова да шетелдікке тұрмысқа шыққан деседі...