Қостанай облысы Воскресеновка ауылының тұрғыны, шаруашылық иесі Александр Павловский 120 миллион теңгеге бірнеше үй тұрғызып, көршілерге таратып берген.
– Ауылға көшіп келгеніме 20 жылдан асты. Сол кезде бұл жерден жаппай бәрі көшті. Әсіресе, немістер ғой, өз еліне оралып жатты. Ауыл қаңырап, бос қалды. Тіпті, жойылу алдында тұрды. Жүрегім сыздады. Сонда адам секілді өмір сүрейік деп ойладым. Сөйтіп, қолымда бар ақшаға үй сатып алып, жөндей бастадым. Шаруашылықпен айналыстым, – дейді Александр Павловский.
Қазір ауыл кейпі өзгерген. Шағын ғана елді мекеннің тіршілігі қызу. Маңайдағы ауыл-аймақтан көшіп келіп жатқандар да бар. Олар жұмыспен бірге баспанамен қамтылып отыр.
Надеждин ауылдық округінің әкімі Нұрсұлтан Бақытжановтың сөзінше, фермер бұл жақсылықты өз қалауымен жасап отыр. «Ауыл тұрғындарының өмірін барынша жақсартуға атсалысуда», – дейді ол.