LRT ісі бойынша іздеуде жүрген Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековтің есімдері Интерпол сайтында жоқ болып шықты
LRT ісі бойынша іздеуде жүрген Талғат Ардан  мен Қанат Сұлтанбековтің есімдері Интерпол сайтында жоқ болып шықты
© sn.kz
АҚШ заңы бойынша ол көші-қон режимін бұзбаса, қызыл бюллетеннің болуы іздеуде жүрген адамды ұстауға негіз болмайды. Сонымен қатар, АҚШ пен Қазақстан арасында қылмыскерлерді ұстап беру туралы екіжақты келісімнің болмауы істі қиындап отыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет, сондай-ақ LRT ісі бойынша іздеуде жүрген Талғат Ардан мен Қанат Сұлтанбековтің есімі неге Интерпол сайтында жоқ екенін түсіндірді.
«Астана қаласы әкімдігінің лауазымды тұлғаларына және LRT, BRT/ITS жобаларын іске асыруға бөлінген ақша қаражатын жымқыру фактілері бойынша өзге де тұлғаларға қатысты қылмыстық іс аясында Т. Арданға және Қ.Сұлтанбековке «қызыл бюллетень» бойынша (қамауға алу және экстрадициялау мақсатында) халықаралық іздеу жарияланды. Жүргізілген іс-шаралар Т. Арданның Түркияда орналасқанын анықтады. Сот оны қамауға алу үшін сырттай санкция берді. Осы мемлекеттің құқық қорғау органдары оның орналасқан жерін анықтау және ұстау бойынша іс-шаралар жүргізуде», – деп хабарлаған агенттік.
Ал атап өткеніміздей, Сұлтанбековтің АҚШ аумағында екендігі анықталған. Оны ұстау және экстрадициялау туралы өтініштер келесі тарапқа бірнеше рет жолданған.
«Алайда, АҚШ заңы бойынша егер ол көші-қон режимін бұзбаса, қызыл бюллетеннің болуы іздеуде жүрген адамды ұстауға негіз болмайды. Сонымен қатар, біздің азаматты экстрадициялау қылмыскерлерді ұстап беру туралы екіжақты келісімнің болмауымен қиындап отыр. Бұл мәселені уәкілетті орган пысықтайды», – делінген ақпаратта.
Ал агенттік мәліметіне сүйенсек, Интерполдың талаптары мен ережелеріне сәйкес Интерполдың жария веб-сайтында қылмыскерді іздестіру және оларды жариялау туралы мәліметтер зор қоғамдық резонанс тудырған, сондай-ақ қоғамға жоғары қауіп төндіретін (кісі өлтіру, терроризм, экстремизм және т.б.) қылмыстар жасаған адамдарға қатысты жарияланады.
«Дәл осы талаптар іздестірілетін адамдарды бәріне қолжетімді тізімге қосуға негіз болады. Жария веб-сайтта мәліметтерді жариялау туралы түпкілікті шешімді Интерполдың Бас хатшылығы (Лион, Франция) қабылдайды. Осылайша, іздестіріліп жатқан адамдардың Қ. Сұлтанбеков пен Т. Арданның жария сайтта болмауы – олардың Интерпол дерекқорында жоқтығын білдірмейді», – дейді агенттік өкілдері.