Мақсат – тиімді мемлекет және әділетті қоғам құру
Мақсат – тиімді мемлекет және әділетті қоғам құру
356
оқылды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде салтанатты жиынға қатысушыларды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, бұл мерекенің ұлт мерейін өсіретін ұлық мейрам екенін атап өтті.
– Біз тарих тұрғысынан алғанда қысқа мерзім ішінде жаңа Қазақстанның негізін қаладық. Тұғыры берік, экономикасы қуатты, беделі биік мемлекетке айналдық. Мұның бәрі, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев­тың көреген саясатының жемісі. Сонымен бірге бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нә­тижесі. Кез келген халықтың табысқа жетуі азаматтарына байланысты. Бұл – өмірдің заңы. Адам капиталы мықты мемлекет барлық қиындықты еңсере алады. Тәуел­сіз­дік кезеңінде халқымыз елдіктің бірегей үлгісін көрсетті. «Еңбек – ырыс­тың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтылмаған. Шын мә­нінде, біздің бүгінгі жетіс­тігіміз – барша халқымыздың ортақ жеңісі. Жаңа Қазақстанды өр­кендетуге азаматтарымыздың көбі сүбелі үлес қосты. Бүгінгі ме­рейлі сәтте елі­міз­дің барша азаматтарына табанды еңбегі үшін зор алғыс айтамын, – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы көпғасырлық мемлекеттілігіміздің маңызды кезеңі және заманауи Қазақстан жылнамасындағы айтулы белес екеніне тоқталды. Оның айтуынша, осы жылдар ішінде еліміз зор жетістіктерге қол жеткізген, күрделі сын-қатерлерді еңсерген үлкен жолдан өтті. Президент экономиканы және әлеуметтік саланы жаңғырту мәселесіне, соның ішінде өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, құрылыс саласының, қаржы секторының қар­қынды дамуына назар аударды. Өңірлерде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Білім беру және денсаулық сақтау салаларында кешенді трансформация жалғасуда. Мемлекет зейнетақы, жәрдемақы және еңбек­ақы көлемін тұрақты түрде арттырып, өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындауда.
– Мемлекеттік басқару жүйе­сінде ауқымды өзгерістер болды. Мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған 10 ұлттық жобаны бекіттім. Қоғамдық-саяси салада елеулі өз­­герістер жасалуда. Мен ұсынған саяси реформалар топтамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Біз Тәуелсіз Қазақстан та­ри­хында алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткіздік. Биыл маусым айында адам құқық­тары саласындағы алдағы шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат құқық қорғау саласын кешенді түрде жаңғыртуға бағытталған. Қоғамдық диалогті біртіндеп дамыту үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Мұның бәрі азаматтарымыздың шешім қабылдау және мемлекеттік басқару ісіне белсене қатысуына жол ашады. Біздің мақсатымыз – тиімді мемлекет және әділетті қоғам құ­ру. Бұл стратегиялық бағыт өзгермейді. Алдымызда халықтың әл-ау­қатын одан әрі арттыру, қасиетті Тәуелсіздігімізді нығайту жөніндегі ауқымды міндеттер тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Парламенттің қос палатасының төрағаларына, Премьер-Министрге және Мемлекеттік хатшыға Тәуел­сіздік күні қарсаңында жергілікті тұрғындармен кездесу үшін аймақтарға барып, еңбегімен ерекшеленген азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстау жөнінде бер­ген тапсырмасы туралы айтты.