Сейілбек Ысқақов: Аягөз абаттанып келеді
Сейілбек Ысқақов: Аягөз абаттанып келеді
587
оқылды
Шығыс Қазақстан облысының ең үлкен аудандарының бірі – Аягөз. Тоғыз жолдың торабында орналасқан өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігі қалай? Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерейтойы қарсаңында Аягөз ауданының әкімі Сейілбек Ысқақовпен аз-кем сұхбат құрған едік.  – Сейілбек Абұйырұлы, аңыздар мен абыздар елі Аягөз ауданы Тәуел­сіз­діктің 30 жылдығын қалай қарсы алып жатыр? – Тәу етер Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық белесі – ел тарихындағы маңызды кезең. «Елу жылда ел жаңа» дегендей, 30 жыл мұғдарында ойдағымыз болып, ортамыз толып, мемлекетіміз биік белестерді ба­ғын­дырды. Шекарамыз шегенделіп, жоғымыз түгенделіп, еліміз әлемдік қауымдастықта өзінің айшықты орнын қалыптастырды. Ал Шығыс Қазақстанның ең іргелі аудандарының бірі саналатын Аягөзде азаттықтың алтын күрек желі ескен жылдарда халық игілігі үшін аз жұмыс атқарылған жоқ. Ең іргелі аудан деп бекерге айтып отыр­ғаным жоқ, себебі бүгінде өңі­ріміз­де 73 мыңға жуық адам тұрады. То­ғыз жолдың торабында орна­лас­қан Аягөзде ауыл шаруа­шылығы да, өндіріс те өркен жай­ған. – Аягөз деген аядай бұлақ деседі, Жұрттарда қалған жұмбақты кімдер шешеді? Аягөз болып ғасырлар алға кө­шеді, Аягөз ая арулар елі кешегі, – деп қа­зақ­тың көрнекті ақыны Мұқағали Мақатаев жырға қосатын Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың кесенесі де біздің ауданда орналас­қанын мақтанышпен айтқым келеді. Тәуелсіздік жылдары аймақта көп­теген әлеуметтік нысан бой кө­тер­ді. Бір ғана білім саласына тоқ­талсақ, 9 мектеп, 11 балабақша мен 25 мектепке дейінгі балаларды дайындау орталығы ашылды. Қазір ау­данда 55 мектеп бар, онда 15 мың­ға жуық оқушы білім алады. Бар­лық білім ордасы компьютерлендірілген. – Осыдан үш жыл бұрын Аягөз қаласында екінші деңгейлі инсульттік орталық ашылғанын білеміз. Сол кезде бұл орталық Үржар, Тар­ба­ға­тай мен Жарма аудандары­ның тұрғындарына да қызмет көр­сетеді деп еді. – 2018 жылы осындай орталық біз­дің Аягөзбен қатар Алтай қала­сын­да да ашылған еді. Мұндағы мақ­сат облыс орталығынан шал­ғайдағы аудандардың сырқаттанған тұрғындарын Өскемен мен Семей секілді үлкен қалаларға салпақтат­пай шұғыл медициналық көмек көрсету болатын. Сол үшін орта­лыққа компьютерлік томограф сияқ­ты қымбат құрылғылар сатып алынды. Мәселен, Аягөздегі инсульттік орталықтың құрылысына аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тікелей қолдауымен «Парыз» қо­ры­нан 637 миллион теңге қаражат бөлінді. Орталық дәрігерлері шет­ел­дің үздік клиникаларында білік­тілігін арттырып, білімін шыңдап қайтты. Аудандық аурухана жанынан 3 деңгейдегі перзентхана бөлімі ашылды. Жалпы, тәуелсіздік жылдары аудандағы 19 ауылдық округ­тің дәрігерлік амбулаторияларына күрделі жөндеу жүргізілді. Тарбаға­тай ауылында жаңа дәрігер­лік амбулатория пайдалануға берілді. Қазір аймақта 5 аурухана, 20 дәрі­гер­лік амбулатория, 17 фельдшерлік акушерлік пункт тұрғындарға медициналық көмек көрсетеді. – Қазір Аягөзде құрылыс қар­қынды жүргізіліп жатқан секілді. – Иә, ауданымыздағы құрылыс қарқыны көңіл қуантады. Баспаналы болу әр азаматтың арманы ғой. Осы мақсатта 2010-2011 жылдары «Бастау баспана» бағдарламасы бо­йынша Аягөз қаласында 80 пә­тер­лі үйге күрделі жөңдеу жүргі­зіліп, халық игілігіне берілді. Талай мемлекеттік қызметші баспаналы болды. Сол жылдары шаһарда 12 пәтерлі көпқабатты тұрғын үй салынды. 2017 жылы Аягөз қаласы­ның «Солтүстік» ықшамауданында «Жұмыспен қамту Жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында 50 орындық жатақхана құрылысы аяқталып, жас отбасылар қоныс­тойын тойлады. 2018 жылы Аягөз гарнизонының «Оңтүстік» әскери қалашығында 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің кілті әскерилерге табыс етілді. 2020 жылы өңірлік «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы шеңберінде екі пәтерлі 10 тұрғын үй (20 пәтер) салынып, 20 көпбалалы отбасы баспанаға қол жеткізді. Сонымен қатар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында екі бес қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жа­қында Тұңғыш Президент күніне орай Аягөз қаласында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен бірнеше отбасына пәтер кілті салтанатты түрде табыс етілді. Сондай-ақ «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында аудан бойынша 31 отбасы 1 000 000 теңгенің сертификатын алды. Аягөз ауданында тұрғын үйді пайдалануға берудің көлемі 2021 жылдың соңына дейін 73 736 шаршы метр болады деп күтілуде. Жалпы, жыл соңына дейін қалада 186 адамды баспанамен қамту ойымызда бар. – Аудандағы ең өзекті мәселенің бірі – ауызсу. Бір жылдары бюджеттен тиісті қаржы бөлінсе де, бірнеше ауыл­дың ауызсуға қосылмағаны айтылған еді. Қазір қалай? Мәселе шешімін тапты ма? – Осы жылы құрылысы толық аяқталмаған Ай және Қопа ауылдарында су бөгеті мен су құбыры желілерін салу жұмыстарын жал­ғас­тыру мақсатында қайтадан мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Соның нәтижесінде Ай, Қопа ауылдары бойынша қайталама мемлекеттік сатып алу қорытындысына келісімшарттар жасалды. Облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Ақтүбек, Аққілет, Қопа, Қарабұлақ және Желдіқара елді мекендеріне блокты-модульді стансалар орнатылды. «Жұмыс­пен қамту Жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы Мамырсу ауылдық округінің Батпақ елді мекенінде, Ақши, Айғыз, Баршатас, Емелтау, Нарын, Сарыарқа, Тарбағатай, Бидайық, Қосағаш, Мәдениет ауылдарындағы орта­лық­тан­дырылған су жүйесіне жөн­деу жұмыстары жүргізіліп, ауызсу беріліп жатыр. 2021 жылы 50 елді мекенің 45-і ауызсумен қамтамасыз етіледі деп жоспарланған, бұл – 90 пайыздық көрсеткіш. Демек, елді мекендердегі 30 099 адам орталық­тан­дырылған ауызсуға қол жеткізеді. 2020 жылы аудандағы 50 ауыл­дың 39-ы ауызсумен қамтылған болатын. Ай, Ақтас, Биесимас, Ор­­таарал, Ақшоқы және Ескене бұ­лағы елді мекендеріне блокты-модульді стансалар орнату ойымызда бар. Бұған облыстық бюджеттен қаражат қарастырылған. Байқошқар мен Қорық ауылдарына ауызсу келесі жылы келеді. Об­лыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасына бюджеттік өтінім берілді. Сонымен қатар Аягөз қаласы­ның «Солтүстік» ықшамауданын­дағы 167 тұрғын үйді инженерлік инфрақұрылыммен жабдықтау мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жоба іске асырылуда. Осы жоба шең­берінде аудан орталығындағы 37 көшенің 79 шақырымына ауызсу құбырын тарту көзделген. Қазір мердігер мекеме анықталған, жұмыстар биыл басталып, 2022 жылы аяқталады деп жоспарланған. – Облыста бұрын аудан орта­лығы болған ауылдарды дамыту мақ­сатында арнайы бағдарлама қабыл­данғанын білеміз. Бұрынғы Шұбартау ауданының орталығы Бар­шатас ауылында қандай жұ­мыстар жүргізіліп жатыр? – Баршатас ауылдық округіне жергілікті бюджеттен 11 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. 2021 жылы Қойтан би көшесін жарық­тан­дыру үшін 17 баған орнатылды. Ауылдағы шағын футбол алаңы жөңделді. Облыстық бюджеттен 50 миллион теңге бөлініп, су тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы жылдың басында Шығыс Қазақ­стан облысы әкімінің орынбасары Ержан Нұрбаев аймақ басшысы Даниал Ахметовтың тапсырмасымен ауданымызға іссапармен келіп, Баршатас ауылына барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Кездесу барысында ауылдағы аурухананы жөндеу, заман талабына сәйкес медициналық құралдармен жабдықтау, білікті мамандармен қамтамасыз ету, жолдарға асфальт төсеу, саябақ жасау, балалар ойын алаңын орнату, ауыл тұрғындарына кәсіпкерлікті дамытуға жеңіл­детіл­ген несие беру, жаңадан коммунал­дық мекемелер ашу, өрт сөндіру көлігін жаңарту, жаңа жұмыс орындарын құру сияқты мәселелер айтылды. Алдағы 4 жыл көлемінде ауылдың жолдары жөнделеді, елді мекендегі ауруханаға қосымша қаражат бөлінеді. – Аягөз – спортшылар мекені. Жақында футзалдан өткен әлем чемпионатында Аягөздің 5 бірдей жігіті шаршы алаңда ойынның көрігін қыздырды. Жалпы, өңірде спорттың дамуы қалай? – Иә, Біржан Оразов, Дәурен Тұрсағұлов, Жомарт Тоқаев, Болат Сарбасов, Нарун Серіков сияқты жерлестеріміздің әлем чемпионатында ұлттық құрама сапында өнер көрсеткені үлкен мақтаныш сезімін ұялатады. Қазақстанның бокстан ерлер құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов та біздің аудан­ның тумасы. Осыдан біраз жыл бұрын Әлем чемпионы болған Мерей Ақшалов, Рүстем Іргебаев, қазір кәсіпқой бокста жүрген Мейірім Нұрсұлтанов та Аягөздің өрендері. Әрине, осындай даңқты спортшыларды тәрбиелеп шығару үшін әуелі оларға тиісті жағдай жасалуы керек. Спортпен алаңсыз шұғылданатын спорт залдары болуы қажет. Осыны жақсы түсініп, туған жердің туы биікте болсын деп үлкен спорт кешенін салып берген атымтай жомарт азаматтар бар. Көр­некті қоғам қайраткері, Тәуел­сіз Қазақстанның тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейме­нов «Туған жерге тағзым» акциясы аясында Аягөз қаласында 64 миллион теңгеге бокс кешенін тұрғыз­ды. «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» саябағына Street workout спорттық алаңын орнатуға да көмектесті. Біздің ауданда негізінен футбол, волейбол, гір спорты, армрестлинг, балалар хоккейі, бокс, қазақша күрес сияқты спорт түрлері жақсы дамыған. Бүгінде өңірімізде 180-нен астам түрлі спорт нысаны халыққа қолжетімді, тегін қызмет атқарады. 2021 жылдың басында ауданда бұқаралық спортты дамыту үшін жергілікті бюджеттен 100 миллион теңгеден астам қаражат бөлініп, 15-ке жуық футбол және стрит воркаут алаңдары салынып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, Аягөз ауданы жылдан-жылға абаттанып, көркейіп келеді. Бұл, әрине бізді қуантады. – Әңгімеңізге алғыс білдіреміз!

Шығыс Қазақстан облысы