Азаптау – арға жат, беделге дақ
Азаптау – арға жат, беделге дақ
397
оқылды
Шымкентте көлік айдап әкетті деген күдікке іліккен қостанайлық спортшы жігіттің полиция ғимаратында көз жұмуы көпшіліктің көңіліне алаң салды. Жай ғана тергеуге әкетілген атпал азаматтардың айдың-күннің аманында полиция қолынан қаза табуы деректері көбейіп бара жатқандай. Мұндай жағдайлар құқық қорғау орган­дарына деген қоғам сеніміне селкеу түсіреді. Оның үстіне, халық арасында үрей туады. Өйткені өткен ғасырда құзырлы органның көлігіне отырып кеткен «күдіктілердің» кері қайтпай қалғаны жұрттың әлі жадында.

Полицияға аяғымен барып, табытта қайтты

2020 жылғы 17 қазанда полиция Шығыс Қазақстан облысының Қаратума ауылының 33 жастағы тұрғыны Азамат Оразалыны «мал ұрлады» деген күдікпен ұстап алып кетеді. Сол күні кешке оның ағайындарына Азаматтың жантәсілім еткені туралы қаралы хабар келген. ШҚО-ның Мақаншы ауылындағы полиция бөлімінде Азамат Оразалының өлуіне қатысы бар деген күдікпен 3 полиция қызметкері тұтқындалып, уақытша қамау изоляторына жабылды. Қылмыстық кодекстің «Азаптаулар» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметов азаматынан айырылған ауылдың ақсақалдарымен және тұр­ғындарымен кездесіп, марқұмның ана­сына, туған-туысына көңіл айтты. Аймақ басшысы бұл істің тергелуін Үкі­мет басшысы жеке бақылауға алғанына, айыпты тұлғалар тиісті жазасын ала­тынына сендірді. Ауданға өңірдің про­куроры және Полиция департаментінің бастығы бастаған арнайы топ жетті. Алайда бұл қылмыстық істің ақыры немен тынғаны сол бойы белгісіз болып қалды. Тек соған байланысты поли­цияның бес қызметкері – үш күдікті сыртында Үржар ауданының полиция бөлімінің екі басшысы қызметінен қуылғаны хабарланды. Бертінде zhalobi.kz порталында тәртіп сақшыларының анонимді ша­ғымы жарияланды. Онда олар «оқиғаның қалай өрбігеніне» қатысты өз нұсқасын әңгімеледі: Мақаншы АПБ қызмет­керлері мал ұрлау фактісі бойынша күдікті Азамат Оразалыны заң аясында тергеп жатыпты. «Осы кезде Үржар полициясы қызметкері келді (шағымда аты-жөні келтірілген). Бүкіл бөлім аяғынан тік тұрды. Даңғаза көтерген күйі ол тергеу жүріп жатқан кабинетке бас сұқты. Ол күдіктімен дөрекі сөйлеп, кінәсін мойындауы үшін оған қол жұмсай бастады. А.Оразалы адвокат шақыртуды және өзін ұрмауды талап етті. Мұны естіген ол тергеушілерге пакет әкеліп, күдіктінің басына кигізіп, кінәні мойнына алғанша тұншықтыруға бұйрық берді. Осы кезде бастықтардың бірі видео­қоңырау шалды, қызметкер оған: «Шеф, мына жергілікті колхоз­никтерді пакетті қалай кигізіп, қалай қажетті жауап алуға үйретіп жатырмын» деді. Осыдан кейін ол Азамат Оразалыны ішіне, тамақ тұсына бірнеше рет тепті: «Жағыңды айырам, мал!» деп бала­ғаттады. Күдіктіні ұрып-соғудың дүмпуі бүкіл бөлімде естіліп тұрды», – деп жазылған арызда. Кейін күдіктінің дүние салғаны белгілі болды. Шағымданушылар тұт­қын­далған қызметкерлердің А.Оразалы­ны өлтірмегенін айтады. Ал «соған тікелей қатысы барлар жасырынып қалды» деп байлам жасайды: «Үржар полициясының басшыларын жай ғана лауазымынан босатты. Негізгі айыпты тұлға жазадан жалтарып кетті. Қазір оның тұрып жатқан орны белгісіз», – делінген шағымда. Арыз анонимді болғандықтан, әрине ол куәлік ретінде тіркелмейді. Сол арызға пікір білдірген жергілікті полицейлер «ондағы айтыл­ғандар шындыққа жанаспайды», – дейді. Істі қарау жалғасып жатқаны хабарланды.

Полиция бөлімінде бүйрегінен айырылды

2020 жылы ақпарат құралдары поли­цейлердің кесірінен Ақтау тұрғыны бүйрегінен айырылғанын жариялады. AstanaTV мәліметінше, Маңғыстау облысының Мұнайлы аудандық ішкі істер департаментінің қызметкерлері оның ағзасына зақым келтірген, өлтіре­тіндерін айтып қорқытқан. Ерасыл Қарашолақовтың соққыға жығылғанын полицейдің бірінің кеудесіндегі каме­раның жазбасы дәлелдеді. Тәртіп сақ­шы­лары оны шамамен 300 қойды ұрлау­ға талаптанды деп айыптаған көрінеді. Бірақ олардың қолында соны дәлел­дейтін дәйектемелер болмаған. Содан өздеріне қажетті куәлікке жұдырықтың күшімен қол жеткізуді ұйғарыпты. «Полицейлер қара күштің көмегімен айыпты мойындауыма мәжбүр етті, менде басқа таңдау қалмады. Тек кейін адвокатымның қатысуымен қайта тергелгенде олардың өзімді азаптағанын және қойларды ұрлағанымды мойын­дауға күштеп көндіргенін айтып бердім. Бұл қылмысқа қатысым жоқ», – дейді Ерасыл. Айтқандай, тағы бір видеожазбада Мұнайлы ауданының полиция ғима­раты­на кірген күдіктінің ізінше одан ауруы жанына батқан бүйрек тұсын қолымен басып, ақсап шығып бара жатқаны бейнеленген. Қос бейнежаз­баның шынайылығын сараптама растады. Полиция қызметкерлерімен «әңгімелескеннен» кейін ертесіне дәрігерлер Ерасылдың бүйрегін алып тастады. Қатты соққыдан ағзаның парша-паршасы шығыпты. Осыған қатысы бар тәртіп сақшыларының үстінен қылмыстық іс қозғалған. Олар қызметінен шеттетілді. Бұған қоса, Маңғыстау облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі қылмыстық іс қозғап, тергеуде. Құқық қорғаушылар коррупция мәселелерін және жергілікті шенеунік­тердің басқа да заңбұзушылықтарын көтерген қоғам белсендісі, Қарағанды облысының Жаңарқа ауданының тұрғыны Ғалы Бақтыбаевтың өліміне назар аудартады. 2019 жылғы мамырда Қарағанды облысының Атасу ауылында винтовкадан атылған Ғ.Бақтыбаевтың мәйіті табылды. Ішкі істер министрі құрған арнайы тергеу тобы бұрынғы полиция қызметкерін және тағы үш күдіктіні тұтқындады. Тергеу материа­л­дары сотқа дейін жетті. Арада екі жылдай уақыт өткенде, 2021 жылғы 1 маусымда сот үкім шы­ғарды. Резонансты істі Қарағанды облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты алқабилердің қатысуымен қараған. Он алқаби Бақтыбаевты өлтіруді ұйым­дастырды деп айыпталған А.Букенаевты, Ғ.Ахмеджановты және И.Мияшовты ақтап шықты. Негізгі бап бойынша ақталғанымен, Иман Мияшов шабуыл жасау кезінде Бақтыбаевтың денсау­лығына орташа дәрежелі зақым келтір­гені үшін айыпты деп танылды және 5 жылға сотталды. Алқабилер сондай-ақ Эльдар Жакеннің Бақтыбаевтың ден­саулығына орташа дәрежедегі зиян келтірген айыбы дәлелденді деп санап, оны 3 жылға бас бостандығынан айырды. Дегенмен белсендіні кімнің өлтіргені белгісіз қалып отыр. Ұсталғандардың өлтіруге қатысы бары дәлелденбеді. Ол қылмысқа еш қатысы жоғын экс-поли­цей Ахмеджанов бірнеше рет мәлімдеді. Оның байламынша, қоғам белсендісіне тісін қайрағандар көп болыпты: Ғ.Бақтыбаевтың үйінен әртүрлі мемле­кеттік инстансаларға жолданған 600-ден аса арыз-өтініш табылды.

Биыл азапқұмар 7 полицей сотталды

Жалпы, Amnesty International ұйы­мының 2020/21 жылдарға арналған баяндамасында басқа да деректер кел­тіріледі. Өз кезегінде Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкілі 2019 жылдан бері азаптауларға және басқа да қатыгездік көріністеріне қатысты ша­ғым­­­дар күрт артқанын мәлім етті. Был­тыр омбудсменге осындай 125-тен көп ша­ғым түскен. 2019 жылы 84 шағым бол­ған. Олардың негізінде 121 қыл­мыс­тық іс қоз­ғалып, 23 адам азаптауы үшін сот­талыпты. 2021 жылғы қарашада Адам құқық­тары жөніндегі ұлттық орталыққа 1 614 өтініш келіп түскен. Адамдар көбіне про­куратура мен полициядағы лауазым­ды тұлғалардың іс-әрекетіне немесе әрекетсіздігіне шағымданады (298 өтініш). 163 өтініш абақтыда адам құқын бұзу, қызмет бабын асыра пайдалануға қатысты болды. «Биылғы 11 айда Қылмыстық ко­декстің «Азаптау» 146-бабы бойынша 655 қылмыстық іс қозғалды. Алайда 495-і тоқтатылды», – дейді омбудсмен Эльвира Әзімова. 2021 жылы «азаптау» бабы бойынша ІІМ-нің 7 қызметкері сотталды, оның 1-еуі ғана түрме қыз­меткері. Дәлелсіз тұтқындауға заңмен тыйым салынған, алайда тәжірибеде мұндай кесірлі құбылыс жойылар емес. Бас про­куратура бұдан біраз бұрын ақпарат құралдарына 500-дей заңсыз ұсталған тұлғаны босатқанын жария етті. Қазір Ішкі істер министрлігі салада реформа жүргізіп жатыр. Соның нә­тижесінде құқық қорғау органдары кү­діктілерді азаптау секілді арға жат, бе­делге дақ құбылысты жойса, қылмысты қара күшке салмай, ақылға салып, дәйекті ашуға көшсе жөн.