ҚАРАУСЫЗ ҚАЛҒАН МАЛ КӨП
Бір ғана осы мысал көп жайды аңғартса керек. Ең алдымен ауылдағы ағайын малды еркін жайылымға жіберуді доғарғаны жөн. Бақташысы бар немесе қорадағы мал жоғала қоймайды. Қолды болатыны – негізінен қараусыз жүрген тұяқтылар. Жергілікті тәртіп сақшылары облыс тұрғындары арасында заңнаманы қатаң ұстанып, еркін жайылымға жол бермеу қажеттілігі, жылдың қай мезгілі болмасын малды қараусыз қалдырмаған абзал екені туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуден бір жалыққан емес. Алайда оған құлақ аса қоймайтындар бар. Бақташы жалдауды қымбатсынады. Ал малы біреудің оңай олжасына айналса, одан да көп шығынға бататынын ойлай қоймайды. Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, жыл басынан бері тіркелген 31 мал ұрлығының 22-сі қараусыз қалдырғандықтан болған. Сондай-ақ 9 жағдайда қаскөйлер малды қорадан ұрлаған. Жайылып жүрген төрт түлік жолдағы жүргізушілерге де қауіп төндіретіні – бөлек әңгіме. Күні кеше қас қарайған уақытта Ақжар ауданында табыннан бөлініп, жолға шығып кеткен жылқылардың кесірінен жол-көлік апаты болды. Кішкенекөл ауылынан Көкшетауға бара жатқан 18 жасар жүргізуші қақтығыстың алдын алу мүмкін болмағанын айтады. Нәтижесінде, бір жылқы мерт болды. Өкініштісі сол, кейде адам да қаза болып жатады. Жыл басынан бері облыс бойынша мал жаю ережесін бұзғаны үшін 2 587 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Соның ішінде 1 925 адамға 9 429 455 теңгенің айыппұлы салынды. Сондай-ақ барлық ауданда қараусыз жүрген мал қамалатын айып тұрақтары бар. Оған жыл басынан бері 8 500-ден астам мал қамалыпты. Сол үшін иесіне бірінші рет 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынатын болса, бір жылдың ішінде осындай жайт тағы қайталанса, айыппұл мөлшері еселене түседі (10 айлық есептік көрсеткіш). Бұған қоса, иесі малды айып тұрағында күтіп-баптауға кеткен шығындардың орнын толтыруға тиіс. Өкінішке қарай, осындай қатаң шаралар да мал иелерінің жауапкершілігін арттыра алмай отырғанға ұқсайды. 8 500-ден астам малдың қараусыз жүргені соны айғақтаса керек.МАЛ ҰРЛЫҒЫ МАЗАЛАМАСЫН ДЕСЕК
Тәртіп сақшыларына қиындық туғызатын тағы бір мәселе – жәбірленушінің полиция көмегіне уақытылы жүгінбейтіні. Жоғын өз бетінше іздеп таба алмаған соң ғана, яғни бірнеше күн немесе бірнеше апта өткеннен кейін ғана полицияға хабарласатындар бар. Бұл тәртіп сақшыларының іздеу жұмыстарын қиындата түседі. «Кейде қылмыскерлер ұсталғанымен, малды иесіне қайтару мүмкін болмай қалады. Қылмыстың ізін суытпай ашқан кезде ғана жұмысымыз нәтижелі. «Тұрғындарға бірден хабарлаңыздар» деп айтудай-ақ айтып келеміз. Тіпті, сиырыңызды ешкім ұрламаған болса, істі тоқтатамыз деп түсіндіреміз. Қалай болғанда да, өздері іздеп, уақыт оздырып алғаннан гөрі осы жол жақсырақ», – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық Полиция департаменті Криминалдық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Марат Жұмалиев.Жоғалған малды ешкім ұрламаған болып шығатын жағдайлар да болады. Бақташысыз жайылып жүрген мал кейде басқа жаққа бет алып, ауылдан алыстап кететіні бар. Мұндайда полицияның қыруар күші, уақыты, мемлекет қаржысы зая кетеді. Сол шығындарды, тіпті жанар-жағармайды басқа мақсатқа жұмсауға болар еді деген ой келеді.Тағы бір түйінді мәселе – төрт түлікті таңбалаудағы салғырттық. Полиция подполковнигі Марат Жұмалиевтің айтуынша, жануарды таңбалау – біреудің малына ындыны құрыған ұры-қарының әрекетіне тосқауыл. «Қазір малына чип орнатып, арнайы құрылғының көмегімен бақылап отыратын шаруа қожалықтары бар. Мәселен, GPS-трекер. Соның арқасында мал қашан қай жерде жүргенін біліп отырады. Тіпті, жылдамдығы өзгерсе, басқа бағытқа кетіп бара жатса, бірден біледі. Бүгінде мал ұрлығының алдын алудың ең тиімді тәсілі – осы. Оны барлық малға орнатудың қажеті жоқ, бір-екеуінде болса болды. Мұны ұрылар да біледі. Сондықтан облыста чиптелген жануарлардың бірде-бір ұрлығы тіркелген жоқ. Өкінішке қарай, трекер түгіл малын таңбалау мен ен салуды да қажет деп санамайтындар бар», - дейді полиция подполковнигі. Ауылдағы ағайын малына мұқият қарап, ұрлықтың алдын алу мақсатында облыс аумағында «Мал ұрлығы», «Соғым», «Еркін жайылым» жедел алдын алу іс-шараларын, рейдтер жүргізеді. Фермерлік шаруашылықтар мен мал қамау орындарын бақылауға алып, сауда нүктелері, мал және ет өнімдерін тасымалдайтын автокөліктерді тексереді. Дегенмен тәртіп сақшылары бағымындағы мал үшін жауапкершілік ең алдымен иесінің мойнында екеніне баса назар аударады.
Солтүстік Қазақстан облысы