«Jastar-Otanǵa!» сыйлығының лауреаттары марапатталды
«Jastar-Otanǵa!» сыйлығының лауреаттары марапатталды
275
оқылды
Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында елордада «Nur Otan» партиясының жастар қанаты ұйымдастырған «Jastar – Оtanǵa!» сыйлығын салтанатты тапсыру рәсімі өтті. Ең белсенді волонтерлер, жанашыр меценаттар мен қоғамдық ұйымдар 7 номинация бойынша марапатталды. Сондай-ақ, бірқатар жас белсенділер білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларындағы жемісті еңбегі және COVID-19 пандемиясымен күресте ерекше көзге түскені үшін Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Марапаттау рәсімі барысында «Nur Otan» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек егемендік жарияланған алғашқы күннен бастап елімізде жастарды қолдауға және олардың өз қабілетін жүзеге асыруына жағдай жасауға ерекше назар аударылғанын атап өтті. Тәуелсіздіктің таңы атқан алғашқы жылдары күрделі экономикалық жағдайға қарамастан, Елбасы, еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындады. Соның арқасында 14 мыңнан астам адам әлемнің үздік оқу орындарында білім алды. Өткен жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламентке және жергілікті өкілді органдарға сайлау партиялық тізімдерінде жастарға квота белгіледі. Бұл олардың елдегі қоғамдық-саяси процестерге белсенді атсалысуына ықпал ететін болады. Жастардың өмір сүру деңгейін және әлеуметтік жай-күйін арттыру жөніндегі нақты шаралар 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасында көрсетілген. Jastar «Өздеріңіз білетіндей, пандемияның бірінші толқыны кезінде 5 мың жасотандық Елбасы бастамашылық еткен «Біз Біргеміз!» жалпыұлттық акциясы аясында 320 мың отбасыға атаулы көмек көрсетті. «Jas Otan» белсенділері Арыс пен Мақтааралды қалпына келтіруге де атсалысты. «Jas Otan»-ның қолдауымен құрылған «Biz Birgemiz!» волонтерлік қозғалысының қатысушыларымен маусым айында өткен кездесу барысында «Jastar – Otanǵa!» сыйлығы тағайындалғанын жариялаған едік. Біз бүгін соны қорытындылаймыз», - деді Бауыржан Байбек. Оның айтуынша, партия жастардың бастамаларын, оның ішінде волонтерлікті көтермелей отырып, одан әрі де жан-жақты қолдауды жалғастырады. Еліміздегі әр аудан, қала мен облысқа арналған «Жастар-Отанға!» бағдарламасын жүзеге асыру аясында жыл басынан бері волонтерлік жұмысқа 60 мыңнан астам жас тартылды. Бірқатар өңірлерде жастардың тұрғын үй бағдарламалары қабылданып, талапкерлерге 75 мың грант бөлінді, студенттердің шәкіртақысы 2 есеге, ал резиденттер, магистранттар мен докторанттардың степендиясы 1,5 еседен астамға көбейтілді. Партияның жастарға арналған сайлауалды уәделерінің орындалуын бақылауды «Nur Otan» партиясының Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 600-ден астам халық қалаулыларынан тұратын Жас депутаттар корпусы жүзеге асырады. Жастар саясаты саласындағы өзекті мәселелер партияның республикалық және өңірлік қоғамдық кеңестері алаңында да қаралуда. Jastar Партияның баспасөз қызметі атап өткендей, Қазақстанның түкпір-түкпірінен 16-35 жас аралығындағы 230 адам сыйлық лауреаттары ретінде іріктеліп алынған. Үздіктерді анықтау үшін құрылған арнайы комиссияның құрамында Мәжіліс депутаттары, қоғам қайраткерлері, блогерлер және т.б. болды. Сонымен, «Үздік волонтер» номинациясында «Біз біргеміз!» акциясына белсенді қатысқаны үшін Батыс Қазақстан облысынан Нұрсұлтан Қабаев пен Еуропа елдерінде гранттық негізде жастарды оқытуды ұйымдастырған шымкенттік Данара Саранова марапатталды. «Жылдың жас қаһарманы» аталымында Жамбыл облысынан келген Жақсылық Әшірбаев сыйлыққа ие болды. Ол биыл тамыз айында әскери бөлімнің қоймасындағы өртті сөндіруге қатысып, жарақат алған. «Jas Otan» Жастар қанатының жыл белсендісі» номинациясында Шығыс Қазақстан облысынан Әсем Шалқарова, Түркістан облысынан Нұрайым Қуандық және Ақтөбе облысынан Әлішер Тыныштық үздік деп танылды. Jastar «Әлеуметтік желілерде волонтерлікті насихаттағаны үшін» аталымы бойынша сыйлықты танымал блогер Жансерік Қадырбаев алды. Қан донорлығы бойынша мобильді қосымша – «Donorym» жобасы үшін Қарағанды облысынан Рузи Шихов «Үздік студенттік жоба» номинациясына ие болды. Жылдың үздік волонтерлік жобалары «Love and Pet Atyrau» және «Biz Birgemiz» волонтерлік қозғалысы болды. «Jas Otan» Жастар қанатының аймақтық үздік филиалы» номинациясы бойынша Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларының филиалдары жеңімпаз атанды.