Атырау өңіріне басшы болғанына 2 жыл толған Махамбет Досмұхамбетовке орынбасар шақ келмей жатыр. Таяуда ғана Бақытгүл Хаменованың ұсталғаны туралы ақпарат желдей гуледі. Қалай шақ келмеді демейміз, себебі 2 жылдың ішінде әкімнің 3 орынбасары жемқорлық бойынша күдікті ретінде танылды. Әуелгі кезде «қылмысы дәлелденсе, орнымнан кетемін» деп ақталып жүрген әкім бұл жолы қайтпек? Әлде қол астындағылардың қылмысқа жақын жүргенінен секем алмай ма?
Хаменова да «күдікті қайығына» отырды
Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Атырауда ақынға ескерткіш орнатуға екі рет ұсыныс айтылған. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен депутаттар бұл идеяны қолдап, тендерге дайындық жүргізілген екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен Атырау облысы Мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішін орнату бойынша 145 миллион теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 миллион теңге көлемінде пара алу күдігіне ілінген. Дегенмен 12 желтоқсанда Хаменованы үйіне жібергені мәлім болды. Сот жемқорлыққа қарсы қызметтің оларды екі айға қамауға алу туралы өтінішін қабылдамай, күдікті әйелдің тұрақты тұратын жері барын, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынбағанын, бұрын сотталмағанын, жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отырғанын, асырауында қарт анасының барын ескеріп, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдаған. Сондай-ақ іс қозғауға қажетті нақты дәлелдердің жоғы да айтылып жатыр. Ақылбек Рысқалиев те Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментіне кінәсін мойындап келгені үшін үйіне жіберіліпті. Қылмыстық істе тағы бір адамның аты аталды. Ол – халық шығармашылығы орталығының директоры Жәнібек Аманиязов. Шенеуніктер параны осы кісі арқылы алуы мүмкін деген болжам бар. Егер тергеу аяқталып, сотта күдіктілердің айыбы дәлелденсе, ҚК 366-бабының 2-бөлігі бойынша 60 еселенген пара мөлшеріндегі айыппұлдан бастап мүлкін тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.
Осылай Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің үшінші орынбасары күдікке ілінді. Бірақ соңғысы да, алдыңғы екеуіне де қатысты сот үкімі шыққан жоқ. 2020 жылы күзде Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен өңірдің Құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров 182 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталды. Нұрлан Таубаев осы қызметке былтыр мамырда тағайындалған екен. Сол кезде де «Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов қызметінен кете ме?» деген сауал туындаған. Әкім заңға сай қимылдайтынын айтып ақталған.
– Заң бәріне ортақ. Егер орынбасарымның (Нұрлан Таубаев) қылмысы дәлелденіп, сот шешімі шығар болса, өз еркіммен отставкаға кету үшін өтініш жазуға дайынмын. Ал әрі қарай шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды, – деген еді әкім.
Бірақ Нұрлан Таубаевтың ісі бойынша сот әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Бірде денсаулығы сыр бергенін, енді бірде басқа дүниелерді дәйек еткен экс-шенеунік әлі күнге дейін «тағылған айыпты мойындамаймын» деп отыр. Сол Таубаев қамауға алынғаннан кейін бір жайттың басын шалды. Ол өз пікірінде тергеушілер ештеңе түсіндірмей алып кеткенін, Атырау облысының бұрынғы әкімі, кейін Энергетика министрі атанып, таяуда Маңғыстауға әкім болып барған Нұрлан Ноғаевпен сыйыспағанын айтқан. Негізі, расымен де Таубаев Ноғаев әкім болып тұрған шақта облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2019 жылдың қыркүйек айында өз еркімен отставкаға кетуге арыз жазыпты.
Өңір басшысы «енді қайтер екен?» деп жүргенде биыл қазанда тағы бір орынбасары Қайрат Нұрлыбаев прокурордың 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен қылмыстық ісі бойынша күдікті деп танылды. Шенеунікке 83,7 миллион теңге көлеміндегі инвестициялық субсидияларды «Бұйырғын» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне заңсыз төлеу фактісі бойынша бюджет қаражатын ысырап етті деген айып тағылып отыр. Ол қылмысқа әкімнің орынбасары болып тұрған кезде емес, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасын басқарып тұрған кезде барған. 2019 жылдың 5 маусымында басқармаға басшы болып тағайындалған. Ал облыс әкімінің орынбасарлығына биыл қаңтарда отырған. Бір қызығы, 2020 жылдың соңында ол Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы ретінде БАҚ брифингінде «Биылғы 10 айда облыс шаруашылықтары 216 миллион теңгенің субсидиясын алды, жыл соңына дейін шаруагерлерге берілетін субсидияның көлемі 260 млн теңгені құрайды» деп мәлімдеген. Бірақ көріп отырмыз, шикілік шықты. Ал әкімдік шендіні «орынбасар кезінде қылмысқа бармады» деп ақтап алуға тырысты. Нұрлыбаевқа қатысты істің де алдағы уақытта қалай өрбитіні беймәлім. Бұл тұста да Досмұхамбетовке сылтау дайын – қылмысты орынбасары болып тұрған кезінде жасамаған. Ал осы жолы қалай ақталмақ?
Тағынан түсуді ойламайтын әкім көп
2019 жылдың желтоқсанында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» заңға өзгеріс енген болатын. Заңның 60-бабы 3-тармағына сай, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органның басшысы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаса, облыс, республикалық маңызы бар қала әкімінің орынбасары отставкаға кетуге арыз жазуы тиіс. Ал осы баптың 2-тармағында «отставканы мемлекеттiк қызметкерді осы мемлекеттiк лауазымға тағайындаған мемлекеттiк орган не лауазымды адам қабылдайды не уәжді түрде бас тартады» деп жазылған. Бұған қоса, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 44-бабында қол астындағы қызметкері жемқорлық құқықбұзушылық жасаудың алдын алмаса, «тәртіптік теріс қылық» деп саналады. Ал «теріс қылығы» үшін ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, лауазымын төмендету немесе жұмыстан шығару секілді жаза қолданылатыны көрсетілген. Мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлыққа барса, оның басшысы 10 күн ішінде отставкаға өтініш беруі тиіс. Бірақ бұл нормалар тек 2019 жылдың 10 желтоқсанынан бері болған жемқорлық фактілерін қамтиды. Ал одан бұрынғы оқиғалар «сен көрмедің, мен білмедім» күйінде қалғандай.
Мәселен, 2019 жылы мамыр айында Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов Кәсіпкерлікті дамыту департаментінің директоры Асланбек Жақыповтың ісіне байланысты сот шешімі күшіне енсе, қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді (дәл осындай жауаппен Досмұхамбетов те орнын сақтап тұр). Асланбек Жақыпов үш жылға сотталды, соңында министр лауазымын сақтап қалды. 2018 жылы қарашада Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев 115 мың еуро пара алған жерінен ұсталып, кейін 10 жылға сотталды. Орынбасары үшін қызметін қия қоятын аудан әкімдері ғана іспетті. Былтыр Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязовтың отставка жөніндегі өтінішіне қол қойды. Алайда осы Архимед Мұхамбетовтің өзінің басы дауға қалып жүр. Себебі ол облыс әкімі болып отырғалы бері аудан басшылары жемқорлықтың «аранына» көптеп түсіп жатыр. 2019 жылы Қостанайға қарасты Әулиекөл ауданының әкімі Асхат Қисықов «тендерге көмектесемін» деп мектеп құрылысын жүргізетін кәсіпкерден 7 миллион теңге бопсалап, қолға түсті. Көп ұзамай сот отырысы өтіп, жемқор басшы 2,5 жылға абақтыға қамалды. Сол кезеңде тағы да өңірдегі Федоров ауданы әкімінің орынбасары парамен ұсталған.
Заңның сеңі облыс әкімдері мен министрлерді емес, қала мен аудан әкімдерін соғуға ғана қауқарлы тәрізді. Әйтпесе, заң қабылдаймыз, жемқорлыққа қарсы ұрандатамыз, бірақ нәтижесі шамалы. Не де болса, Досмұхамбетовтің даңқы шығып-ақ тұр.