Құрметті қазақстандықтар!
Баршаңызды елдігіміздің мерейлі белесі – Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл – нағыз еркіндік пен егемендіктің мерекесі.
Біз тәуелсіздігіміздің осынау тарихи межесін ғасырларға жүк болар зор жетістіктермен қарсы алып отырмыз. Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық саясатының арқасында барлық сала жүйелі түрде дамыды. Шекарамыз шегенделді, экономикамыз жүйеленді, сыртқы саясатымыз сындарлы жолға түсті.
Ең бастысы, осы жылдар ішінде мемлекеттілігіміз толық қалыптасты. Төл құндылықтарымыз төрге озып, тарихымыз бен мәдениетіміз дәріптелді. Ана тіліміз ардақталып, діліміз бен дініміз қайта жанданды. Қазақстан бүкіл әлемге татулық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен келісімнің алтын бесігі ретінде танылды.
Елбасының батыл шешімімен Арқа төрінде жаңа астанамызды салдық. Аз уақыттың ішінде бүкіл түркі жұрты үшін киелі де қастерлі мекен – Түркістанды түлеттік. Жалпы, 30 жылда еліміздің барлық өңірі өсіп-өркендеді. Мұның бәрі – егемендіктің арқасында қол жеткізген жеңістеріміз бен жетістіктеріміз.
Енді осы бағыттан айнымай, тәуелсіздікті одан әрі нығайту – бәріміздің ең басты міндетіміз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сабақтастық пен өрлеуді ту еткен саясаты соны көздейді.
Шын мәнінде, біз үшін тәуелсіздіктен артық құндылық, одан асқан байлық жоқ. Тәуелсіздік ұлтымызды ұйыстырды, жұртымызды жұмылдырды, абыройымызды асқақтатты. Ендігі міндет – барымызды бағалап, жеңісті жолымызды жалғау. Ол үшін татулығымыз берік, бірлігіміз бекем, тірлігіміз тиянақты болуға тиіс. Осы жолда бәріміз бірлесіп, нәтижелі еңбек ете береміз деп сенемін.
Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен құттықтай отырып, баршаңызға амандық пен бақ-береке тілеймін. Елдігіміз еңселі, егемендігіміз баянды болсын! Тәуелсіз қазақ елі жасай берсін!
Мейрам құтты болсын!