Тәуелсіздік бізге халықаралық векторды сыйлады. Әлемдік қауымдастықтың мүшесіне айналған Қазақстан бұл мүмкіндікті кеңінен пайдалана алды. Өйткені интеграция елдің имиджіне ғана емес, қауіпсіздігіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал ететін фактор.
Еуразиялық ықпалдастық: әміршілдіктен әріптестікке
Таяуда ғана Елбасымыз «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласында еске алғандай, «егемендік шеруі» басталған 1989 жылы Қазақстан тұтастығы ыдыраған алып елдегі интеграциялық потенциалдың тоқырауға ұшырамауына алаңдап, барын сала жүгіргенін, олардың бір шаңырақ астында бірге жүрген кездегі бауырластық пен достық қатынасын сақтап қалуға мүдделі болғанын жазады. Мәскеуге бір барып, егемендігін жаңа жариялаған елдердің БҰҰ-ға мүше болуына көмектесуге шақырған, Ашхабадқа бір барып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын (ТМД) құруға үндеген Елбасы өз естелігін: «Тәуелсіздікті жариялау оңай емес, оны бүкіл әлемге мойындату одан да қиын» деп түйіндейді. Осылайша, 1991 жылы 21 желтоқсанда ең алғашқы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы ұйымы дүниеге келді. Бұл одақтас елдер арасындағы саяси-экономикалық сабақтастықты сақтап қалуға жасалған алғашқы ірі қадам еді. Осылайша, Қазақстан әміршілдік-атқарушылық жүйеден әлемдік әріптестік әлеуетіне бет түзеді. Еуразиялық кеңістік идеясы одан кейін де күн тәртібінен түскен жоқ. 1994 жылы М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің студенттеріне дәріс оқыған кезінде Елбасы жаңа интеграциялық бірлестік – Еуразиялық экономикалық одақ құру туралы идеясын алғаш рет паш етті. Оның тұжырымдамасы – тамырлас тарих, ортақ нарық, гуманитарлық байланыстар мен қауіпсіздік саласындағы әріптестікке негізделді. Осы идеяның жілісінде 2000 жылы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық (ЕурАзЭҚ) құрылды. Бұл заманауи сын-қатерлерді бірлесе отырып қана жеңуге болатыны дәлелденген тарихи аксиоманың үлгісінде құрылған бірлестік еді. ЕурАзЭҚ шеңберінде Кеден одағы дүниеге келді. Үш мемлекетті қамтыған экономикалық аумақта Бірыңғай кедендік тариф енгізілді. Ол 11 мыңнан астам тауар номенклатурасын қамтыды. Қысқа мерзімде құрылған Кеден одағы халықаралық қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды. Оның айғағы қоғамдастық 2003 жылы БҰҰ-ның Бақылаушысы дәрежесіне ие болды. 2007 және 2010 жылдардың желтоқсан айында БҰҰ Бас Ассамблеясының сессиясында БҰҰ және ЕурАзЭҚ арасындағы ынтымақтастық хаттамасына қол қойылды. Еуразиялық интеграцияның эволюциялық келесі кезеңі Бірыңғай экономикалық кеңістік (БЭК) құру жөнінде болды. Оның мақсаты жұмыс күшінің, капиталдың, қызметтің және тауарлардың еркін қозғалысына жағдай жасайтын нарықтық үдерістерге негізделген экономиканы реттеудің бірыңғай тәсілдерін қамтамасыз ету және үйлесімді құқықтық нормаларды қалыптастыру еді. Бұл қадам интеграциялық түйін – Еуразиялық экономикалық одақ (ЕурАзЭО) ұйымын батыл түрде құру туралы шешімге алғышарт болды. Бүгінде бұл ұйым постпандемиялық жаһандық сын-қатерлер аясында дәстүрлі өміршең әріптестік талаптарын сақтай отыра жаңаша бейімделу кезеңін бастан өткеріп келеді.Бастамашы әрі белсенді қатысушы
Тәуелсіздіктің 30 жылында Қазақстан түбегейлі саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жасау жолында әлемдік қауымдастықтың әріптестік ресурсын тиімді пайдалана алды. Еліміз халықаралық деңгейдегі көптеген ұйымды құрудың бастамашысы әрі белсенді қатысушысы ретінде танылды. Мәселен, ТМД, ШЫҰ, ҰҚШҰ, АӨСШК сынды жалпы әлем мойындаған халықаралық ұйымдар Елбасының жүйелі де батыл шешімдері мен ұйымдастырушылық қасиетінің арқасында дүниеге келді десек қателеспеспіз. Құрлықтық ауқымнан бөлек, бүкілдүниежүзілік ұйымдарда да Қазақстан өзінің гуманизмдік және бітімгерлік ұстанымдарымен орныға білді. Солардың ішінде Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға табысты төрағалығы және Астана саммиті, БҰҰ Еуропа бөлімінде Бас директор, БҰҰ бас хатшысының Қарусыздандыру конференциясындағы жеке өкілі болуы біздің мемлекетіміздің халықаралық жоғары беделінің айшықты дәлелі. Ендеше түрлі миссия мен мүдде арқалаған бұл ықпалдастық ұйымдардың бірқатарына тоқтала өтсек. Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ). Саяси диалогті дамыту мақсатын көздейтін бұл халықаралық ұйымның негізгі мақсаты – демократиялық үрдістер негізінде аймақтық тыныштық пен қауіпсіздік сақтауға үн қосу. Ұйымға Еуропа, Кавказ, Орталық Азия, Солтүстік Американың 56 мемлекеті мүше. Қазақстан бұл ұйымға 1992 жылы мүше болып енді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі кеңестің тәжірибелерін бөлісу мақсатында оның негізгі принциптерін басшылыққа алуға міндеттеме қабылдап, екіжақты тығыз байланыс орнатты. Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық жөніндегі ұйымға қатысушы елдер мемлекет және үкімет басшыларының 1994 жылы Будапеште, 1996 жылы Лиссабонда өткен жоғары дәрежедегі басқосуларына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та қатысып, Лиссабон саммитінің пленарлық мәжілісіне төрағалық етті. Одан бөлек, Қазақстан Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ-ның көптеген жиынына шақыртылып, баяндама жасады. Қазақстанның Венадағы тұрақты өкілдігі ұйымның түрлі құрылыммен тығыз байланыс орнатқан. Алматыда ЕҚЫҰ-ның өкілдігі бар. 2009 жылы осы ұйымды басқару үшін ниет еткен еліміздің кандидатурасын ТМД елдерімен қатар Батыс Еуропа елдерінің көбі (Германия, Италия, Нидерланд және Франция) қолдады. Қараша айында Мадридте өткен ЕҚЫҰ-ға мүше елдердің сыртқы істер министрлері кеңесінің (СІМК) 15-отырысында Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып ЕҚЫҰ төрағалығына 2010 жылы ие болатыны туралы шешім қабылданды. ЕҚЫҰ-ға төрағалығы кезінде Қазақстан аталған халықаралық ұйымға Шығыс Еуропа елдері мен ТМД мемлекеттерінің сенімін нығайтуды мақсат етіп алды. Ауғанстанды қоса алғанда, Орталық Азия проблемаларына назар аудартып, лаңкестікпен, ұйымдасқан қылмыспен, есірткі трафигімен, адам және қару-жарақ саудасымен күрес бағыттарында белсенді жұмыстар жүргізілді. Қазақстан Еуропа мен Азия арасындағы үндестікті сақтаушы ретінде ұйымның рөлін нығайтуға өлшеусіз еңбек сіңірді. Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ). Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының әскери-саяси ұйымы 1992 жылы 15 мамырда Ташкент қаласында Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Армения, Тәжікстан және Өзбекстан елдерінің бірігуімен құрылды. Кейіннен ҰҚШҰ құрамына Әзербайжан, Беларусь және Грузия қосылды. Келісім 1994 жылы 20 сәуірде ратификация процесі аяқталғаннан кейін, 5 жыл мерзімге күшіне енді. Сол кезден бастап бұл келісім 5 жыл сайын ұзартылып отырады. Мүше мемлекеттердің қызметіндегі басым бағыттар ретінде жаңа трансұлттық қатерлер мен қауіптерге қарсы тұру, орын алып отырған немесе ықтимал аймақтық немесе шағын қақтығыстардың алдын алу, шешімін табу, халықаралық лаңкестікпен, агрессивті экстремизммен, қару мен есірткінің заңсыз айналымымен, ұйымдасқан қылмыспен, жаппай қырып-жою қаруын таратумен күрес қарастырылған. Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ). Еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жаңадан пайда болған мемлекеттер мен көршілес Қытай мемлекеті арасында өңірлік қауіпсіздік және өзара сенім мәселесі күн тәртібіне шыққан болатын. Түрлі геосаяси және мемлекетаралық жағдайларға шешім іздеген бес мемлекет 1996 жылы «Шанхай бестігі» деген атаумен халықаралық ұйым құруға келісті. Олар – Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Қытай, Ресей және Тәжікстан мемлекеттері еді. Ал 2001 жылдың 1 маусымында ұйымға Өзбекстанның да кіруіне байланысты, бірлестік атауы Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) болып өзгертілді. Ұйымның негізгі мақсаты – мүше мемлекеттер арасында өзара сенім, достық, татулық қарым-қатынастарды нығайту, тиімді әріптестік шараларын дамыту, тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтастықты сақтау, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, өзара күш қолданбау және қолданамын деп қоқан-лоқы көрсетпеу, басқа мемлекеттерге немесе ұйымдарға қарсы бағытталған одақтарға бірікпеу және тағы басқалар.