Аргентинада Абай атындағы көше мен «Қазақстан Республикасы» алаңы ашылды. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде қазақ ақыны, ойшылы және ұлттық әдебиеттің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы атындағы көшенің, сондай-ақ Росарио қаласында «Қазақстан Республикасы» алаңының ресми ашылу рәсімі өтті. Оған Қазақстанның Бразилиядағы Елшісі және Аргентинада қоса атқарушы Болат Нүсіпов қатысты. Елші Болат Нүсіпов ел басшылығының ұлттық сана-сезімді, өзіндік мәдени кодты сақтау және мәдени жетістіктерді, оның ішінде шетелде ілгерілету жөніндегі бастамаларын іске асырудың маңыздылығын айтты. Сонымен қатар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» және «Абай – рухани реформатор» мақалалары аясында Абайдың қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі мен оның мұрасының қазіргі қоғам үшін маңыздылығы ерекше атап өтілді.«Іс-шаралар 2019 жылғы қарашада қол қойылған меморандуммен белгіленген Алматы мен Росарио қалалары арасындағы бауырластық қатынастар шеңберінде өтті», - делінген ҚР СІМ мәліметінде.Естеріңізге сала кетейік, Росарио қаласында бүгінде әлемге танымал футбол жұлдызы Леонель Месси дүниеге келген. Ол бұл қалада 13 жасына дейін тұрған. Кейін Испанияның Барселона шаһарына қоныс аударды.