Тәуелсіздік күні Сыр өңірінде 130 бала дүние есігін ашты
Тәуелсіздік күні Сыр өңірінде 130 бала дүние есігін ашты
323
оқылды

Сыр өңірінде Тәуелсіздік күні мерекесінде 130 сәби дүние есігін ашты. Желтоқсан айының 16-17 күні туған нәрестелердің ішінде 1 егіз және 1 үшем бар.

Мереке күні өмірге келген бөбектерге «Сүйінші» сыйқорабы табысталды. Қорапқа балаларға қажетті заттардан басқа ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау тілегі жазылған ашық хат, «Тәуелсіз Қазақстанға 30 жыл» монетасы мен баланың туу туралы куәлігі салынған. «Айналайын, бөбек! Сенің туған күнің еліміздің ең басты мерекесімен тұспа-тұс келді. Өзің дүние есігін ашқан кезде халқымыз қастерлі Тәуелсіздігінің 30 жылдығын атап өтіп жатты. Саған бақытты әрі ұзақ ғұмыр тілеймін!» деп жазылған Президенттің құттықтауында. Тәуелсіздік күні Облыс орталығында дүниеге келген егіз бен үшемге «Сүйінші» сыйқорабын Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Бектас Нұриддинов пен «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалы директоры Айнұр Тобаева табыс етті. Филиал директоры жаңа туған нәрестелерге ізгі тілегін жолдап, олардың құжатын рәсімдеуге Халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының көмек көрсететіндігін жеткізді. – «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясы тарапынан жаңа туған нәрестелерге баланың туу туралы куәлігі мен бір жасқа дейінгі жәрдемақы рәсімделеді. Біздің қызметкерлер барлық санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, балалардың құжаттарын ресімдеуге көмек көрсетеді, – деді «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ Қызылорда облыстық филиалы директоры Айнұр Тобаева. Еліміз бойынша Тәуелсіздік күнінде 2 мыңнан астам сәби өмірге келген.  Жыл басынан бері 11 мың 378 бала дүниеге есігін ашса, бұл өткен жылмен салыстырғанда 775-ке көп. Олардың ішінде 149 егіз бар.