Қанат Бозымбаев Nur Otan-ның Жетісудағы филиалының төрағасы болып сайланды
Қанат Бозымбаев Nur Otan-ның Жетісудағы филиалының төрағасы болып сайланды
227
оқылды
«Nur Otan» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Талдықорған қаласына сапары барысында партияның Алматы облыстық филиалының кезектен тыс конференциясына қатысты. Партия филиалының жаңа төрағасы ретінде делегаттар өңір әкімі Қанат Бозымбаевты сайлады. Партия Төрағасы бірінші орынбасарының айтуынша, Қанат Бозымбаев бұған дейін Жамбыл және Павлодар облыстарында партияны табысты басқарған. Филиал жаңа басшылығының алдында партияның сайлауалды міндеттемелерін одан әрі сапалы орындау, қоғамдық кеңестердің жұмысын жандандыру және халықпен кері байланысты нығайту міндеттері тұр.
«Саяси кеңестің кеңейтілген отырысында Елбасы, партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, «Қазақстан Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басуда. Бұл ауқымды өзгерістерге, қиын да жауапты шешімдерге толы кезең болары анық». Мұндай жағдайда билеуші партия ретінде «Nur Otan»-ға елдегі сабақтастық, саяси тұрақтылық және одан әрі дамуды қамтамасыз ететін ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік бағыты төңірегінде қоғамды топтастыру жөніндегі ерекше міндет жүктелген», – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Сондай-ақ, ол конференцияда «Nur Otan» Саяси кеңесі Бюросының шешімімен «Белсенді қызметі үшін» партиялық наградасымен марапатталған филиалдың бұрынғы төрағасы Амандық Баталовқа атқарған жұмысы үшін алғыс білдірді. Осы күні Бауыржан Байбек партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында ашылған бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Ол облыстағы Оқушылар сарайына барып, онда 140-тан астам балаға 3D және интерактивті модельдерді жасау, бағдарламалау, құрастыру дағдыларын үйренуге мүмкіндік беретін жаңа «FAB LAB» инновациялық зертханасының жұмысымен танысты. Бұдан соң партия Төрағасының бірінші орынбасары Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту орталығына барды. Онда ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкер әйелдер жеңілдікпен несие алу, сату нарығын кеңейту, бизнес-жобаларды іске асыруда тәжірибелік көмек алу сияқты т.б. мәселелер бойынша кеңес алуына болады.
«Жалпы, партия сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың 11 айдағы қорытындысы бойынша өңірде 1 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй, 12 мектеп пайдалануға беріліп, 538 км жол салынды және жөнделді, 27 мың тұрақты жұмыс орны ашылды және т.б. Осындай жұмыстарды партия еліміздің барлық өңірлерінде жүргізіп жатыр», – деп жазды ол сапарының қорытындысы туралы Facebook-тегі парақшасында.