Электронды жеке куәлік ұшаққа отыруға жарамды
Электронды жеке куәлік ұшаққа отыруға жарамды
973
оқылды
Қазақстанда ламинатталған немесе пластик түрінде болып келетін дәстүрлі жеке куәліктерді цифрлық күйдегі, жаңа форматтағы жеке куәліктер ығыстыруда. Енді оларды қазақстандықтар ішкі тұрақты рейстерде пайдалана алады. Ел Президентінің тапсырмасын орындау аясында Қазақстан­ның барлық әуежайында «цифр­лық құжаттар қызметі» енгізілді. Олар eGov Mobile негізінде қыз­мет көрсетеді. Осының арқасында ішкі рейстердегі жолаушылар жеке мәліметтерін растау үшін eGov Mobile қосымшасы арқылы цифрлық куәлігін көрсетуге мүмкіндік алды. Осылайша, ішкі жолаушылар өзімен үнемі құ­жатын алып жүру міндетінен құты­ла­ды. Әуежайда цифрлық жеке куә­лікті пайдалану үшін eGov Mobile-да авторландырылған пай­даланушы «цифрлық құжат­тар» сервисіне кіріп, тізімнен жеке куәлікті таңдауы қажет. Әуежайдың тіркеу тағанында, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеруден өту кезінде сервисте жасалған QR коды бар смартфон­ның экранын көрсетуі керек. Ішкі рейстерде цифрлық жеке куәлікті пайдалану мүмкіндігі қазақстандықтарда Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Цифрлық даму министрлік­терінің, Азаматтық авиация ко­митеті­нің, «Қазақстанның авиация­лық әкімшілігі» АҚ-ның, отандық әуекомпаниялары мен әуежайларының және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның жүйелерді интеграциялау бойынша бірлескен жұмысының арқасында пайда болды.