Жуырда Қазақстан әскерилері АҚШ-тан келген әріптестерімен кездесіп, 2022 жылға арналған екіжақты әскери ынтымақтастық жоспарының жобасын талқылады. Рас, мұндай кездесулерді түрлі мемлекеттік мекеме екі күннің бірінде өткізіп жатады. Бірақ әскери саладағы ынтымақтастықтың жөні бөлек. Оның үстіне, АҚШ-пен бақталас қос елге – Ресей мен Қытайға көрші отырмыз. Ал мұндайда әскери саладағы ынтымақтастықты төңіректегілер жіті бақылайтыны сөзсіз. Өйткені ірі мемлекеттер Орталық Азиядағы ықпалын ешқашан есінен шығарған емес. Әрине, тәуелсіз мемлекет ретінде Қазақстан әскери салада қандай елмен байланыс орнатуды өзі шешеді. Дегенмен алпауыт державалардың қас-қабағына қарайтын сәттердің де болатыны өтірік емес. Әсіресе, теріскейдегі көршінің түрлі саяси күш, популист, медиа арқылы Қазақстанның ішкі-сыртқы саясатына араласқысы келіп тұратынын ескерсек, қазақ офицерлерінің америкалық әріптестерімен ынтымақтастық мәселесін талқылауы Мәскеудегілердің көңіліне жаға қоюы екіталай. Оның үстіне, Уашингтон мен Мәскеу арасы Украина мәселесіне байланысты күн өткен сайын алшақтап барады. Демек, АҚШ-пен әскери салада ынтымақтастықты тереңдетудің біреулерге ұнамауы әбден мүмкін. Бірақ Қазақстанның әскери саладағы саясаты да көпвекторлы бағытта екенін көрсетеді.
Бесжылдық жоспардың бір бөлшегі ғана
Сонымен, АҚШ офицерлері мен қазақ сардарларының ынтымақтастық жайын талқылауына оралар болсақ, бұл кездесуде әскери білім беру, бітімгершілік, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, кәсіби әскери-медицинаны және инженер кадрларды даярлау мәселелерін шешу мәселесі сөз болды. Әрі бұл кездесу екі жақ қол қоюға әзірлеп жатқан Қазақстан мен АҚШ арасындағы 2023-2027 жылдарға арналған ынтымақтастықтың бесжылдық жоспары аясында ұйымдастырылса керек. Яғни, осы күнге дейін жүзеге асырылып келген бесжылдық жоспарлардың келесі кезеңіне дайындық қана. Әйтпесе, Қазақстан НАТО-ға мүше болайын деп жатқан жоқ. Тіпті, Қарулы Күштерге америкалық техника мен қару-жарақ сатып алуды да көздемеуі мүмкін. Біз ынтымақтастыққа қатысты құжаттармен толық таныс болмағандықтан, нақты қандай маман даряланады, материалдық-техникалық қамтамасыз ету үшін не істеледі дегенді білмейміз. Әскерилер әдеттегідей сыр ашпайды. Алайда мұндай кездесулерде Қазақстанның сыртқы саясаты қандай да бір блоктарға қосылу, белгілі бір елдермен ғана интеграция орнатуды көздемейтінін аңғартады.Қазақ сарбаздары 20 халықаралық әскери жаттығуға қатысты
Негізі, Қазақстанның өзге елдермен әскери саладағы ынтымақтастықтығы біржақты емес. Рас, әскеріміздегі техниканың басым көпшілігі ресейлік немесе КСРО-дан қалғанымен, түрлі бағыт бойынша түрлі елмен әскери мақсатта байланыс орнатып келеміз. Жауынгерлерді жаттықтыру, техника алу, тәжірибе алмасу және өзге де бағыттарда жұмыс істеп келеміз. Мәселен, 2021 жылы Қорғаныс министрлігі өкілдері 450 халықаралық шараға қатысыпты. Соның ішінде сарбаздар 20 халықаралық жаттығуға қатысқан. Әрине, бұл жаттығулардың көп бөлігі ҰҚШҰ, ТМД және ШЫҰ аясында өтті. Дегенмен Қазақстан сарбаздары өзбекстандық әріптестерімен бірге «Қалқан-2021», «Хаморлик» жаттығуларына, Үндістан әскерлерімен бірлескен «КАЗИНД-2021», пәкістандықтармен бірге «Достарым-2021» жаттығуларын өткізді. Түркияда «Андол-2021» халықаралық жаттығуына, АҚШ және Қазақстан Қарулы Күштерінің бірлескен «Аймақтық ынтымақтастық-2021» атты командалық-штабтық компьютерлік жаттығуына да қатысты. Яғни, Қазақстан Қарулы Күштерінің түрлі бағытта тәжірибе жинауға ұмтылатыны байқалады.Генералдар да көп келді
2021 жылы Қазақстанға АҚШ Орталық қолбасшылығының қолбасшысы генерал Кеннет Маккензи, Қытай қорғаныс министрі, генерал Вэй Фенхэ, Қырғыз Республикасының қорғаныс министрі Таалайбек Омуралиев, Пәкістан штаб басшыларының бірлескен комитетінің төрағасы Надим Раза, Чехия қорғаныс министрі Войтех Филип, Түркия қорғаныс министрінің орынбасары Мухсин Дере, Ұлыбритания қарулы күштері министрі Джеймс Хэппи қатарлы шенділер келіпті. Ал Қазақстан Қорғаныс министрі, вице-министрлер АҚШ, Ресей, Түркия, Үндістан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Беларусь сияқты мемлекеттерге сапарлапты. Сонымен қатар әскерилердің «IDEF-2021» қатарлы арнаулы көрмелерге қатысқаны да бар. Бұлардан бөлек, биыл әскери ынтымақтастыққа байланысты бірнеше халықаралық келісім жасалды. Соның ішінде Қырғыз елі мен Тәжікстанға қайтарымсыз әскери-техникалық көмек көрсету жөніндегі құжаттар да бар. Ал Ресеймен Әскери ынтымақтастық туралы заң жобасы ратификациялау үшін Парламентке жіберілген.Көпвекторлы әскери ынтымақтастықтың берері қандай?
Бұрын әскери саладағы ынтымақтастық блоктік сипатта болатын. Өйткені НАТО мен Варшава пакті елдері әскери салада, қорғаныс өнеркәсібінде кәдімігідей бөлінуге алып келгені бар. Кейін социалистік елдер блогі дырады да, әскери одақ ретінде НАТО ғана іс жүзінде жұмыс істеп тұр. Ал әскери ынтымақтастықта көпвекторлы бағытты таңдау қалыпты құбылысқа айналды. Алайда Қазақстан 2000 жылдардан кейін ғана Ресейден басқа мемлекеттермен әскери салада ынтымақтастық орната бастады. НАТО немесе АҚШ әскерилерімен бірлескен жаттығу өткізу де соңы жиырма жылда қалыптасқан дәстүр. Бұрынғы офицер Мұхарбек Махамбет АҚШ-та қазақ офицерлерін белгілі бір курстарда оқыту тек биылғы бастама емес екенін айтады. «Бұрын да бізді оқытатын, қазір де оқытады. Бұл – жақсы бастама», – дейді запастағы офицер. Дегенмен батыс елдерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға, әскери-техникалық ынтымақтастықтың түрлі бағытта дамуына геосаяси жағдай да әсер еткен сыңайлы. Айталық, Қазақстанда және БҰҰ деңгейінде террористік топ деп танылған «Талибан» қозғалысы 1995 жылдан кейін күшейіп, Орталық Азия елдерінің шекарасына жақындаған кезде еліміз НАТО күштерімен бірлескен жаттығу өткізуге мүдделі бола бастады. Сөйтіп, әскери ынтымақтастықта «терриоризммен күрес тәсілдерін пысықтау» дейтін тақырып бірінші орынға шықты. 2001 жылдан кейін бұл бағыттағы ынтымақтастық күшейді. Қазір де солай. Тіпті, кейде терроризм қаупінің алдын алу үшін аймақтағы түрлі топты астыртын қолдайтын мемлекеттермен де мәмілеге келу маңызды сияқты. Өткен тамызда «Талибан» қозғалысы белсенген кезде елімізге Пәкістан штаб басшыларының бірлескен комитетінің төрағасы Надим Раза келген еді. Ал Пәкістанның ведомствоаралық барлау қызметінің (ISI) «Талибанды» жасақтауда рөлі зор болғанын айтады бірқатар сарапшы. Ал мұндай жағдайда Пәкістан генералының сапарының маңызы арта түсетіні сөзсіз. Одан соң қазақстандық сарбаздар Ауғанстанмен шекарада, Тәжікстанда ҰҚШҰ күштерінің әскери жаттығуына қатысты. Кейінірек Өзбекстанмен бірлескен жаттығу өткіздік. Яғни, қауіптің қай жақтан төнуі мүмкін екенін ескере отырып әрекет жасадық. Алайда әскери саладағы ынтымақтастық да саясатпен тікелей байланысты болатынын ұмытпаған абзал. Мәселен, біріккен жаттығудан кейін көп өтпей-ақ Өзбекстанмен одақтастық байланыстар құру туралы декларацияға қол қойылған еді. Ал былтыр Қарабақта соғыс қызып тұрған кезде Түркия қорғаныс министір Хулуси Акар да, Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу да Қазақстанға келген. Бірінен соң бірі. Қысқасы, соңғы кездері әскерилер тарататын әр кездесу, жаттығу, жаңа техника мен жабдықтар туралы ақпараттың астарында ел қауіпсіздігі үшін маңызды мәселелер жатыр. Шамасы, көпвекторлы бағыт ұстану арқылы Қазақстан әскери салада да тек біреуге жалтақтаудан құтылуды көздейтін сияқты. Әрі тәуелсіз ел ретінде ішкі-сыртқы саясатты дербес жүргізетінін де байқататын болса керек. Бір сөзбен айтқанда, көпвекторлы әскери ынтымақтастықтың іс жүзіндегі пайдасынан бөлек месседж сипаты да бар.