Қыс келсе, кей өңірде жылу болмай, жаураған жұрттың базынасын естиміз. Шыны сол, елімізде жылу-электр орталықтары, қазандықтардың барлығы дерлік тозған. Кей аймақта тозу көрсеткіші 90 пайызға жетіпті. Бюджеттен миллиардтаған қаржы бөліп, қазандық саламыз. Бірақ жаңасынан қайыр болмай тұр. Ал оның себебі тереңде жатыр. Жылу мен электрге байланысты саланың барлығы тоқырап біткен.
Павлодар тұрғындары дірдектеп отыр
Павлодар қаласынан 40 шақырым жерде Ақсу атты металлургтердің шағын шаһары бар. Мұнда тұрғын үйлер мен нысандардың барлығы соңғы жарты ғасырдан бері Ақсу ферроқорытпа зауыты арқылы жылытылады. Бірақ кәсіпорын желілерінің әбден тозығы жеткен. Үнемі апаттық жағдай. Желтоқсанның басында қазандықтар тағы да істен шығып, бүтін қаланың тұрғындары түгел жаурапты. Жалғыз кәсіпорынға тәуелді болмау үшін осыдан бес жыл бұрын әкімдікке қарасты дербес қазандық құрылысы басталған. Сол үшін 2016 жылы бюджеттен 6,3 миллиард теңге, 2017 жылы тағы 1,7 миллиард теңге бөлінген. Құрылыс материалдары қымбаттады деген желеумен сонда да қаржы жетпей қалып, жауаптылар тағы бюджеттің түбін қазады. Бас-аяғы жобаның жалпы құны 11 миллиард теңгеге жеткен. Қош, құрылыс толық аяқталған. Қуаттылығы 180 гигакалорийді құрайтын алты қазандық дайын тұр, бірақ жылу берілмей жатыр. Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов оның тек келесі жылы қолданысқа тапсырылатынын айтыпты. Себебі тарифке қатысты мәселе бар. Екі қазандықтан берілетін жылу тарифі екі түрлі. Жаңа қазандықты салуға көп қаржы жұмсалғандықтан, оның тарифтік бағасы ескісінен анағұрлым қымбат екен. Ал тұрғындар мен кәсіпкерлерге салмақ салмау үшін тиімді бағаны белгілеу қажет. Осы үшін 1 жыл шығын болмақ, ал 11 миллиард теңгенің қазандығы құр тұрады.
Ақсуды айтпағанның өзінде, Павлодар қаласы тұрғындарының да жылуға жарып отырғаны шамалы екен. Мұндағы екі бірдей шағынауданның жұртшылығы былтыр қыс бойы тоңған. Сол себепті №42 жылу магистралі салынған. «Ай – Су мелиорация» атты мердігер компания 8 айдың ішінде 4 шақырымдық құбыр тартыпты. Өңір қазынасынан 3 миллиард теңге шығындаған. Бұл жолы да жаңа магистраль іске қосылмаған. Сорғы стансасы орнатылмаған екен.
«Жылу құбырлары №1 жылу-электр орталығынан 30 метр төмен орналасқан, орталықтан берілетін жылу магистраль арқылы үйлерге дұрыс тарамайды. Оны реттеу үшін сорғы стансасын салу керек. Тиісті қондырғылар қарашаның басында ғана жеткізілді. Сол себепті оны қарашаның соңында ғана іске қосамыз», – деген Павлодар қаласының әкімі Асайын Байханов.
Шенеунік сөзінде тұрмады. Қараша өтті, сорғы стансасы әлі қосылмады. «Усолка» мен «Дачный» шағынаудандарының тұрғындары жылусыз отыр. 3 миллиард теңге бөліп, жаңа магистраль салынды, жылу маусымы басталды. Көмір мен жылу электр энергиясына бай Павлодар облысының халқы жаурап отыр. Жылу бермейтін болса, мол қаржы не үшін шығындалды?
Аймақтарда жағдай мәз емес
Жылуға жарымаған былай тұрсын, еліміздің жылу стансаларында апаттар жиі болады. «Қазақстанның жылу электр стансалары мен қазандықтардың жұмысы туралы» статистикаға қарасақ, 2020 жылы жылу энергиясы көздері мен жылу желілерінде 52 апат тіркелген. 2017 жылдың 1 қаңтарында Қарағанды облысындағы Шахан кентінде жылу қазандығы жарылып, бес қабатты үй қирады. Үйіндінің астында тоғыз адам, соның ішінде үш бала көз жұмды. Бірақ жауаптылар сол оқиғадан сабақ алмағандай. Өйткені Шахан жұртшылығы биыл қыста тағы да жылу көрмей, суықтан жаураған. Ал тұрғындар әкімнің жоғарыға «жалған» есеп беретінін айтып, шу шығарғанын да білеміз. Тексеріс кезінде кемшілік көп анықталған, әйткенмен басшылар жұртты кезекті рет «бәрін қатырамызбен» тыныштандырғанға ұқсайды.
Биыл қыста Теміртау қаласында бір емес, үш қазандық істен шығып, халық 30 градус аязда жылусыз қалып еді. Күн суытса жылусыз қалатын құбылысқа теміртаулықтардың бойы үйреніп бара жатқандай. Себебі жылу қазандықтары әбден ескірген, жылда жамап-жасқағанымен, апат қайталана береді. Ал жылу орталықтарына жауапты сол баяғы алпауыт «Арселор Миттал». Компанияның «жаңа қазандықтар саламыз» дегеніне алты жыл өткен. Алпауыт Теміртау билігі түгілі Үкімет деңгейінде де ескерту алды, бірақ әлі күнге дейін міз бақпай отыр. Жезқазғандықтар да кейде жылуға зәру. Себебі қазандық агрегаттарының 75 пайыздан астамы тозған. 2023 жылы мәселе аздап шешіледі деген дәме бар. Биыл жазда Kazakhmys Energy компаниясы төзімді тауысып жүріп, бір қазандықты ауыстыратынын хабарлады. Сол үшін 8 миллиард теңге шығын болмақ. Жалпы алғанда, бұл проблема бүгін-ертең шешімін таппайтын сыңайлы. Өйткені саланы елеусіз қалдырғанымыз айдан анық.
Сала толық тоқырады
2018 жылы мамырда сол кездегі Президенттің көмекшісі Әлихан Смайылов «Жылу энергетикасы туралы» жеке заң қабылдау туралы бастама көтерді, тіпті Үкіметке тапсырма берген. 4 айдан кейін Әлихан Асханұлы бас қаржыгер болып ауысты да, жоба іске аспай қалды. Таяуда елдің бас энергетигі Мағзұм Мырзағалиев осы жобаны қайта қолға алып жатқанын хабарлап, көңілге бір демеу болды. Өкініштісі сол, елдегі жылумен қамтитын жүйелер тозды, әлі де тозып жатыр.
Жылу-электр орталықтарының негізгі жабдықтарының тозуы ел бойынша орта есеппен 55,42 пайызға жеткен. Жамбыл облысында 89,3 пайыз. Жағдайды бағамдай беріңіз, жақсы деген көрсеткіш Атырау облысында – 37,2 пайыз. Нұр-Сұлтанның өзінде тозу деңгейі 34,6 пайызға барған. Жауапты мемлекеттік орган мамандарынан, сарапшылардан тұратын үкіметтік комиссия барлық өңірге сапарлап, «кешенді техникалық-экономикалық бағалау» жүргізген кезде саладағы жағдай ауыр екеніне көз жеткізген. Сарапшылар «Сектордың барлық кәсіпорнында білікті маман тапшылығы, қызметкерлердің орташа жасының өсуі байқалады. Технологиялық процесті басқарудың заманауи толыққанды жүйелері жоқ болып шықты. Жылу энергетикасы секторында қолданылатын техникалық стандарттар халықаралық практиканы ескере отырып, жаңартуды, заңнамалық шаралар қабылдауды талап етеді. Жылу энергетикасы секторы инвесторлар үшін де, мамандық таңдайтын жастарға да қызық емес», – деген қорытындыға келген.
Республикадағы жылу желілері 30-50 жыл бұрын салынған. Яғни, бәрі ескі. Тағы бір қызық, Қазақстанда қазандықтан шыққан жылудың шамамен 28 пайызы тұтынушыға жетпей, жолай құбырларда жоғалады. Ал Финляндияда жылу энергиясы шығынының бұл көрсеткіші 8 пайыз ғана. Сараптамалық деректерге жүгінсек, Қазақстанда ғимараттардың жылу энергиясын шығындауы жылына 1 шаршы метрге 240 кВт*сағат. Бұл көрсеткіш Швецияда – 82, Германияда – 120, Францияда – 126. Демек, саладан бір оңған тұсты аңғармайсыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2060 жылға қарай көміртегіден толық арылу міндетін қойғанын білеміз. Энергетика ведомствосының мәліметінше, заңнама жылу энергетикасы саласында зиянды шығарындыны азайтатын, жылу ысырабын төмендететін және басқа инновацияларды енгізуді көздейтін жобаларға ешқандай ынталандыру, қолдау шараларын қарастырмайды. Сонда карбонизация деңгейін қалай нөлге түсіреміз? Еліміздегі жалпы қуаттың 70 пайызы көмірден алынады. Жылу энергетикасы саласына инновациялар енгізу жайын қарастырмай, міндетті орындауымыз неғайбіл.