2021 жыл: өмірден озған нар тұлғалар
©А.Ахметқазы
Биылғы жыл тарих қойнауына қалып, жаңа жылдың келуіне санаулы күн ғана қалды. Осындайда өткен күндерді ой елегінен өткіземіз. Неге жеттік, неден айырылдық? Тапқанымыздан гөрі, жоғалтқан дүниеміз көп көрінеді. Мәдениет, әдебиет, өнер мен руханиятта өз орны бар біраз тұлғаларымыздан көз жазып қалдық. Көзден кеткенімен жадымызда мәңгі қалған зиялыларды еске алып, олардың атқарған шаруасын тізіп көрейікші.
[caption id="attachment_176406" align="alignnone" width="1200"] ©tengrinews.kz[/caption]
Жыл басында елге Тайлақ есімімен танылған актер Әлімғазы Райымбеков 86 жасқа қараған шағында өмірден озды. Алматы облысында дүниеге келген актер еңбек жолын ауылда жүргізуші болып бастаған. 1968 жылы қазақ киносының алтын қорынан ойып тұрып орын алған «Тақиялы періште» кинофильміндегі Тайлақтың рөлін сомдайды. Оның фильмографиясында «Қан мен тер», «Ән қанаттары», «Асуда», «Көк маршрут» сияқты 10-нан аса танымал картина бар.
[caption id="attachment_176408" align="alignnone" width="1200"] ©mail.kz[/caption]
Танымал журналист, қазақ телевизиясының ардагері Нұртілеу Иманғалиұлы нан да айырылдық. Марқұм 70 жасқа қараған шағында өмірден өтті. 45 жыл қазақ телевизиясында еңбек еткен арда азамат тілші, редактор, аға редактор, комментатор, бас редактор, саяси шолушы секілді түрлі қызметті де атқарған еді.
Марқұм Нұртілеу Иманғалиұлы «Жадыңда ма, жолдас», «Бетпе-бет», «Қолтаңба», «Nur-Tiley» секілді түрлі авторлық бағдарламаларымен көрермен есінде қалды.
[caption id="attachment_176410" align="alignnone" width="1200"] ©massaget.kz[/caption]
Сәуір айының басында дарабоз жазушы Қабдеш Жұмаділов 85 жасында өмірден өтті. Шыңжаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Малдыбай ауылында дүниеге келген ол, 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келген. Әдебиетіміздегі майталман жазушының қаламынан осы күнде 10 роман, 20-ға жуық повесть пен 70-тен астам әңгіме туды.
[caption id="attachment_176411" align="alignnone" width="1200"] ©mail.kz[/caption]
Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрының актрисасы, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Ғазиза Әбдінабиева 72 жасында дүниеден озды. Актриса Қазақ Ұлттық консерваторияның 4-курсын оқып жүріп, Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында жұмысқа орналасқан. Сол өнер ордасында 25 жылдай еңбек етті. Сонымен қатар актриса 20-ға жуық фильмде ойнаған. Әсіресе, «Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Біржан сал», «Кемпір» сияқты фильмдердегі рөлдерімен көрерменнің жүрегін жаулап алған.
[caption id="attachment_176412" align="alignnone" width="1200"] ©baribar.kz[/caption]
Үш тілді қатар меңгерген политолог, қайраткер, қазақтың дара ақындарының бірі Есенғали Раушанов та өмірден өтті. Оның туған жері – Қарақалпақстанның Хожелы қаласы. Ол еңбек жолын Өзбекстанның Жызақ облысы, Мырзашөл ауданындағы «Достық» газетінде әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі болып бастаған. Кейіннен бірқатар басылымдарда түрлі қызметтерді атқарды. Ал өмірінің соңғы жылдары Жазушылар одағында басшылық қызмет атқарған.
[caption id="attachment_176414" align="alignnone" width="1200"] ©tengrinews.kz[/caption]
Ал ақын Шөмішбай Сариев 75 жасына қараған шағында ауруханада қайтыс болған. Ол көзі тірісінде «Ақындық деген ерекше құбылыс, тәңірдің берген сыйы» деп санайтын. Содан болар, шығармашылықтан алыстаған емес. Оның алғашқы жыр жинағы «Балдәурен» деген атпен 1974 жылы шыққан болатын. Міне, содан бері қазақ, орыс тілдерінде 15 шақты кітабы жарық көріпті.
[caption id="attachment_176416" align="alignnone" width="1200"] ©massaget.kz[/caption]
Есімі Елтаңбаға жазылған тұлға – Шот-Аман Уәлиханов. Сәулетші Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлихановтың еңбегі елтаңбаның 245 сурет жобасы мен 67 кескіндеме арасынан топ жарып шыққан. Міне, сол нұсқа еліміздің Елтаңбасы болып бекітілді.
88 жасында дүниеден өткен ғалым Кенесары Қасымұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Бөгенбай батырдың, Абай мен Шәкәрімнің, Шоқан Уәлиханов, Дина Нұрпейісова, Талғат Бигелдинов, Жұмағали Саин, Тахауи Ахтанов, Əбу Сəрсенбаев, Дінмұхамед Қонаев секілді туындылардың авторы.
[caption id="attachment_176417" align="alignnone" width="1200"] ©nur.kz[/caption]
Қазақтың біртуар талантты азаматы Ескендір Хасанғалиев осы жылы өмірден озды. Марқұм алғаш «Анаға сәлем» әнімен елге танылды. 60 жылдың ішінде 200-ге жуық ән, романс, фильм мен музыкалық қойылымдарға әуен де жазды.
[caption id="attachment_176420" align="alignnone" width="1200"] ©khabar.kz[/caption]
95 жасында филология ғылымдарының докторы, әдебиеттанушы ғалым, академик Серік Қирабаев та дүниеден өтті. 30 жыл бойы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында түрлі қызмет атқарып, институт ректорының оқу ісі бойынша орынбасары да болды. Оның әрбір ғылыми мақаласы әдебиетіміздегі өзекті мәселерді көтеріп, қозғау салды.
[caption id="attachment_176421" align="alignnone" width="1200"] ©stan.kz[/caption]
Сонымен бірге еліміздің бұрынғы бас мүфтиі Әбсаттар қажы Дербісәлі де биыл қайтыс болды. Ол бас мүфти болып тағайындалғанымен ғылым жолынан алыстамаған. Әдебиет зерттеушісі ретінде Әл-Фарабиді зерттеген болатын.
[caption id="attachment_176422" align="alignnone" width="1200"] ©yandex.kz[/caption]
Талантты қос режиссердің қазасы халыққа ауыр тиді. Олар – драматург, қоғам қайраткері Болат Атабаев пен қазақ киносының мэтрі Сатыбалды Нарымбетов. Естеріңізде болса, бұған дейін Болат Атабаевтың туыстары оның ауыр хәлде жатқанын хабарлады. Режиссер ол кезде Германияның Мюнхен қаласындағы клиникада жатқан болатын.
[caption id="attachment_176423" align="alignnone" width="1200"] ©ru.sputnik.kz[/caption]